Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ БЕРУ БИЗНЕС ПЕ?

БІЛІМ БЕРУ БИЗНЕС ПЕ?


Елбасы «Мұғалім мен дәрігер қағазбас­тылықты қойсын. Мұғалім баланы оқытсын, дәрігер ауруды емдесін» деген еді. Іле-шала Білім және ғылым министрі мұғалімдерді артық қағазбастылықтан арылтуға тапсырма берді. Бұған дейін мұғалімдер күні-түні бас алмай толтырып келген құшақ-құшақ құжаттың бәрі электронды форматқа ауыстырылатынын айтты.
Үкіметтің білім саласын ци­фрлан­дыруға қатысты жиынында министр Ерлан Сағадиев «Біз электрондық журналды қағаз есепке теңестірдік. Егер мектеп электрондық жүйеге және кеңжо­лақты интернетке қосылған бол­са, мектеп журналын тек элек­тронды нұсқада жүргізу керек. Оны қайталап тағы қағаз түрінде толтыру қажет емес және оған тыйым салынды. Тиісті бұйрық қабылданды» деп мәлімдеді. Сондай-ақ министр мектеп мұғалім­деріне ең қажетті құ­жат­тар бекітілгеніне де баса назар аударды. «Бұдан былай тек 5 құжатты толтырады. Элек­тронды жүйеге қосылған болса, барлығын электронды түрде жүргізуге мүмкіндігі бар. Осыған байланысты да бұйрық бар. Алдағы уақытта мұғалімдер міндетіне жатпайтын жұмыстарды істемеуі үшін, барлық деңгейдегі басшылар аталған мәселені өз бақылауында ұстауы керек» деген болатын. Білім беру саласындағы негізгі олқылық: сапасыз оқу­­лық, кадр жетіспеушілігі, мұғалім­нің жалақысының күнкөрісі­нен артылмайтындығы, мектептердегі ақша жинау мәсе­лесі күн тәртібінен түспей тұр. Мектеп­тердегі әлімжеттік, оқушылардың суицидке баруы оқиғалары да індетіп зерттелуі қажет.
Жалған диплом жарға жығады
Бірақ қоғамдық жұмыстан қолы босамайтын мұғалімдер мәселесі әлі де болса, біржола шешімін тапқан жоқ. Мәселен, Алматыда барлығы 963 білім беру мекемесі тіркелген. 701 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 65791 бала бар. Оның ішінде 180 мемлекеттік мекемеде – 41 907, 316 жекеменшік балабақшада – 17 527 бала тәрбиеленеді. Қала­дағы 205 жекеменшік шағын орталықтағы 6302 балаға 5961 педагог сабақ береді. Жалпы білім беру мекемесінің саны – 249, оның 202-сі – мемлекеттік, 47-сі – жекеменшік. Алматыдағы оқушылардың жалпы саны – 243 348. Оларды 15 185 педагог оқытады. Арнайы орта оқу орын­дарының саны – 87, оның ішінде 24 мемлекеттік оқу орнында 22 963 студент білім алады. 63 жекеменшік оқу орнында 41 865 студент оқиды. Білім беру мекемелерінің жұмысын жіті қадағалау үшін алты жылдан бері Алматы қа­ла­лық Білім саласындағы бақы­лау департаменті жұмыс істей­ді. Мекеменің мақсаты – білім берудің сапасын көтеру, лицен­зиялау талаптарын күшейту, мемлекеттік бағдардамалардың орындалуын қадағалау. Күні кеше өткен жылға есеп берген департамент басшысы Гүлнар Ермекбаева Алматыдағы мемле­кет­тік, жекеменшік білім беру меке­ме­лерінде бірқатар заң­сыз­­дық­тар анықталғанын жет­кізді. Арыз-шағымдардан соң жоспардан тыс тексерістер нәтиже­сін, Алматының педагог­та­ры біліктілік талаптарға қанша­лық­ты сай, аттестациядан өтпей қалған білім мекемелерінің жағ­дайы қандай, мектепке дейін­гі мекеме тәрбиешілерінің білім деңгейін айтты. Білім сапа­сын қадағалау мақсатында депар­та­мент өкілдері білім беру ұйым­дарында жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргіз­ген. Тексеру қорытындысы бойын­ша 11 әкімшілік іс қозғал­ған. Мысалы, Орталық Азия уни­вер­ситеті жанындағы Әлеу­меттік-гуманитарлық колледждің жұмысы уақытша