Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарамазан айтайықшы жарысып

Жарамазан айтайықшы жарысып

Бүкiл мұсылман жұрты үшiн ең ұлық ай болып есептелетiн рамазанның басталғанына да бiршама уақыт өттi. Рамазан болса – он екі айдың сұлтаны, ораза айы. Ал, оразаның не екенi, оның қайдан пайда болып, нендей себепке байланысты шыққаны мұсылмандыққа бет бұрған кез келген адамға белгiлi. Оған қоса, тек бұл айда ғана орындалатын дiни рәсiмдердiң барлығы да сол мұсылман жамағатына жақсы таныс. Сондықтан, оларды рет-ретiмен атап отыру да орынсыз. Десек те, бұрын осы ораза кезiнде орындалатын көп ғұрыптардың бірі – жарамазанды айтатын жандар азайып бара жатқан сыңайлы...
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», деп хакім Абай айтқандай, жалпы, қазақтың болмысын, дүниетанымын қара өлеңсіз елестету қиын. «Бесік жырынан» бас­тап «Жоқтауға» дейінгі аралықты қамтитын тіршіліктегі толғаулар, салт-дәстүр негізіндегі өлең-жырлар – бәрі де халықтың рухани игілігі. Мәселен, қазақ топырағында ертеден қасиетті Рамазан ­айын­да жарамазан айту дәстүрінің болғаны бәрімізге белгілі. Бірақ сол бір өлең түрі буын алмасып, уақыт алға жылжыған сайын кенже қалуда.
Рамазан айы енген сәттен көрші-қолаңды аралап, жарамазан айту дәстүрі басталатын. Көше бойлай тақпақтатып, әндетіп айқайлаған балалардың дауысы күн батып, қас қарайған сәтте әзер басылатын. Тамағымыз қарлығып, табан тоздырып шаршағанымызды да жомарт үй иесінің тарқатқан тәттілерінен кейін ұмытып кететінбіз. Мейіз, өрік, құрт кейде тиын-тебен ұстатып жібереді. Бұл әрине жоқшылықтан қайыр сұрап, тілену емес, керемет сәттердің тәтті кезеңдері болып есте сақталып қалды. Себебі, бүгінгі қасиетті мереке қарсаңында есік қағып, жарамазан айтқан балалардың қарасы әлі көрінбейді. Кейде елеңдеп есік алдына шығып қарайлап та қоямыз. Қалағанына әп-сәтте қол жеткізіп, интернетке байланған баланың үйден шығып, жарамазан айтуы мүмкін бе өзі деп те ойланамыз арасында...
Ауыл балалары жиылып алып, үй-үйді аралап шығады. Онда тілекке, әзілге құрылған өлең жолдарын үйдегі үлкен ата-әжелеріміз бен көкелеріміз жаттатқызып қоятын. Есік алдында айқайлаған дауысымызды естіген үй иесі құр қол шықпайды. Алдымен, жарамазанды қайта айтқызып, «кімнің баласы боласың, руың қандай?» деген сауалдардың астына алады. Содан соң барып, қолындағысын бәрімізге теңдей бөліп береді. Оның өзі бауырмалдыққа, достыққа тәрбиелеудің бір жолы сынды. Кейде бірімізге жетпей қалса, екіншіміз қолымыздағыны бөліп береміз.
Жарамазан жырының түрлі нұсқалары бар. Әркім қалауынша өзгертіп те айтып жүр. Ал, техника дамыған бүгінгі күнде әнін жаздырып, құжат тасымалдағышпен музыкалық аспаптарға жүктеп, жарамазан әнін әдемілеп жеткізіп жүргендерді де байқадық. Мысалы, әлеуметтік желіде Нұр-Мұқасан тобының «Құдаша қыз» әніне салып, жарамазанның жаңа нұсқасын орындаған қызды айтуға болады.
Жарамазан – қазақ ауыз әдебие­тіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол, ораза ұсталатын рамазан айында ғана орындалады. Жарамазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді. Баяғы кезде жарамазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы болып айтылған болса, ал, қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан-жылға ­молаю­да. Сондықтан, ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра болып жеткен жарамазан жырын қайтадан жаңғыртып, оны жаңаша реңкпен де айтуға болады. Тек, ұмытылып кетпесе игі. Бұл да бір асыл дінге деген алғаусыз құрметтің нышаны емес пе?
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, ғасырлар бойы жасап келе жатқан жарамазан айтуды дәстүрдің тозығына жатқызуға болмайды. Мұның әрине бір нәпақа, пайда табу үшін айтылмайтыны белгілі. Үй иесінің ризалығымен берілген нәрсенің бәрі де сыйлық. Әрі бұл адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен мейірімін оятатын амал. Бірақ бір өкініштісі, қазірде ауылдасының үйіне жарамазан айтпақ түгілі, көп адамдардың туысының шаңырағына да баруы қиындап қалған. Ауылдағы көршілердің де бұрынғыдай бір-бірімен араласып, аяқ-табағы ортақ болып жатқанын көру қиын. Әлбетте біздер қоғамдағы кез келген көріністі заманға тели салуға бейім тұрамыз. «Заманның ағымы ғой» дейміз. Бірақ көп ретте өз ішімізге үңіліп, болмысымызды зерттеп, рухымызды қуаттап жүрген жоқпыз...

Айбек Асанов
08 сәуір 2022 ж. 329 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930