Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТІНЕ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІ ТОЛА МА?

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТІНЕ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІ ТОЛА МА?


Президент Нұрсұльтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы 10 қаңтардағы  Қазақстан  халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алдына бірқатар міндеттер қойды.
«Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек.
Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек.
Онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет. Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс. Біз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізуіміз керек. Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады.
Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі.
Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет.
Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады.
Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін  айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек.
Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады», –деді Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында.
Расында салауатты өмір салтын қалыптастыру ең алдымен халықтың өзіне байланысты болса да, екіншіден, ол медицина саласы қызметкерлерінің үгіт-насихат жұмыстарына да қатысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан Елбасы әр Жолдауында медицина саласына үлкен міндет қойып отыратыны түсінікті. Бірақ дәрігерге барып қаралатын тұрғындар ақ халатты абзал жандардың қызметіне қалай қарайды? Сенім бар ма?
Жақында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты РЭДСО мекемесінің мамандары халық арасында сауалнама жүргізді. Нәтиже көңіл көншіте ме?
2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 2017 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарында халықтың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттану дәрежесін анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Осыған сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына халықтың қанағаттануын бағалау бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Сауалнамада амбулаториялық-емханалық көмек және стационарлық көмек көрсететін ұйымдардың қызметін бағалау бойынша сұрақтар көзделді. Сауалнама анонимділік сақтала отырып, ерікті негізде жүргізілді. Жалпы алғанда республика бойынша 211 526 адамнан сауалнама алынды,  оның ішінде ғылыми-зерттеу институттарын, ұлттық орталықтарды қоса алғанда, стационарларда – 32 882 респондент, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында –  178 644 респондент.  Жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы бойынша елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану көрсеткіші 54,4 пайызды ғана құрайды екен.
Көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен деңгейіне барынша жоғары жалпы қанағаттану деңгейі Қарағанды, Қостанай облыстарында және Астана қаласында байқалады. Батыс Қазақстан облысында және Алматы қаласында ең төменгі деңгейде. Сауалнаманың нәтижелері шұғыл және басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін халықтың қанағаттану деңгейін анықтауға және  қорытындысында өңірлердің медициналық ұйымдарындағы медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін және сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Әрине бұрынғыдай емес, халықтың өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асты. Ұзақ өмір сүретіндердің қатары да көбейіп келеді.Салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың саны да артты. Бірақ сауалнама нәтижесі көрсеткендей,  елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына халықтың қанағаттану көрсеткіші 54,4 пайызды ғана құрап отыр. Бұл әрине көңіл көтеретін көрсеткіш емес. Сондықтан Елбасының денсаулық сақтау саласына берпілген тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы керек деп ойлаймыз.
 
Еркін ҚАЛДАН
15 қаңтар 2018 ж. 1 874 0