Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЛЕМДІ ӘРЛЕГЕН КӘСІП

ӘЛЕМДІ ӘРЛЕГЕН КӘСІП

Аңқыған хош иісі мен сүйкімділігін жоғалтпаған әсем гүлдердің саудасы қызатын уақыт көктем мезгілі. Өйткені көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» болса, артынша «халықаралық әйелдер күні», оған ілесіп «Наурыз мейрамы» келеді. Ал бұл аталған мерекелердің бәрі гүлсіз өтпейді. Басқа мезгілдермен салыстырғанда сырт мемлекеттен тасымалданатын гүлдің бірнеше есеге өсетін кезі де нақ осы уақыт.
Гүл бизнесі тілін тапқанға табысты сала. Табысты болғанымен, тәуекелі де көп кәсіп. Машақаты да жетерлік. Сондықтан да бұл салаға тас жұтқандар ғана болмаса, көпшілік жолай бермейді.
Ауданда бұл кәсіптің тамырына су жүгіртіп, бойына жан бітіріп жүрген жандар жетерлік. Гүл сатушылардың дені тауарды Алматыдан алдырады. Ал Алматыға Голландия, Мексика, Колумбиядан жеткізіледі. Жай күндері ең кемі күніне жеті-сегіз гүл шоғын сататын кәсіпкерлер мереке кезінде 50-60 букет гүлді нәзікжандыларды қуантуға аттандырады.
Доллор құнының көтерілуі гүл нарығын да айналып өтпеген. Мәселен бұған дейін 500 теңгеге саудаланған бір дана гүлдің бағасы қазір 700 теңгеге бірақ шықты. Дәл қазір ең қарапайым бір букет гүлдің бағасы 3500-4000 теңге. Бұл баға 7-8 наурыз күндері тағы да көтерілуі бек мүмкін. Сатып алушыларға гүлдің бағасынан бұрын нәзікжандыларды қуанту маңыздырақ. Сондықтан тұтынушылардың көбі қымбат болса да ең әдемі, ерекше гүлдерді қалайды. Бүгінгі таңда «гипсофила» деп аталатын гүл сәнде. Ал раушан гүлдері өзінің құндылығын ешқашан жоғалтқан емес.

Жұп гүл ажал әкелмейді
Гүл сыйлау мәдениеті бойынша халық арасында тек тақ санды гүл сыйлау керек деген ұғым бар. Екі не он гүл берсе, ренжіп, алмай жатады. Мұның себебі неде? Бұл түсініктің түбі қайда жатыр?
Ежелгі орыс халқында «ажал жалғыз келмейді» деген ұғым болған. Біздегі «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген түсінікке жақын. Яғни кезінде кеңес үкіметінің құрамында болған елдер осы қағиданы ұстанып, жұп санды гүлдерді қабірге ғана апарған. Сондықтан шығар көпшілік әлі күнге дейін тірі адамға жұп гүл сыйлауды жамандықтың нышаны ретінде қабылдайды.
Гүлдің саны ғана емес, түсінің де, түрінің де өзіндік астарлы мағынаға ие екенін білетін шығарсыз. Айталық, раушан ежелден өте тартымды гүл ретінде саналады. Ақ түсті раушан пәктік пен тазалықтың нышаны болса, қызыл түс – махаббат пен сүйіспеншіліктің, сары раушан – қуаныш пен бақыттың белгісі. Ал қызғалдақ – шынайы сезім мен таза махаббаттың символы. Дегенмен көпшіліктен ерекшеленемін десеңіз, мерекеде дәстүрлі раушан мен қызғалдақты сыйламай, басқа гүлдерді де таңдап көріңіз.

Гүл сату – өлмес кәсіп
Гүлді жақсы көрмейтін әйел заты жоқ шығар. Көктем шыға базар маңы гүлге толып, саудасы қыза түседі. Қазір гүлдің де, гүлді сатып алушылардың да қарасы көп. Сұлулық символы ретінде қыздарға баланатын бұл өсімдіктің адам жанын емдейтін, көңіл-күйін көтеретін де қасиеті бар.
Мереке қарсаңында аудан іші сан түрлі гүлдерге көмкеріледі. Сұраныс та, ұсыныс та көп. Базардағы гүл нарығын зерттеп, бағасы қанша екенін анықтап көрдік.
Дәл қазір орталық базар ішінде бөлме гүлдері мен жасанды гүлдердің саудасы қызып тұр. Әсілі, тірі гүл шоқтары 7-8 наурыз күндері өтімді болады деп топшыладық. Ал бөлме гүлдерінің ең арзаны 900 теңгеден. Түрі мен көлеміне қарай 8-10 мыңға дейін барады. Жасанды гүлдің бір данасы тірі гүлдің құнына жақын, 500 теңгеден сатылып жатыр.
Әйел бар жерде ән де бар, гүл де бар. Ендеше гүл сатудың өлмес кәсіп екені анық.

Гүлхан ЯХИЯ
05 наурыз 2022 ж. 542 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930