Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр ғимарат бір тарих

Әр ғимарат бір тарих

Туған жер туралы толғану, оны қадірлеу, қастерлеу тек қазақ халқының бойында кездесетін қажет құбылыс. Туған жерін сағынбайтын аңсамайтын қазақ жоқ. Қазақтың ақиық ақыны Әбілда Тәжібаев: «Табаным қара жерге тисе, қара шалды іздеп (Ыбырай) барамын. Тізерлеп тұрып батаңды алған Әбілда ақын балаңмын», – деп жырлауы да, туған жерге деген сағыныштың бір парасындай.
Біз де туған жерге табанымыз тисе, аруақтарды риза қылып, жағалап, Құран бағыштағаннан кейін Шиелі кентіндегі орталық алаңға бет аламыз. Орталық алаңның орнында бұрын стадион болған. Стадионды жағалап, қайнағаға сәлем беріп иіліп тұрған келіншектей сүмбі талдар кенттің сұлулығын келтіріп тұратынын кейінгі ұрпақ біле бермейтін де шығар. Ал аға ұрпақтың есінде кешке қарай жастардың орталыққа ағылып, сол бақтың ішінде талай бозбаланың кербез сұлуына гүл ұсынғаны мәңгі есінде қалған болар, ал есінде қалмағаны осы жазбаны оқығанда жастықтарын еске алар.
Қазір орталық алаңға келгенде Мұстафа Шоқайдың ескерткіші мен мұндалап тұрғандай. Құран бағыштап орныңнан тұрғанда алдыңнан аудан әкімдігінің ғимараты көзге түседі. Бұл ғимараттың да аға ұрпақ үшін орны ерекше. Біздің өміріміздің ширек ғасыры осы ғимаратпен тығыз байланысты. Есебін тауып күніне бір келіп кететінбіз. Ғимарат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов ағамыздың басшылығымен салынған. Оның ауданға сіңірген еңбегін аудан тарихында бағаланып, кент орталығындағы №270 мектебіне есімі берілді. Орталық алаңның оң жағында қасқайып Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйі тұр. Бұл ғимараттың да өзіндік тарихы бар. Мәдениет үйі 1960 жылдарды өртке оранған болатын. Біз қасындағы мектепте оқимыз. Өртеніп жатқанда жанына жақындау мүмкін болмады. Қызыл жалын әп-сәтте бір ғимаратты күлге айналдырды. Бірақ көп ұзамай мәдениет үйінің құрылысы қайта жандана бастады. Сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Қонысбек Қазантаев ағамыз аудандағы бүкіл колхоз, совхоз мекемелерді түгел жұмылдырып, асарлатып ғимаратты қалпына қайта келтірді. Осы сәтте ойымызда мәдениет үйін қайта салдыруға еңбегі сіңген адамның есімі берілмей, неліктен Бұдабай есімі берілді деген заңды сұрақ тұруы мүмкін.
Қазақта: «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген тәмсіл бар. Сыр бойында болыстық сайлау кезінде кезекті болыстыққа таласып, қыпшақ Әлмәмбет арғын Әйекені атып өлтірген. Сондағы бауырының қазасын естігеннен кейін, бауыры үшін кек алуға Арқадағы Ағыбай қол жинап аттанады. Ағыбайдың қолы Сыр еліне жақындағанда Бұдабай ақын алдынан шығып, өзі жоқтау шығарып, «Әйекенің жоқтауын» домбырамен айтқанда Ағыбай риза болып, бір қыпшақ өлтірсе, «бір қыпшақ тірілітті» деп соғыспай қайтқан екен. Бұдабайдың екі елдің арасындағы қантөгісті табиғи талантымен тоқтатқан асыл қасиетіне берілген әділ баға ретінде мәдениет үйінде есімі қалды. Қонысбек ағамыздың да еңбегі елеусіз қалмай кент орталығынан көшеге есімі берілді.
