Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕДИЦИНА САПАНЫ АРТТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

МЕДИЦИНА САПАНЫ АРТТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ


Үкімет денсаулық сақтау қыз­меткерлерінің жағдайын жақ­сартуға шаралар қабылдауы қажет. Бұл туралы Сенатта өткен «Үздік денсаулық сақтау ісі – дені сау ұлт» атты парламенттік тың­дау­­да палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Дүние­жүзілік денсаулық сақтау күні» қар­саңында ұйымдастырылған шараға сенаторлар, медициналық қауым­дас­тық өкілдері, Үкіметтегі жауапты тұлғалар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген палата спикері елімізді тұрақты дамытуға, халықтың жағдайын арттыруға ті­ке­лей әсер ететін бағыттардың бірі –денсаулық сақтау саласы екенін атап өтті.
– Елбасы биылғы Жолдауында сала алдындағы бірқатар нақты міндеттерді анықтады. Соған сәй­кес, сырқаттарды емдеуде қым­батқа түсетін стационарлық емге қа­ра­ғанда, негізінен аурудың алдын алуға бағытталған шараларға басымдылық берудің, дертті уақтылы анықтау мен емдеуді қамтамасыз ететін жаңа технологияларды ендірудің маңызы зор. Сонымен қатар те­гін медициналық көмектің жаңа моделін әзірлеу, медицина маман­да­рының сапасын көтеру және ден­саулық сақтау жүйесін цифрландыру кезек күттірмейтін мәселелердің қатарында, – деді Сенат басшысы.
Оның айтуынша, елімізде ден­саулық сақтау мәселелеріне үнемі ерекше мән беріліп келеді. Жет­кілікті заңнамалық база қалып­тас­тырылып, саланы қаржыландыру айтарлықтай артуда. Нәтижесінде, салада ілгерілеу бар: халықтың табиғи өсімі артып, ана мен бала өлімі азайды, бірқатар әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша сыр­қаттану деңгейі төмендеді. Дегенмен Қасым-Жомарт Кемелұлы әлі күн­ге шешімін таппаған бірқатар мәсе­лелер барына назар аудартты.
– Президент медициналық көмек көрсетудегі мемлекеттің міндеттемелерін қайта қарастыру қажеттігін бекер атап өткен жоқ. Мәселе – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің нақты сипатқа ие бола алмай отырғандығында. Тегін және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің ара-жігі айқын болмағандықтан, тұрғындар тарапынан қосымша төлем жасау жағдайлары орын алуда. Басқаша айтқанда, медицина саласында көрсетілетін ақылы қызметтердің көлемі біртіндеп артуда. Сондықтан медициналық көмектің қай түрінің ақылы және қай түрінің кепілдік берілген көмекке жататыны тұр­ғындар үшін айқын әрі түсінікті болуы керек, – деді ол.
Соңғы жылдары медицина­лық ұйымдар заманауи техноло­гия­лармен жабдықталуда. Бірақ спикердің байламынша, мұндай жабдықтарды қолдану тәсілін меңгерген кәсіби мамандар әлі де жетіспей отыр. Бұдан бөлек, «қымбат бағаға алынған техниканың қолданылмай тұрған жағдайлары жасырын емес».
– Медициналық қызметтің са­пасын арттыру медициналық ұйым­дарды материалдық-техникалық жабдықтаумен, оларға заманауи технологияларды енгізумен ғана шектелмейді. Бұл алдымен, дәрі­гер­лердің кәсіби деңгейі мен олар­дың тиісті дәрежеде ын­та­лан­дырылуына тікелей байла­нысты. Ендеше, медицина маман­дарын дайындаудың сапа­сы мен оларды тиісті жұмыс жағ­дайымен қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе. Медицина қызмет­керлерінің еңбекақыларын арттыру және ынталандырудың тиімді жүйесін қалыптастыру – күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі, – деді Қ.Тоқаев.
Ол Елбасының бес бастамасы медицина қызметкерлерінің де тұрмыс жағдайын жақсартарына сенім білдірді.
Сенаторларды елімізде меди­циналық жоғары оқу орындары жыл сайын 4 мыңнан астам маман даярлайтынына қарамастан, осы салада, әсіресе ауылда байқалып отырған маман тапшылығы алаң­датады. Олардың кәсіби дайын­дығының сапасы да сұрақ тудыруда. Медициналық ЖОО бітіруші түлектердің әрбір төртіншісі ғана таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуде. Сол себепті, Сенат төрағасы парламенттік тың­дау­да медициналық ЖОО-ларға қабыл­данатын студенттердің санына емес, оларды дайындаудың сапасына көбірек көңіл бөлуді ұсынды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов отандық фармкомпанияларды жүйелі қолдау шараларына тоқталды. 2017 жылы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 873 аталымын жеткізу үшін отандық тауар өндірушілермен 25 ұзақмерзімді шарт жасалыпты.
– 2009-2017 жылдар кезеңінде 1679 аталымды жеткізу бойынша 32 отандық өндірушімен 54 ұзақ­мерзімді шарт жасалды. Бұл ретте, қазақстандық өндірушілер жеткізген аталымдар саны 2 есе артты, – деді Елжан Біртанов.
Министрлік 29 санитариялық қағиданың күшін жойған. 6 қағида­­сы қайта қаралды. Бизнесті тексеру­дің саны 2 есе қысқарды, тексеруден 34,5 мың объекті босатылған.
Министрдің мәліметінше, өткен жыл қорытындысы бойынша денсаулықтың негізгі көрсеткіштері жақсарды: жалпы өлім-жітім 3 пайызға, ана өлімі 5,5 пайызға, нәресте өлімі 6,2 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 5,3 пайызға және туберкулезден болатын өлім-жітім 11,8 пайызға төмендеді. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 72 жасты құрады.
Е.Біртанов сондай-ақ Ел­ба­сының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту тапсырмасы бойынша «Халық денсаулығы және ден­сау­лық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа жобасын әзірлеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Жаңа кодекс «ұлт денсаулығын нығайту», «халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру», «медициналық технологияларды дамыту», «ауру­лардың профилактикасы, қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту», «дербестендірілген медицина», «цифрландыру және жасанды ин­теллект мәселелері» секілді міндеттерді шешуге бағытталады.
Парламенттік тыңдау қоры­тын­ды­сында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар түзіліп, құзырлы органдарға жол­данады.
 
Айхан ШӘРІП
07 сәуір 2018 ж. 1 020 0