Аманат арқалаған Айша
Ай мен Айша, бірі көк, бірі жерде. Бірақ екеуінің ойы бір, айтатын әнінің, шертетін мұң мен сырының тақырыбы ортақ. Талай түндерде боразданы соқаның тісімен қақ айырып, жер жыртып, дән сеуіп таң атқанша қос қолы рөлде қарысып қалатын жалғыз аруға көктен жар болып, жарығын төгіп тұратын жарықтық Ай ғана еді-ау.
Сөйтіп әкелері бөтен үйге кетіп тынды. Қақаған қыстың уағы. От жағуға тал, терек шауып, арбамен тасу әпкесі екеуінің мойнында. Есік алдында арық-тұрық мал бар. Оған шөп керек. Күні бойы қолдары бейнеттен босамайды. Осынша қиындыққа лақтырған қу әкені сонда да қимайды, бірақ. Әсіресе ең кішкентайлары. Бірінші сыныпта оқитын кезі. «Терезелерінен сығалап, бір көріп келейінші, әкемді» деп қыңқылдаған соң анасынан жасырып жібереді екеуі. Сосын сіңлілері оралғанша өтірік күйбеңдеп мал қорада жүргендері. Үшеуі бас қосып, көрпенің астына кіргенде барып сыбырласа бастайды: «Көкем қайтып жүр екен?»
Белді буынып, шарт түйініп совхоз директорына келді Айша. «Жұмыс тауып беріңіз». Жауқазындай тұлымдыға не жұмыс тапсыруға болады. Директор Нысанбаев деген кісі. Құлымбетов Әсеннің қарауына жіберді мұны. Сабақтан соң кешкі бестен тоғызға дейін қырманға тұқым тазалауға. Еңбекақысы алпыс сом. Азық-түліктерін қосымша төгіп тастайды. Ой, ол кездегі адамдардың мейірімділігін айтсаңшы. Совхоз директоры Нысанбаевтың бір перзенттің тырнағына зар болып жүрген кезі. «Әй Дәрімбай-ай, массың ғой», – деп басын шайқайды қыздардың әкесін көрген сайын. «Осындай қаракөздерді қалай қиып тастап кеттің?».
Құйтақандай қызды техниканың тілін меңгеріп, трактордың руліне отырғызған осындай тауқымет, осындай тұрмыстың қиыншылығы еді.
Алдымен Түгіскен ауылында ашылған СПТУ-дың филиалында 3 ай курстан өтіп, маманданады. Сол кезде үкіметтің қыздарды тракторға отыруға қызу үндеп жатқан кезі, Айшамен бірге бірталай жас техниканы тізгіндеуге талап қылғанымен, суырылып шыққан құрбысы Мәрия Әбдиева екеуінің ғана еншісіне ескі де болса трактор тиіп, еңбекқорлықтарымен, белсенділіктерімен елдің көзіне түседі.
Бір жылдан соң жаңа тракторға ие болып көңілі көлдей тасыған Айшаға кеңшар басшылығы «Айша, Камшат апаң сияқты К-семьсотты неге игермеске» деген қолқа салды. Сөйтсе, «К-700» тракторына мамандануға кісі қажет болып тұр екен. Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның атағы дүрілдеп тұрған кез. Айша ойланбастан «оқимын» деп Бәйгеқұмдағы техучилищеге құжат тапсырады. Барып, 500 жігіттің арасында 5-6 қыз алты айлық курстан өтеді. Сөйтіп кеңшарға жаңадан келген «К-700» тракторы Айшаның тақымына тиді. Қыруар жұмыс басталды. Жер жырту, егістікке тыңайтқыш тасу, мал отарларына шөп жеткізу, Бесарық станциясына Сібірден келіп жететін вагон-вагон ағашты тасу, Айшаның жыл он екі ай міндетіне айналды. Бұдан бөлек ол кезде ХХІІІ партсъезд пен Түгіскеннің арасында жол салынбаған кез, райкомың да, сырттан келген өкілдер де екі шаруашылықтың арасына көлік батпақтап жүре алмайтын болғандықтан Айшаның К-семьсотына күні түсіп екі аралыққа трактормен қатынайтын.
Еңбек десе жанын беретін, титтейінен ақиқаттың алмасындай тіліп түсер өжеттігі тағы бар. Айшаны енді ел-жұрты алдыға тұтып, ауылдық кеңестің депутаты етіп сайлады. Көп ұзамай аудандық кеңестік депутаты болды. Қат-қабат жұмыстардан бөлек енді халық қалаулысына елдің мұң-мұқтажымен бөлісу, еңбекшілерді қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдап, шешілуіне ықпал ету міндеті келіп қосылды. Әсіресе кемтар жандардың жағдайын жіті зерделеп, құжаттарының заңды рәсімделуін қатты қадағалағанын айтады Айша апамыз.
