Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 43 жылдан кейінгі кездесу

43 жылдан кейінгі кездесу




Шіліңгір шілде айының орта кезі, сыртта ауа-райы 40-45 градус ыстық болып тұр. Қан қысымым жоғары болған соң, салқын бөлмеде дем алып жатқанмын, балам Ерлан келді де:
– Әке, сізді сыртта кісілер шақырып тұр, – деді.
– Олар кімдер? – деп едім.
– Мұрат аға мен бір орыс кісі – деді.
Мұрат Тастанбеков – осы ауылдың тумасы. Өте көпшіл, ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін жігіт ағасы. Өзі кәсіпкер, жеке көлігімен жан жақа жүк тасиды.
«Мұратпен еріп келген кім болды екен?» деп сыртқа шықтым.
Бұрын көшемізде орыстар, чуваштар, удмурт, беларустар тұрған. Кеңес одағы ыдырап келмеске кеткеннен кейін, осылардың көпшілігі тарихи отанына көшіп кеткен болатын.
Сыртта Мұрат інім мен егде жастағы өзге ұлттың өкілі тұр екен.
Мұрат жуан дауысымен: «Аха, сізді Белорусиядан бұрынғы көршіңіз Данилчуктің баласы іздеп келген екен, соны ертіп келдім», – деді. Жаңағы жігіт «Мен Алешамын ғой» деп мойныма асыла кетті.
Көз алдыма сонау өткен ғасырдың 1970 жылдары елестеп, киноның кадр­ларындай бірінен соң бірі өтіп жатты. 1970 жылы шаруашылық есебінен екі пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Сол үйдің оң жағына біздің үй, сол жағына Данилчуктер қоныстанған еді. Сөйтіп, біз бір шатырдың астында, қабырғалас тұрдық. Данилчук ­Григорий механизатор-комбайнер болатын. Егін орағы басталғанша булъдозер айдайды. Бидай мен күрішке орақ түскен кезде комбайн штурвалына отыратын. Мен сол кісіге бір-екі рет көмекші болғаным бар. Біз ол кісіні «дядя Гриша» дейтінбіз.
Әйелі молдован ұлтының өкілі болатын, аты – Елена, яғни бізше айтсақ, «тетя Лена» еді. Екі ұлы екі, қызы бар еді. Ұлдары Женя және Алеша, Лариса, Нина деген қыздары болатын. Біз сондай тату тұрдық. 1972 жылы жұбайым Айман екеуіміз үйленгенде, ол кісілер балаша қуанғаны күні кешегідей есімде.
Ол кезде қазіргідей дүркіретіп той жасау жоқ. Өзімізде киіз үй болды және тойға келген қонақтарды көршілер күтетін. Ол кісілер де тойға келген ағайынды бір кісідей күтті.
Сөйткен көршіміз дядя Гриша 1976 жылы кенеттен қайтыс болды. Сол кезде жаңағы Алеша – 7-8 жаста болатын. Үлкені Женя – 14-15-те, қыздары Лариса –12, Нина –10 жас шамасында еді. Әкелері дүние салған соң, бала-шағаны алып, әйелі Елена көшіп кетті. Содан бері де 43 жыл өтіпті-ау!
Алешаның да шашы бурул тартқан жігіт ағасы болыпты. Жөн сұрасып жатырмыз.
«Красноярск қаласында әскер қатарында болып, кейін 11 жыл сол жақта жұмыс істедім», – дейді. Анасы 1988 жылы дүние салыпты. Сол жерде оған көңіл айттым. Балалары жас болған соң, шешелері төркініне, яғни Молдаваға көшкен шығар деп ойлағанмын. Олай болмай шықты. Бәрі де Белоруссияда бір деревняда тұрады екен. Өзі «фура» машинасымен зат таситын көрінеді. Алматыға барар жолда Мұратпен жолығып қалып, жөн сұраса келе бұрынғы «Авангард», қазіргі Ақмаядан екенін естіп, сонымен еріп келген беті екен.
Туып өскен үйін, бізді көруге асығып, күре жолдан бұрылған. Бірақ көп аялдаған жоқ. «Заттарды уақытында жеткізуім керек» деп қош айтысып жүріп кетті. Ал мен болсам: «Туған үйіңді, бізді көрдің. Тағы да жолың түсіп жатса, үйге соғып тұр. Бәріне сәлем айт», – деп қол бұлғап қала бердім.
«Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген. Алешаның мені іздеп келгеніне қарап, ойын баласы болса да бір кездері бір үйдің адамдарындай тату-тәтті өмір сүргеніміз есінде қалса керек деп түйдім. Оның үстіне әкесінің көзін көрген жанды жанына жақын тұтқан болар.

Ағайдар Жұмағұлұлы,
зейнеткер, еңбек ардагері,
Ақмая ауылы
13 тамыз 2019 ж. 843 0