тоқтатылған. Жалған дипломмен жұмыс істеу деректері анықталған. Қолдан құжат дайындап, саудалай­тындардың мәселесі қалалық ішкі істер бөлімінің мамандарына тапсырылған. Алматыда білім алғаны туралы дипломдар мен оның қосымшасының, аттестат­тардың, барлығы 12 құжаттың түпнұсқа екені дәлелденбеген. «Бізге шетелге шығатын азаматтар құжаттарын апостильдеуге, нақ­ты­лауға 12 құжат өткізді. Олар диплом, аттестат, канди­даттық және докторлық диссер­тацияларын тексертті. Оның ішінде 12 құжаттың түпнұсқасы табылмады. Былтыр – 12, биыл 5 құжат жалған болып шықты. Заңсыздықтарды жою үшін іс-қағаздар Ішкі істер департаментіне жолданды» деді департамент басшысы Гүлнар Ермекбаева.
Білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Ғайнат Сапаров «жалған дипломмен түпнұсқаны ажырату қиын емес» деген пікір айтты. «Тексеру нә­тижелері бойынша дипломдар түрлі себептермен түпнұсқа екені расталмауы мүмкін. Атап айтқанда, 1999-2000 жылдары мамандардың дипломды сатып алу оқиғалары көп кездесетін. Ол үшін оқу орындары кінәлі емес. Мәселен, Спорт және туризм академиясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нархоз, лингвистикалық гимназия берген деген құжаттар расталмады. Құжаттардың түпнұсқалығын жоғары оқу орындарына сұрау хат жіберу арқылы анықтадық. Оқу орындарының архивінде берілген дипломдардың мәліметі толық сақталады. Мұндай жағдайда архивте жойылып, жоғалып кетті ме, әлде оқу орындары жабылып қалды ма, соны да ескеру қажет. Жалған дипломдар түпнұсқамен сәйкес келмесе, құжатты саудала­ған адам жауапкершілікке тар­ты­лады. Сонымен қатар тексеру нәтижесінде мамандығы сәй­кес келмесе де, сабақ берген мұға­лім­дер кездесті. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі технологиядан дәріс беріп келген. Алдағы уақытта балабақша, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, мектеп, колледж, университеттегі заңсыздықтардың жолы түбегейлі жойылады» деді.
Көшірме реферат – оқушының уақытын ұрлау
Соңғы жылдары мемлекеттік мектептер бола тұра, жекемен­шік қосымша білім беретін орталық­тардың қатары көбейді. Басты себеп, қағазбастылықтан арыл­маған мұғалімнің білім беруге уақыты тапшы. Бұрын рефератты сту­дент­тер жазатын. Қазір мектеп оқу­шысы да реферат тапсырмаса, екілік баға алады. Оқушылардың сабақ оқитын алтын уақытын пайдасыз реферат жазу ұрлап жатыр. Күніне екі-үш пәннен рефератты интернеттен көшіріп апарады. Мәні мен ма­ғы­­насына үңілуге оқушыда уақыт жоқ. Қазір өз ойын жеткізе ала­тын оқушы азайды. Себебі, интер­неттен дайын дүниені көшіруге ма­шық­­танған оқушыдан реферат талап ететін – мектеп. Тек қана том-том рефераттарды таудай үйіп, мұғалім баға үшін қабылдап ала­­­ды. Реферат көшіретін оқу­шы –рефор­маның құрбаны. Бестік баға, ҰБТ-дан жоғары ұпай жинау үшін тест жауабын жаттағыш ұр­пақты өсіп келеді. Осыдан кейін ата-ана мектептегі білім деңгейіне көңілі толмайды. Амал­сыздан қаржы төлеп, баласын жекеменшік қосымша курстарда оқытуға мәжбүр. «Неліктен білім беру бизнеске айналды? Бұл мем­лекеттік мекемелердегі білім сапасының төмендігін көр­сете ме?» деген сауалымызға департамент басшысы тұшымды жауап бере алмады. «Бұдан былай педагогтар министрлік бекіткен мұғалімдер жүргізуі тиіс төрт-бес құжаттан басқа қағаз толтырмайды. Оның орнына сапалы білім береді. Біздің мекеме соны қадағалайды» деп қысқа қайырды. Нәтижесін уақыт көрсетер.
