Қайыңдар неге қараяды?
Төңiрегi түгел қайыңмен көмкерiлген алаңқайда ерлi-зайыпты қос қария әңгiмелесiп отыр.
– Алла-ай десеңшi, осы қайыңдар сол кезде аппақ едi-ау. Иә, иә, аппақ болатын. Есiңде ме, ылғи да қайың туралы өлең оқитынсың. Қалай едi?..
«Ақ қайың, сұлу қайың, ару қайың,
Саяңда сауықтайын, дамылдайын.
Айтшы сен, қайда кеттi махаббатым,
Көктемде самал қуған сағымдайын?...»
Кiбiртiктеп қалған кемпiрiн демеп:
«Ақ қайың, сұлу қайың, арман қайың,
Сырыңды айт, құр бекерге алданбайын. Саяңа сенiң неге келе берем,
Аяңда бiр асылым қалғандайын?..» – деп қария ары қарай жалғап жiбердi де:
– Арқалы ақын Мұқағалидың «Ақ қайың» деп аталатын атақты дастаны ғой бұл. Жиырма мен отыздың арасындағы жастар жатқа айтатын оны. Өтiп бара жатқан өмiр-ай десеңшi зымырап. Одан берi де қырық жылдан асып кетiптi-ау. Ол кезде қайыңдар аппақ болатын. Көңiлiмiздегi кiрбiңнен арылу үшiн, сырымызды айтып шағыну үшiн сол ақ қайыңдарға барушы едiк. Пәктiк пен жастықтың жарқын бейнесi де, белгiсi де сол ақ қайыңдар едi, – деп барып тоқтады.
– Көңiлiмiзде бөтен ой, жат пiкiр, қисынсыз қылық болмайтын, – дедi кемпiрi де қоштай сөйлеп. – Алғаш рет осы ақ қайыңның түбiнде серт байласып едiк қой. Iшiмнен елжiреп, ынтыға жақсы көрiп тұрсам да ойымды ашық айта алмай, бiлегiмнен ұстағаныңда жүрегiм кеудеме сыймай дүрсiлдеп, тұла бойым өртенiп, екi бетiм дуылдап қиналғаным әлi есiмде. Ақырын аңғарсам, сенiң де денең дiрiлдеп, өңiң алаулап тұр екен.
– Ол кезгi жiгiттер сырбаз, қыздар кербез едi ғой. Әзiлдерi әдептi, қалжыңдары құрметтi болатын. Артық сөйлеп, асылық әрекет жасауға ардан именiп, ақ қайыңнан қаймығатын. Қайран ақ қайыңдар-ай, қабықтарын әжiм торлап қартайып кетiптi...
Ерлi-зайыпты қариялардың сыр-сұхбаты ой салды. «Қайыңдар неге қараяды?» деген сұрақ көңiлiмдi қобалжытып, көкейiмде тұрып қалды. Жас кезiмде Қазыбек жәкем «Күнәсiз адам болмайды. Кейде пенде күнәға батқанын бiлмейдi де. Өйткенi, ол перiште емес қой. Бiлместiктiң соңы қасiретке ұшыратады. Қоршаған ортаға, табиғатқа зиянын тигiзедi» дейтiн. Жәкемнiң дiни сауаты мол болатын. Қарнақтағы медресенi тәмамдаған.
Құран-кәрiмдi алғаш қазақша сөйлеткендердiң бiрi, белгiлi шығыстанушы ғалым, профессор Нұралы қажы Өсерұлының: «Қасиеттi Қағбаның тасы әуел баста аппақ екен, адамдардың күнәсiнен кейiн қарайып кетiптi», – дегені есімде. Зайыбымен бiрге Меккеге барып, қажылық парызын өтеп, қасиеттi Қағбаны көрiп әрi тәу етiп қайтқан дiндар Ақберен ақын Төлеген Айбергенов:
«Бiр жетсе менiң ажалым жетедi –
Адам қолы жасаған ұяттардан...
Қалыңдығы осынау сияқты орман.
Әйтпесе, пысықтарға пысқырмайды
Мендегi қуатты арман!», – деп жырлаған едi.
Пенделердiң асылық сөздерiн ести-ести, адам қолы жасаған ұяттарды көре-көре мерзiмiнен бұрын берiштенiп, мезгiлiнен бұрын семiп, дiңiн күнәнiң қара бояуы торлады ма екен? Қайыңдар неге қараяды осы?!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын, журналист
ақын, журналист