Сексенінші жылдар облыстық Кеңеске депутат боған кезі. Түгіскенге өзін арнайы іздеп «Қазақстан әйелдері» журналы редакторы Қарақонақова келді. Еңбек адамының үйінде қадірлі қонақ болды. Жанында республикалық жоғарғы соттың өкілі марқасқа азамат бар екен, қоштасарда «Қарындасым, не шаруа болса да хабарласып тұр, жәрдемімді аямаймын» деген ағасына еңбек адамы сыпайы ізет білдірді де қойды. Қарапайым еңбегін сауып, елде жүрген жас Жоғары соттың есігінде тұрғанын елестете де ала ма? Ізінше Айша туралы мақала суретімен «Қазақстан әйелдері» журналына жарқ ете қалды. Ол кезде баспасөздің құдыреті мықты ғой. Республиканың түкпір-түкпіріне тарайтын. Ал енді Айша қызға жан-жақтан хаттар жаусын. Оқып үлгірмейсің. Соның ішінде бір хаттың мәтіні жүрек ұшын сыздатып тұрып алды. Жазасын өтеу колониясынан хат жолдаған жас жігіттің жазбасын оқып еді, жазықсыз қамалып жатқан жайы бар екен. Оқиға былай болған: Павлодар қаласында институтта оқитын кентаулық өрен «Ертіс толқындары» атты өнер фестивалінде ән шырқап, жүлделі болады. Жанында курстастарымен ресторанға барып жумақ болады. Үш жігіт, екі қыз ресторандатып, жанында досы – қаланың ІІ хатшысының ұлының көлігімен қайтып келе жатады. Бұл көзі ілініп кеткен екен. Сол екі ортада зулап келе жатқан көлік көшеде жүргіншіні қағып, келесі көшеде мұны оятып, рульдің тізгінін ұстатып «мен масаңдау болып тұрмын. Ары қарай сен айда. Бізді тастап, көлікті пәтеріңнің жанына қоя сал» деген соң ол «мақұл» дейді. Таңертең ұйықтап жатқан жерінен милиция алып кетіпті. Тергеу әділ жүрмей, жазықсыз сотталып кете барыпты. Мұнан соң Айшада дегбір қалмады. Өткендегі сот ағасымен хабарласуға тура келді. Ол кісінің қозғауымен сот ісі қайта қаралды. Баяғы студент екі қызға іздеу салынып, олар жігіттің еш қатысы жоқ екеніне куәлік беріп, көлікте адам қаққан кінәліні көрсетіп берді. Сөйтіп жауқазын тағдырға араша болу нәсіп болды Айшаға. Тағы осындай өтінішпен хат жазған жезқазғандық азамат кінәсіз екендігі дәлелденіп, халық қалаулысының қажырлы ізденісінің арқасында бас бостандығын алды.
Облыстық кеңестің депутаты кезінде облыстық партия комитетінің мүшесі болған Айша Наубаеваға көбіне жиналыс, конференцияларға қатысу үшін жол жүруге тура келеді. Ондайда серіктес әріптестің кезегін ауыстырып трактор рөліне ай жарығында отыруға тура келетін. Мұндайда 24 сағат ұйықтамайды. Бірақ «менің кезегімді де сен атқара сал» деп жігіттерге артық жүк артуға қыз да болса қысылатын. Күні бойы аңызақта тер төккен құрдастың уақытылы тынығуына кесір тигізіп алмасам деп талаптанып бағыпты. Жалғыз адамға ай серік, жан-жақтан қорқыныш анталаса, айғайлап ән салса, бой-басына батылдық даритыны бар. Әжесі айтыс ақыны болған екен. Екі жүздей өлеңдері соңында қалыпты. Ал, әкесі жай қарапайым шаруа адамы болса-дағы кітап жинайтыны, оның бірін қалдырмай оқитыны осы ақынжанды ана бойындағы қасиеттің ұшқыны болар. Үйлерінде ешкімде жоқ тарихи кітаптар көп болатын. Шыңғысхан туралы жазылған кітаптың Қазан қаласынан шыққан алғашқы басылымын Айша әке кітапханасынан алып оқыды. Мазмұнына дейін жатқа біледі екен. Айта жөнелгенде Айша апамыздың да қаражаяу емесіне толық көзіміз жетті.
Жақында аудан жұртшылығының ұсынысымен Айша Наубаеваға Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ал үйге енгеннен кейін тігін шеберханасымен таныстырып, қолынан шыққан тоқыма, кестелі бұйымдарымен қатар оюлы, құрақ көрпеше-жастықтарын көз алдымызға жайып салды. «Анамнан қалған тігін машинасында отырып, қолөнеріне кіріскенінде тұтас дүниені ұмытамын» дейді ол.
Әттең, нәзік жандарды темір-терсекке теліген саясаттың кесірі ғой, оқығанында елді басқарып кетердей шама-шарқын шамалап отырмыз. Саясат қана ма, жанұядағы жарасымның бұзылуы да балдәуренінің берекесін алып, ит бейнетке байлап қойған жоқ па? Сөйтіп адасқан әкенің ақыры не болды, бөтен әйелден бала да сүйе алмай, ақыры отбасына қайта оралды. Есіктен кіргізбей кеудесінен итерген бәйбішені осы Айшасы бауырлары болып жүріп көндіріп, толыққанды тұрмыс қайта тіктелді. Бірақ көп ұзамады, аналары көз жұмды. Алпыс үш жасында әйелінен қалған әкесін ары қарай жиырма жыл қарашаңырақта бағып, 83 жасында бақи дүниеге ақ жауып, арулап шығарып салды. Екі сіңлісін жоғары оқу орнында оқытты. Екеуін де құтты жеріне қондырып, анасын жоқтатпай жасау-жабдығын апарын берді. Өмір бойы өзгелердің жағдайын ойлап, жанұшырып, бейнеттің бел ортасында жүретін еңбек адамы осының өзін өмірдегі бір биігім деп санайды.
Шығармашыл адамының бір артықшылығы осы ғой, бір жібін де шашау шығармай әдіптеп, әдемі жасауымен үй ішін жайнатып жібергенде өз жан-дүниесі де жасара түсетін тәрізді. Сондықтан апаның әрбір жұмысының жарнамасы жұтынып тұр, Алматы, Ақтаудан тапсырыс берушілер көп екен.
Құнттай тірлігі, қолөнер құндылығы ғана емес, құлындай кезінен кеудесіне ақиқат пен арманның құсын қонақтата алған, сонымен де еңсесі биік наркескен ермен тең намысты ару туралы бір үзік сыр осындай.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
https://zhanaqorgan-tynysy.kz