Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәйшешек – үкілі үміттің нышаны

Бәйшешек – үкілі үміттің нышаны


Бәйшешектің бүр жарғаны қыстың ызғары бітіп, көктемнің келгенін білдіреді. Сонысымен көктемді хабарлайтын гүл ретінде көпшіліктің есінде қалған. Бәйшешектің Нәзік болып көрінгенімен бойындағы қар-мұзды, тасты жарып, суыққа шыдайтын табиғи қайсар, шыдамдылық қасиеті адамдарға үлгі.
Таңертеңгісін бәйшешек бүршік атыпты «Көктемнің басында, қыстың қары толығымен еріп бітпеген кезде тауда және тау бөктерінде, ормандағы қардың астынан ақ, көгілдір немесе күлгін ғажайып, бәйшешек гүлі шығады. Бәйшешек көктемде шығатынына қарамастан, ол минус 10 градус аязға да төзе алады. Оған мұндай аязға төтеп беруіне сабағындағы жұқа түктерден тұратын өзіне тән қабығы көмектеседі» дегенді теледидардан таңғы ас үстінде анасы мен баласы естіп, жүздері жадырайды. Анасы көктемнің келгеніне қуанса, ұлы гүл арқылы махаббатын еске түсіреді. Үнемі мерекеде жұмыста болатын ұлы бұл жолы қызына айтар сылтауы жоқ екенін түсінеді. Себебі ол жұмыстан қысқартуға байланысты шығып қалады. Мерекенің жақындағанын іштей күткенімен, уайымы басылмайды. Болашақ жарым болады деген үміті күн санап өскен сайын сыйлықтың көлемі мен саны да арта түседі. Жинаған қаражаты анасының еміне жұмсалғандықтан, қалтасында артық ақшасы жоқ жігіт үйдің берекесін қашырады. Қабағы үйін-түйін ұлы анасының әр ісінен кемшілік көріп, мерекелік көңіл күйді бұзды. Ашуланып жүріп, анасымен сөзге келді. Мерекені өзі ұнатқан арудың жеке меншік мейрамы сияқты қабылдады.
– Шалбарым дұрыс қырланбаған. Көк көйлекті емес, сұр көйлекті кием деп едім ғой деп азар да безер болды. Анасы ауырсынғанына қарамастан отызға таяп қалған жігітке:
– Балапаным, күте тұршы. Қаласаң сұр көйлекті дайындайын. Көк көйлек саған жарасатын болған соң дайындап едім. Сәл күтші, құлыным – деп, сұр көйлекті үтіктеп жүр.
Ғашығына асыққан жігіт асығыс гүл сататын дүкенге жүгіре кетті. Қызына құшағын толтырып қызғалдақ алды.
Бұл жолы анасының гүлдің ішінде тек бәйшешекті жақсы көретінін, сол үшін көктемді ерекше күтетінін есінен шығарды. Кездесуде ұзақ бөгелген ұл бір сәтке анасын ұмытты. Жалғыз басты ана мейрамды жалғыз және бәйшешексіз қарсы алды. Себебі жұбайы бұл өмірден 3 жыл бұрын қайтпас сапарға аттанып кеткен еді. Баласы үйде болса жалғыз қарсы алмайтынына, таңертеңгісін шай үстінде бәйшешектің гүлдегенін теледидардан ұлының естігеніне іштей қуанған ананың жүзін бір сәтте ыстық жас жуып кетті.
Күні бойы сұлудың жанында уақыттың сағаттап өткізген Арман енді үйіне қарай бет алды. Шаттықтан қуаныш кернеп келе жатқан жігіттің көзі жол бойындағы көп қабатты өз үйінен шығып жатқан түтінге түсті. Қасында адам барында ұмытып, үйіне қарай жүгірді. Анашым деп айқайлап үйге таяп келсе өрт жоғарғы қабаттағы пәтерден екен. Дін-аман анасын көріп, құшағына алды. Бар ықыласымен анасынан кешірім сұрады.
– Кешір мені анашым, кешір. Жоғалтып алдым ба деп қорқып кеттім. Үлкен қателік жасадым. Сізді ренжіттім, – деп ана мен бала бір-біріне еміреніп жатты.
Арманның көзі қонақ бөлмедегі мерекелік дастархан мен әкесінің суреті және сыйлаған бәйшешек гүлдерінің бір қорапта қурап, кепсе де сақталғанын байқады. Сонда ғана анасының бәйшешек гүлдерін ерекше жақсы көретіні есіне түсті. Мұны байқаған анасы ұлына бәйшешек туралы аңызды айтып берді:
– Ерте заманда жер бетінде қатал қыс ұзақ аялдап, қақаған аяз кетпей тұрып алады. Сол заманда тау бөктерінде орналасқан жертөледе бір шағын отбасы өмір сүріпті. Отағасы жанұясын асырау үшін жұмыс іздеп жер дүниені шарлап кетеді. Әйелі мен екі перзенті оны күтумен болады. Күндердің күнінде қаңтар айының аяғында ұл бала қатты науқастанып қалады. Әбден шарасы таусылған ана тәуіптің көмегіне жүгінген екен. Тәуіп әйел оның кеселінің себебін анықтайды. Ол сәбиді емдеу үшін жаңа өсіп тұрған гүлдер мен жапырақтар керек екендігін мәлімдейді. Анасы мен бауырының қайғысына шыдай алмаған әпкесі емшіге керекті өсімдіктерді іздеп жолға шығады. Қараса, айналаның бәрі мұзбен шырмалып, қалың қармен көмкерілген. Бойжеткеннің бойын үрей билеп алады да, не істерін білмей, отыра қалып, қатты жылайды да, Құдайға жалбарына бастайды. Жүректен шыққан ыстық жас қарды тесіп, жердің түбіне жетеді де, нәзік гүл – бәйшешектерді оятады. Олар қардың қалың қабатын тесіп, өздеріне жол салып, ақырында жер бетіне шыға келеді. Қыздың жасы тамған жерлердің бәрі әдемі ақ гүлдермен әрленеді. Сұлу бойжеткен оларды теріп алып, үйіне алып барады да, інісі аман қалады. Содан бері бәйшешек – үкілі үміттің нышаны саналатын болған екен. Міне, осы аңызды бала күнімде естігеннен бері менің ең ерекше жақсы көретін гүліме айналды. Әкең бірде бір көктемде мені жалғыз қалдырған жоқ және бәйшешек гүлінсіз үйге келмейтін, – деді.
Әр күніңізді соңғы сәтіңіздей бағалаңыз. Табиғаттың қайта жанданатын мезгілі көктемнің ерекшелігін сезіне біліңіз. Анаңызды құрметтеңіз! Ол сізде жалғыз. Сондықтан барында аялаңыз, құрметтеңіз. Ана сияқты әдемі, нәзік гүлді жиі сыйлап қуантыңыз.

Ақбота БАЯНБАЙ
15 наурыз 2021 ж. 1 916 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930