Жетіген жасайтын жігіт
Бала би ауылында жетіген аспабын жасайды дегенді естіп, жерден жеті қоян тапқандай қуандық, рас. Ұлттық аспап ұстасын көрсек, кәсібін көпшілікке насихаттасақ деген ниетпен аспаптар жасайтын шебердің шеберханасын бетке алып келеміз. Бұған дейін аудан тұрғындарының домбыраның құлағында ойнағанына неше мәрте куә болып, марқайып жүргенбіз. Қобыздың қадірін білетін жас буынның қалыптасып келе жатқанынан да хабардар көңіліміз көк еді. Ал, мынау – жетіген жасай білетін жігіт туралы бұған дейін естімеген едік. Иә, аңыздан жаралған ғажайып аспапты мүмкіндігіне қарай жасай біліп, кәсіп ашып, ширатып отырған жанның бiрi – Біржан Ділманов.
Шеберханаға бара жатқан бойда сол бір аңыз еріксіз есімізге орала берді. Кезекпе-кезек жеті ұлынан айырылған қарияның қайғылы күйлері құлақ түбінде ойнап тұрғандай еді. «Қарағым» мен «Қанат сынардан» басталған күйді, «Құмарым» мен «От сөнер» жалғап әкеп, «Бақыт көшті» мен «Күн тұтылуына» ұластырды. Ақыр соңында қарияның «Жеті баламнан айырылып құса болдым» деген зары анық естілді. Әлбетте, бүгінгі күнге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атаумен жеткен күй-пьесаны білетініміз болмаса, аңыздағы күйлерді кім естіген? Бұл бір толқыныстан туған тылсым болар дедік…
Досбол би ауылының тұрғыны Біржан Ділманов музыкалық аспаптардың 22 түрін жасап, ісін дөңгелетіп отыр. Біржан мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап ағаштардан түрлі бұйымдарды жасап, қолөнерге қатты қызыққан. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкесінің шеберханасына жиі бас сұғатын жігіт ағаш ұстасы болуды армандайды. Арман қуалаған бозбала Алматы қаласына бет алып, «Шертер» компаниясында әкесінен үйренген тәжірибесін шыңдайды. Сегіз жыл аталмыш компанияда қызмет етіп, бұл өнерді ауылына келіп жалғастыруды жөн көреді. Ауылға келген жігіт «Жетіген саз аспаптары» ЖШС құрып, екі жарым жылдан бері шеберханасында түрлі аспап жасаумен айналысып келеді. Өздеріне қажетті үйеңкі, қайың, полесандра, қызыл ағаш, бук ағаштарын еліміздің басқа аймақтарынан алдырып, тұтынушылардың тапсырысын орындап, ыстық ықыласына бөленіп жүр.
– «Жетіген – қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы, тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Жетіген - жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі. Қайың, бук ағашынан жасалатын бұл аспапқа шыдамдылықпен төзім қажет. Есептеліп, жиырма үш шектен құрап, ойып жасайтын жұмыстары да көп. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған» – дейді шебер. Осыдан-ақ, ағаш шеберінің бір жетігеннің өзін жасауы үшін қанша күш жұмсайтынын байқауымызға болады. Ауылының төрт азаматын қасына жұмысқа алып, жасаған аспаптарын барынша сапалы етуге тырысады. Сол себепті, бүгінде аспаптар сұранысқа ие болуда. Домбыра, қыл қобыз, жетіген, прима қобыз, алтьшетер, бас домбыра, кантрабас прима домбыра сынды аспаптармен қатар, сандық, бесіктерді, естелікке беретін сыйлықтарды (сувенир) тағы сол сияқты ағаштан жасалатын барлық дүниелерді құрастыра береді. Алдағы уақытта кәсібімнің ауқымын кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтсем деген жоспары бар. Сонымен қатар, жетіген аспабына қызығушылық танытып, еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы тапсырыстар да түсіп жатқан көрінеді. Әсіресе, Астана, Алматы, Орал қаласы мен облыс көлеміндегі аудандардан сұраныстар түсіп отыр. Тіпті, сөзінің арасында кәсібін аудан орталығына алып келу үшін жер, қажетті техникаларын жаңарту үшін қаражат керек екенін де жасырмады.
Жетіген аспабы қазақ халқы арасында 19 ғасырдың ортасына дейін сақталып, бертін келе жоғалып кеткен. Осы этнографиялық сипаттамалар бойынша қалпына келтіріліп, қайта жетілдіріп жасалған жетігеннің алғашқы үлгісі өмірге қайта келді. Бұл қазақ өнерінен орын алып, үлкен мағынаға ие болуда.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.