Жарамазан айтамыз ватцабыңа
Адамнан айла артылған ба? Ел ішінде жұқпалы індет тарағалы тіршілік біткеннің барлығы дерлік онлайн форматқа түрлене түсті. Сандық жүйеден сескеніп жүргенімізде індет келіп өмірімізді интернетпен жіпсіз байлап қойғаны. Құжаттарды онлайн аласыз, төлемдер де дәл солай. Сауданы да онлайн тапсырыспен жасайсыз. Ең қызығы қасиетті Рамазан айында жарамазанды да онлайн айтып, әлеуметтік желілермен таратуға болады. Береріңіз болса, Каспий голд деген тасымалдаушымыз бар.
Бүкiл мұсылман жұрты үшiн ең ұлық ай болып есептелетiн Рамазанның басталғанына да бiршама уақыт өттi. Рамазан болса – он екі айдың сұлтаны, ораза айы. Ал, оразаның не екенi, оның қайдан пайда болып, нендей себепке байланысты шыққаны мұсылмандыққа бет бұрған кез келген адамға белгiлi. Оған қоса, тек бұл айда ғана орындалатын дiни рәсiмдердiң барлығы да сол мұсылман жамағатына жақсы таныс. Сондықтан, оларды рет-ретiмен атап отыру да орынсыз. Десек те, бұрын осы ораза кезiнде орындалатын көп ғұрыптардың бірі – жарамазанды айтып жүрген жандарды кезіктіру қиын.
Бұрындары Рамазан айы енген сәттен көрші-қолаңды аралап, жарамазан айту дәстүрі басталатын. Көше бойлай тақпақтатып, әндетіп айқайлаған балалардың дауысы күн батып, қас қарайған сәтте әзер басылатын. Тамағымыз қарлығып, табан тоздырып шаршағанымызды да жомарт үй иесінің тарқатқан тәттілерінен кейін ұмытып кететінбіз. Мейіз, өрік, құрт кейде тиын-тебен ұстатып жібереді. Бұл әрине жоқшылықтан қайыр сұрап, тілену емес, керемет сәттердің тәтті кезеңдері болып есте сақталып қалды. Себебі, бүгінгі қасиетті мереке қарсаңында есік қағып, жарамазан айтқан балалардың қарасы әлі көрінбейді. Кейде елеңдеп есік алдына шығып қарайлап та қоямыз. Бар кінәрат коронавирус індетінен шығар деп те жорыдық. Қалағанына әп сәтте қол жеткізіп, интернетке байланған баланың үйден шығып, жарамазан айтуы мүмкін ба өзі деп те ойланамыз арасында...
Осы сәтте смартфонның сыңғыр үні шыға қойды. Ашып қарасақ, «жарамазан айтамын ватцабыңа» деген жолдары бар өлең келіп тұр. Біршама уақытта көптеген достардан келген жарамазанның жаңа түріне жымиып та алдық. Жарамазан жырының түрлі нұсқалары бар. Әркім қалауынша өзгертіп те айтып жүр. Ал, техника дамыған бүгінгі күнде әнін жаздырып, құжат тасымалдағышпен музыкалық аспаптарға жүктеп, Жарамазан әнін әдемілеп жеткізіп жүргендерді де байқадық. Мысалы, әлеуметтік желіде Нұр-Мұқасан тобының «Құдаша қыз» әніне салып, жарамазанның жаңа нұсқасын орындаған қызды айтуға болады.
Сондай-ақ, ауыл балаларының басын біріктіретін де жарамазан еді. Онда тілекке, әзілге құрылған өлең жолдарын үйдегі үлкен ата-әжелеріміз бен көкелеріміз жаттатқызып қоятын. Есік алдында айқайлаған дауысымызды естіген үй иесі құр қол шықпайды. Алдымен, жарамазанды қайта айтқызып, кімнің баласы боласың, руың қандай? деген сауалдардың астына алады. Содан соң барып, қолындағысын бәрімізге теңдей бөліп береді. Оның өзі бауырмалдыққа, достыққа үйретудің бір жолы сынды. Кейде бірімізге жетпей қалса, екіншіміз қолымыздағыны бөліп береміз. Осындай қасиетті, иманның шарттары, исламның парыздарын өлеңмен өрнектеп, уағыз-насихат айтатын рамазан айында әлеуметтік желілерде көпшілікті разы қылған екі әженің бұрындары базарда айтқан жарамазан әні де таңдай қақтырған еді. Бірі домбырамен сүйемелдесе, енді бірі әндете жөнеледі. Бейне бір жарамазан айтуды ұмытып кетпедіңдер ма дегендей, оюлы қамзолын киген әжелердің бұл ісі елді сүйсіндірді.
Жарамазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол, ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарамазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді. Баяғы кезде жарамазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда. Сондықтан, ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен жарамазан жырын қайтадан жаңғыртып, оны жаңаша реңкпен де айтуға болады. Тек, ұмытылып кетпесе игі. Бұл да бір асыл дінге деген алғаусыз құрметтің нышаны емес пе?
Г.ДҮЙСЕБАЙ