Құзыреті шектеулі департамент нені қадағалайды?
Қазір мұғалім көп. ҰБТ-дан төмен балл алған талапкер де мұғалім­нің оқуын таңдай салады. Бірақ дипломды мамандардың бәрінің бірдей қолынан ұстаз болу келмейді. Екі мұғалімнің бірі оқушымен тіл табыса алмайды. Алтын уақытын реформа ұрлаған ұстаздар қағазбастылықтың таса­сында мұғалім болып жүр. Ізденуге, жаңашылдыққа ұмтылуға уақыты жоқ. Себебі, ізденетін, жаңа технологияларды, көптілді меңгеретін уақытын білім саласындағы шексіз реформаларға арнап жатыр.
Білім саласын, сапасын қада­ғалайтын департаменттер көп-ақ. Бірақ соның барлығы бас біріктіріп, елдегі білім сапасының артуына ықпал ете алмай отыр. Мәселенің мәнісі – сапалы білімге қол жеткізу. Алматы қалалық Білім саласындағы бақылау де­партаменті басшысының ай­туынша, мекеме, негізінен, екі мемлекеттік қызмет түрін көр­се­теді. Бірі – лицензиялау, екіншісі – апостильдеу, яғни құжат­тардың (диплом, диплом қосымшасы, аттестат) түпнұсқалығын растау. Былтыр департамент лицензиялар беру, оны қайта рәсімдеу немесе лицензияға өтініштер беру туралы 448 өтінішті қараған. Оның өзінде құжаттарды қадағалау құқығы департаменттің құзырына был­тыр 20 мамырда берілген. 2017 жылдың 19 маусымынан бас­тап мемлекеттік қызметті ресми түрде жүргізе бастаған. Бү­гінгі күнге дейін 1212 құжат түпнұс­қамен сәйкестігі тексерілген. Білім саласындағы бақылау департаменті (дұрысы, Білім саласын бақылау департаменті болар? – ред.) құжаттардың сәй­кессіздігін қадағалаумен шек­телмек пе? Өйткені департамент басшысы мектептерді жайлаған жемқорлық мәселесіне жауап бере алмайтынын кесіп айтты. Қоғамдық ұйым сияқты депар­таменттердің саны көбейгеннен қандай пайда бар? Өйткені білім саласындағы келеңсіздіктерді ата-ана, мұғалім, оқушылардың арыз-өтініші бойынша құзыр­лы органдардың өкілдері анық­тап, заң шеңберінде тиісті жауапкершілікке тарта алады. Айыппұл төлетеді. Құқық қорғау органдарымен қатарласып қағаз жүзінде есеп бергеннен білім берудің сапасы артпасы анық. Аттестаттау, білім сапасына сырт­тай бақылау жүргізу тиімді ме? Білім саласындағы депар­таменттер арасында қағаз тасу әлі де жалғаса ма? Білім мәселесін сырттай бағаламай, іштей жан-жақты зерделейтін уақыт жетті.
 
Майра ЖАНЫСБАЙ
07 сәуір 2018 ж. 943 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930