Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскердегі әлімжеттіке тоқтам керек

Әскердегі әлімжеттіке тоқтам керек

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталғалы 1 жарым ай уақыт өтті. Десе де енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан әскеріміздің абыройына тағы да дақ түсті. Сол себепті болар әскерге баласын жіберуге ата-аналар қарсылық танытып отыр.
Ашып айтар болсақ, осыдан бір жарым ай бұрын Жамбылдағы ҰҚК Шекара қызметінің «Андас батыр» бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қызылордалық сарбаз ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын. Міне содан бері 40 күн бойы іздеу шаралары жүргізіліп, ақыры сарбаз Қырғыз жерінен шықты. Алайда сарбаз үйіне әскери әскери киіммен емес, кебінмен оралды. Құзырлы органдар «сарбаздың денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ», деп жауапкершіліктен жалтарса, сарбаздың әкесі бұл сөздерге мүлде сенбейді. Айтуларынша ұлдарын әлде кімдер байқамай өлтіріп алып, қылмысты өз-өзіне қол жұмсады деп жаба салмақшы. Расында сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауға ниеті болса, шекара асып Қырғыз жерінде жан тәсілім етуі мүмкін бе? Осыдан кейін қай ата-ана дені сау баласын тәуекел етіп әскер қатарына жібермек? Бұл бассыздықтарға тоқтам болмаса, қарулы күштердің қатары жігерлі жастармен толыға қоюы екі талай.
Ал бірақ Қорғаныс министрлігіндегілер әскерден жалтарғанда қолданылатын жазаның қандай екендігін айтып әлек.
Олардың айтуынша, алдымен 18-ден 27 жасқа дейінгі әскерге шақыру жасындағы жасөспірімдер шақырту қағазы және sms-хабарламалар жіберу арқылы медициналық тексеруден өтуге келу қажеттігі туралы мәлімделеді. «Егер әскерге шақырылушы бірнеше рет хабарлағаннан кейін жинау пунктіне келмесе, онда жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп жалтарушының тұратын және жұмыс істейтін жеріне барады.
Шақыру медициналық комиссияның нәтижелері бойынша шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге жарамдылық дәрежесі айқындалады. Егер жас жігіт жарамсыз деп танылса, онда сол күні ол жинау пунктінен үйіне қайтады. Егер әскерге шақырылушы қосымша тексеруді қажет етсе, онда ол медициналық мекемелерге жіберіледі», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
«Сонымен қатар шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралатынын естеріңізге саламыз. Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға алып келеді», дейді министрліктегілер.

Рамазан ӘНӘПИЯ
15 сәуір 2022 ж. 465 0