Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәйшешек бүр жарғанда

Бәйшешек бүр жарғанда

Гүл мен қыз. Бәйшешек пен көктем. Махаббат пен жастық шақ. Барлығы да адам жанына шаттық ұялататын егіз ұғымдар. Адамзаттың бәрі де бұларды әрдайым үкілі үмітпен, сарғайған сағынышпен күтеді. Әңгімемізге арқау болғалы отырған бәйшешекті де алты ай қыс бойы сағынған боларсыздар?
Қазіргідей маусым тоғысындағы күн райының нешеме құбылуы көңілді шаттыққа бөлейтін көктемнің келіп жеткенінен хабар береді. Биылғы қытымыр қыстан қысылып-қымтырылып шыққан ел «Алдымыз жаз ғой» деп арқа-басты кеңге салар күннің алыс емес екенін көңілге тоқ санайды. Бәрінен де жердің тоңы кетіп, бусанған далаға көк шыға бастайды. Бәйшешек бүр жарғанда, күннің нұры жерге шуағын төккенде көңіл шіркін алабұртып, алдағы күндерден жақсылық күтіп, үкілі үмітін келешекке жалғайды. Ерте көктемде қар еріп, жердің беті ақ ұлпа тонын шешкенде, үміт гүлі – бәйшешек оянады. Оған қар да, көктемнің ызғарлы суық желі де қорқынышты емес. Айналада табиғаттың басқа тіршілік иелері оянбаған шақта, қардан кейін қылтиып шығатын көктемнің алғашқы гүлі – тіршіліктің, үкілі үміттің, табиғат ананың оянғанының нышаны.
Ал осы бәйшешек гүлін неліктен үміт гүлі деп атайтынын білесіздер ме? Ол туралы түрлі аңыздар бар. Соның бірін ғана айта кетейік. Аңыз бойынша, Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылған уақытта қыс мезгілі екен. Жерде қалың қар жатқандықтан Хауа ананың аяғы тоңып, жұмақты есіне алып, қатты қайғырады. Оның көз жасын көрген періштелер бірнеше қар қылауын бәйшешек гүліне айналдырыпты. Бұған қатты қуанған Хауа ананың бойында Құдайдың кешірімін алуға деген үміті ояныпты. Содан бері бәйшешек үміт пен сенімнің, достық пен адалдықтың, тазалықтың символы саналып кеткен деседі. Содан болар көктем мезгілі жетіп, мерекелі күндер таяғанда бәйшешек гүліне сұраныс артады. Анасы мен қарындасын, әпкесі мен жарын қуанту үшін қыр гүлін сыйға тартады.
Біздер бәйшешекті көктемнің алғашқы мерекесінде сыйға тартсақ, Ұлыбританияда арнайы бәйшешек күні бар. Онда бәйшешек күнінің тарихы 1984 жылы бекітілген. Біз қыр гүліне теңейтін бәйшешек әр елде әртүрлі аталады. Ағылшындар «Қар тамшысы» десе, чехтар – «Қар бүршігі», ал немістер – «Қар қоңырауы» деп атайды. Осы орайда күн көзі сынып, көктем шыққанда жер бетін жаулап алатын бәйшешектің 2006 жылдан бастап «Қызыл кітапқа» енгенін де айта кеткен ләзім. Әлемде оның 80 түрі бар. Соның қай-қайсысы болса да бойында шипалық қасиеті бар сүтімен танымал.
Расында, бәйшешек латын тілінде «сүтті өсімдік» (галантус) деп аталады. Ол медицинада дәрілік гүл ретінде мойындалған. Халық медицинасында да ежелден емге қолданылып келеді. Өкпе туберкулезі, бронхит пен құрыспа ауруларында бәйшешектің тамырын, яғни түбіндегі пиязын (аз мөлшерде) сүтке пісіріп беруге болады деседі. Ал тамыр сабағы мен жапырағының қайнатпасы буын ауруларына ем. Оның қақырық түсіретін, несеп айдайтын, аздап іш жүргізетін де қасиеті бар. Ол сондай-ақ қан құрамын жақсартып, ішек секрециясы мен тамақ бездерінің қызметін қалыпты жүйеге түсіреді екен.
Міне, талдап сараптай берсек, адам денсаулығына тигізер пайдасы мол бәйшешек гүлі тек табиғатты ғана емес, адам жанын да түрлендіруге қауқарлы екенін аңғарасыз. Тек табиғат ананың қисапсыз берген сыйының бірі қызыл кітапқа еніп, есептеулі күйге түскенін көрмейсіз бе?

Г. Әбдіханиқызы
01 наурыз 2022 ж. 833 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930