Береке елде болмайды, елді баққан ерде болады
«Егер кімде кім рақымшылық сезімді қолдаса, онда атасы мен анасын құрметтеп, мемлекет басшысының айтқаны заң болса, басқаларға сөзімен шыншылдықты көрсетсе, ондай адамды сауатсыз болса да ғалым дер едім. Қазір ата-анаға балаларының қайырымды болуы, оларды тек асырау деп түсінсе, бұл кемістік. Малды да асырайды. Дұрысы оларды қамқорлыққа алу» – дейді Конфуций ілімі. Бұл көршілес аспан асты елінің ұстанымы.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Қытай әлемдегі ең іргелі алпауыт ел екені белгілі. Қазір мыңжылдықтарға ұласқан тарихы, миллиардтан астам халқы бар алып көршіміз – Қытайдың дәурені жүріп тұр. Аспанасты елі бүгінде жер жаһанды, аузына қаратты. Діні мен ділі бөлек 56 ұлттың бірін де алаламай асырап бағуда. Төрт автономиялық аймақты біртұтас елдің бөлінбес бөлігі етіп ұстап отыр. Қытайлар бүгінде жаһанға жайылды. Түрлі себептермен шетел асып, сонда тұрақтап қалып жатқандары да жетерлік. Бірақ қаншалықты жырақта жүрсе де аспанасты жұрты баласының бүйрегі отанына бұрып тұрады. Ел ішіндегі Қытай шетелдікпен тілдесе қалса, «уомынды Жунгуо» (Біздің Қытай) деп көкірегін ұрып сөйлейді. Бұл елдің тұрғындары үшін әлемде Қытайдан асқан мемлекет жоқ. Мұның сыры неде?
Сәл жымиып, иіліп сәлемдесетін Қытай халқының мәдениеті, адамгершілік қасиеті, салт-дәстүрі, басшысына бағына білуі сүйекке сіңген тәрбие. Ал, оның бастауы Конфуциий ілімінде жатыр. Бүгінде дамуы жөнінен адымдап алға шыққан Қытайды алпауыт АҚШ та, Жапония да, Англия да, Франция мен Ресей де мойындайды. Бұлардың қай-қайсысы да әлемдік
геосаясат пен геоэкономикада Қытайдың пікір-көзқарасымен санасуға мәжбүр. Көрші елдегі ірі компаниялармен қоян-қолтық араласып, жұмыс жасауды біз де қолға алып келеміз. Сондықтан, Қытай еліне үрки қарап, мәдениетін танып білуден қашпағанымыз абзал.
Қытай халқы секілді қазақтарда басшысына сенім артып, ақсақалдардың бір ауыз сөзіне тоқтап, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтегені сонау тарихтан белгілі. Айтпағымыз бұл емес. Жоғарыда айтып өткенімдей қытайлықтардың кез келген сыртта жүрген имиграциясы, диаспорасы туған жеріне деген сүйіспеншілігін, отанына көмек қолын созу арқылы көрсетіп отыратын асыл қасиеттері бар. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Тек, әлеуметтік «Фейсбук», «В контакте», «Ватцап» желілерін ашсаңыз да жеткілікті. Осы орайда сөзімізге тұздық болар бір оқиғаны айта өтейік.