Орталық алаңның шығыс жақ бұрышындағы бергі жағын зәулім ағаштар бүркемелеп тұрған аудандық байланыс бөлімінің ғимараты. Осы үлкен ғимаратты Шиелі кентінің орталығындағы көненің көзіндей аудан тарихынан хабар беретін алып ескерткіш деуге болады. Аудандық байланыс бөлімінің тарихы да өткенді еске алуға итермелейді. Өткен ғасырдың 1970 жылы желтоқсанда аудандық партия комитетінің хатшысы болып, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов келді. 1970 жылдары соғыстан кейін жұрт есін жинап, халық шаруашылығы қарқынды дами бастаған кезең болғанымен, байланыс саласында жаңа технология енді дами бастаған еді. Салада мамандар да аз болды. Осы олқылықтың орнын басу үшін аудан басшысы, көрші аудандағы Үсен Қабланбековті аудандық байланыс бөлімінің басшысы етіп алып келеді. Аудан көлемінде қандай жиналыс болса да, радио, телефон желісі қатаң сынға алынатын. Сондай жиындардың бірінде орнынан тұрып сөз алып:
– Құрметті жерлестер, аудан басшылары мені маман ретінде шақырып сенім білдіріп, қатарларыңызға алып жатсыздар. Сіздерде телефон станциясы өте ескі, жаңадан станция алғанымен, ол сіздердің мынау аласа ескі бөлімшеге сыймайды. Жаңа байланыс үйін салу керек. Мен өзім барлық сызба техникалық құжаттарын аудан архитектурасымен бірге жасаймын. Қаржылай көмек берсеңіздер, – деді. Сол жиында аудан басшыларының келісімін алып, ғимарат дүниеге келді.
Үсен Қабланбеков шын мәнінде мықты маман екенін дәлелдеп, аз уақытта ұжымды өзінің айналасына топтастыра білді. Ұжым тағы интернационалды ұжым еді. Онда қазақ, орыс, неміс, кәріс, т.б. көп ұлттың өкілдері болды. Мамандардың бәрін өзі тәрбиелеп шығарды. Жұмысын монтер болып бастаған ­шәкірттері ­Бидахмет, ­Аманжолдар осы мекеменің басшылық дәрежесіне дейін көтерілді. Ұжымда тәрбиелеген Г.Жұмабаева, Ш.Бисекеева, О.Аймаханова сияқты телефонистерді, С.Қасқабаев, А.Шульц, Т.Әлібаев секілді монтерларды аудан халқы әлі ұмытпайды. Үсен ағамыздың пенделігінен азаматтығы басым жомарт, жаны жайсаң азамат еді.
Күлгенде рахаттанып, ауызын ашқанда жүрегі көрініп тұратын. Сол кезеңде жігіттерде қасындағы бірін-бірі алдау, арбау, қызмет сатысында бір-біріне қиянат жасау деген болмайтын. Мүмкін болса, тек бір-біріне адал болу қағидасы басым болатын. Жұмыстан кейін ешкім үйіне қайтуға асықпайтын. Жұмыстан кейін үйіне күнде сағат алтыда жетіп келетін баласына бір ақсақал «Сен неге күнде жұмыстан кейін тура үйге келесің. Сен де жора-жолдас жоқ па, солармен шамалы қыдырмайсың ба, сырласпайсың ба, арман қумайсың ба?» – деген әңгіме болатын. Бізде жұмыстан ­шамалы болса да шаршағанымызды басу үшін кейде жиналсақ, ортамызда Үсен ағамыз болса отырыстың ажары ашылып, кететін еді. Ағамыз өте әңгімешіл, әңгімесін әсерлі айтатын. Өзінен кейінгілерге ой салатын әңгімелері өте көп болатын. Кейде әзілдеп:
– Үсеке, жұмыстан кейін бастықтар шақырып қалса не істейсіз, ішіңізде ептеп бірдеңе бар ғой десек, ойланбастан мені кешке жиналысқа шақырса Кәрімбаев ағамның қасына отырамын. Менен ешкім күмәнданбайды. Бәрі Кәрімбаев ағамның отаға дейін де, кейін де бір тартатынын біледі, деп күлетін.
Бірақ ағамыздың арманы көп еді. Сұм ажал ағаның бойындағы барлық арманын орындауға, халқына жемісті еңбегін жалғастыруға мұрша бермей жасында бақилық болды. Ағамыздың пенделігінен азаматтығы басым еді. Шиелі халқына адал қызмет етті. Үсен Қабланбековтың Шиелі халқына жасаған еңбегін ескеріп, оған Шиелі кентіндегі бір көшенің аты берілсе, азаматтың азаматтығына берген Шиелі халқының әділ бағасы болмай ма?

Есіркеп Шәдібеков,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
15 наурыз 2022 ж. 554 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930