Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НАУРЫЗДАҒЫ НАЙЗАҒАЙ КҮРКIРIНДЕЙ...

НАУРЫЗДАҒЫ НАЙЗАҒАЙ КҮРКIРIНДЕЙ...

Қазақ поэзиясына өзiндiк екпiн, соны леп, сергек сезiм, жылы шуақ, қажырлы қуат алып келген ақберен ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына – 85 жыл
Ақынның өз өрiсi, өз биiгi, алдына қойған арманы мен межелеген мақсаты бар. Ақын, әсте атақ үшiн жыр жазбайды. Кеудесiндегi жыр кенiн туған елiне берсем дейдi. Халқын жыр шәрбатымен сусындатқысы келедi. Сол үшiн жазады...
Өлеңi өзiмен бiрге өлмеген ақындар қазақта аз емес. Шүкiр бар, баршылық. Солардың бiрi ақберен ақын, төредей ақын – Төлеген Айбергенов.
Мен марттағы найзағай күркiрiмiн,
Құрманғазы күйiнiң бiр тiлiмiн.
Менiң жаным саясын паналаған
Дүниедегi бар қыздың кiрпiгiнiң.
Қыстың соңы, көктемнiң басы (8 наурыз), өлiара шақта жарық дүниенiң есiгiн ашқан ақын осылайша жырлап едi. Төлеген қазақ поэзиясына өзiндiк екпiн, соны леп, сергек сезiм, жылы шуақ, қажырлы қуат алып келдi. Өлеңдi бар өнерден жоғары қойды. Үлкен талғаммен, зор жауапкершiлікпен қарады.
Ақын боп өмiр кешiру, оңай
деймiсiң, қарағым,
Аузында болу бұл өзi сыздаған
барлық жараның.
Көкiрегiңе құйып ап өмiрдiң асқақ
бар әнiн,
Қосудың арпалысы ол тоғыспас
жолдар торабын.
Өлең туралы осылайша толғады. Өзi де осы талап тұрғысынан табылды. Небары 30 жыл ғұмырында соңына қыруар өлең қалдырды. Өлең болғанда қандай, шетiнен жырдың жауһары.
Өле берсiн күншiлдер күйiгiнде,
Өз арманым өзiмнiң иiнiмде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау
сияқты,
Мен өлемiн өзiмнiң биiгiмде, – деп жырлады.
Ғұмыры осылай болды да. Өлеңiмен кейiнгiге бiр өнеге болса, өлiмiмен тағы да тектiлiк танытты.
Төлеген Айбергенов дүниеден өткенде замандасы Мұқағали Мақатаев былайша әрi күйзелiп, әрi тебiренiп жырлаған едi:
Тұңғыш көрдiм өлгенiн шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгi шығатын
күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты
Аузында ажал деген сұрапылдың.
Торғай-өлең өлмедi, аман қалды,
Әкеттi ажал...
Жыр емес, адамды алды.
Бiр өмiрдiң дастаны басталды да,
Шорт үзiлдi,
Шоп-шолақ тәмамдалды.
Қаралы лек.
Бозғылт шаң шұбатылды,
Бара жатыр жерлеуге шын ақынды.
Маржан жырдың мөп-мөлдiр бiр
түйiрi
Құмға түсiп кеттi де, уатылды.
Тұңғыш көрдiм өлгенiн шын
ақынның,
Қаталы-ай ажал дейтiн сұрапылдың!
Сұңқар төсi томпиып қарсы қарап,
Қаршығадай қалшиып тұратын
кiм?!
Ендi жоқ азаматым, аймаңдайым,
Жоқ болды құмға сiңген айран
дайын.
Асығыс ылғи жортып жүрушi елдi,
Бетпақтан су iздеген
жайрандадын...
Айбергеновтың бүкiл жыры сағыныштан тұрады. Отанын, туған жерiн түлетiп жатқан еңбеккерлердi, өнер адамдарын, асыл жарын, дос-құрбысын, замандасын, бәрiн-бәрiн ақын сағынады.
Керек кезiнде қатыкездiк пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте.
Әуелi әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға,
Онсыз сен тiптi, тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға.
Сағынбай барсаң теңiз де сенiң, тебiренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың даусын ести алмайсың бақтарға барсаң сағынбай.
Өмiрдiң өзi сағыныштан тұратынын, махаббат та сағыныштың жемiсi екенiн дөп басады ақын. Төлеген Айбергенов халқына асыл жырын берiп кеттi. Ән-жыр кештерi, той-томалақ әлi күнге оның өлеңiнсiз өткен емес. Халықтың игiлiгiне жарап келедi.
«Торғай-өлең өлмедi, аман қалды,
Әкеттi ажал...
Жыр емес, адамды алды...»
Мұқағали десе дегендей, ақберен ақын Төлеген Айбергеновтың өміршең, жасын жырларының ғасырларды ғасырларға жалғай беретiнiне еш күмән жоқ. Ия, Төлеген ақын 30 жасында 30 ғасырға жететін жыр жиһазын, өлең көмбесін кейінгіге аманат етті. Ақын бақыты деген осы емес пе?!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын
12 наурыз 2022 ж. 535 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930