Қытай елінің шағын ғана Сюнкэн ауылында кедей отбасында дүниеге келген Сюн Шуихуа үлкен қалаға көшіп баруды армандайды. Жастайынан жоқшылықтың зардабын тартып, асқа жарымаған сәттерінде көрші-қолаң көмек қолын созғаны бар. Арманын ақиқатқа айналдыру үшін шағын құрылыс компаниясынан жұмыс бастаған ол мол табысқа кенеле бастайды. Үлкен қаладағы қарапайым ісі ірі саудалармен айналысуға жол ашады. Ісі өрге домалап миллионер атанады. 5 жыл өткен соң туған жеріне оралған Сюн Шуихуаның ісі көпшілікті таңқалдырды. «Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» деген өсиетті ұстанған қытайлық азамат өзі туып өскен ауылындағы үйлерді сүріп, бұрынғы жерлестеріне зәулім үй мен сарай салып берген. Ең бастысы, үйдің кілтін тегін табыстаған. Балалық шағында көп таршылық көрген миллионер қол ұшын берген ауылдастарына алғысын осылай білдіргісі келіпті. Сюн Шуихуаның жобасының арқасында Оңтүстік Қытайдың Ксинью атты елді мекенінің келбеті өзгерді. Айрықша жайлы жаңа пәтерлерге 72 жанұяны орналастырған. Ал, өзіне көп көмек берген 18 отбасыға, миллионер, сәні мен салтанаты жарасқан сарай салып берген. Тағы бір айта кететін жағдай, қарт адамдар мен тұрмысы нашар жандарға үш мезгіл тегін тамақ беруді де Сюн өз мойнына алыпты. Осыған дейін елді мекеннің жолдары өте лас болғандықтан, жаңа жол да салып береді. Бұл жобаны қолға алған соң ауылды көгалдандыру мақсатында көшеттер отырғызылып, мүсіндер қойылып, балалар ойнайтын алаң мен мәдени орталық салынған. Ескі ауылды адам танымастай өзгертіп, қайта салып шығу үшін 6 миллион АҚШ долларын жұмсаған екен. Сондағы Сюн Шуихуа қиын-қыстау күндерде ауыртпашылықты еңсеруге септігін тигізген көршілерінің жақсылығына жауап қатқысы келгенін, миллиондап тапқан қаржысын туған жеріне жұмсауды көздегенін жеткізгенін естіген жұрт аңыз қылып айта бастайды. Міне, нағыз жомарт жанның жасаған жақсылығы. 54 жасқа келген миллионер Сюн Шуихуа өзінің өсу жолында демеу болған ауылын ұмытпайтындығын, туған елі алдындағы парызын адал атқаратынын осылай дәлелдеді.
Осы оқиға желісін оқыған сәтте ойымызға Қамбар батыр сап ете қалды. Он сан үйлі оят, қырық сан үйлі қият, алпыс үйлі арғын, жетпіс үйлі жебір, тоқсан үйлі тобырды асыраған бейне бір Қамбар батыр сынды қытайлық азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін аңғардық. Біздің дініміз бен діліміз, салт-дәстүріміз бар. Жылдық табысы миллионға жететін кәсіпкерлер мен қызметкерлер де бар. Бірақ, жиып-тергенін туған жеріне қимайтын сараңдау кемшін тұсымыз неге белең беруде. Біреу тапсырып, жөн сілтемесе өздігімізден іс жасауға талаптанбайтын болып барамыз. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында біршама нысандар салынып, ауылдарда оң өзгерістер орын алғанын газетіміздің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Тіпті, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылған түрлі жұмыстың басы-қасынан табылған азаматтарды жомарт жандар қатарына енгізіп те келеміз. Алайда, үкімет сатып алатын ғимаратты салу мен жомарттықтың жөні екі бөлек екенін бек түсінуіміз керек-ақ. Жоғарыда аталған Қытай азаматы Сюн Шуихуаны мысалға алуымыз да жәй емес. Біздің мырзалық, атымтайлықтың ауылы мешіт соғудан әріге асар емес. Сауапты іс жасау деген ұғымды тар шеңберге сыйғызып қойған санамызға жолды жөндеу, көпір салу, туған жерді көркейту сынды дүниелерді енгізбейінше революция дәуіріне қадам басуымыз қиын болмақ.
Түйін: Әңгіменің әлқиссасын Қытайдан бастағанымызбен өзекті тұсын Қамбар батырмен ұштастыруымыз бекер емес. Әрине, қытайлық азаматты Қамбар батырмен теңестіруден аулақпыз. Сән мен салтанаттан, байлық пен мансаптан тоқсан үйлі тобырды асырау үшін бас тартқан батырдың соңында бәріне де қолы жеткенін айтпақпыз. «Қамбар батыр» жырының Маясар Жапақов нұсқасындағы соңғы қатарында Аюке ханның қазақ жігітіне айтқаны бар:
– Оу, жігіттер, көрдіңдер ме?
Береке елде болмайды, елді баққан ерде болады. Сондықтан, сендер де осындай ел болыңдар. Халық үшін қайрат қылған жанды, Алла өзі қажытпайды, – деп қорытындылайды. Ендеше, біз де осымен ойымызды түйіндедік.