Наурыздың ақша қары
Қар астынан бүршік жарып шығатын бәйшешектей көтемнің кереметі жер бетіндегі пендені таң қалдырудан жалыққан емес. Жазба күнтізбесі болмаса да, жыл он екі айды өзінше зерттеп, зердесіне түйген қазақ жұрты он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас етіп, сабақтай білген. Жыл басы Наурызды шаруагер ел асыға күтеді. Қиыншылығы көп қыстан малды аман алып шығамын ба деп, қардың тез кетерін, не кетпесін болжайды. Қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурыз күні қар бетіне түскен құмалақ өз салмағымен батса, жаз тез шығады дескен. Ал өткен күнгі жауған қалың қарға қарап, «Қардың басын қар алар» деп түйдік.
Қыз Жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы,
Ақ тауықтың қанындай – деп Қыз Жібектің сұлулығын суреттеген лиро-эпос жырын білетін боларсыздар? Иә, наурыздың ақша қары – ауыз әдебиетінде де жырланған. Тіпті, әдемілік пен сұлулықтың нышанына теңеледі. Байқасаңыз, Жібектің сұлулығы қаңтарда немесе ақпанда жауған қарға теңелмеген, наурызда жауған ақша қарға теңелген. Бұл, әрине тектен-тек емес. Әдемілік пен сұлулықты паш ететін наурыздың ақша қары – көктемнің керемет көріністерінің бірі екені де анық.
Ел ішінде айтылатын сөзге құлақ түре жүрсек, әр мезгілде жауған қардың да тілімізде өз атауы бар екендігін байқаймыз. Қыс бойы жатқан қар кетіп, көктем шыға жауған қар «құс қанаты» деп аталады. Сірә, бұл сөз жыл құсының ұшып келер кезімен байланысты айтылса керек. Мәселен, алғашқы жауған қардың бәрін емес, соның ішінде еріп кетпей тұрақтап қалатынын, қыс бойы жататын қардың басын «жолдас қар» деп атайды. Ал, қарғынға аралас қатқан қарлы мұзды – анжыр, қалың жауған ұлпаны – күпсек, ұзақ жатқанын – қасат, жұқа жауғанын – қырбық, үстін мұз торлағанын – мұздақ қар деуі бар тіршілігін табиғатпен байланыстырған қазақ халқының тапқырлығы емес пе?
Бұлардың ішінде қазақтың ерекше бөліп айтатыны – наурыздың ақша қары. Ұлыстың ұлы күні Наурыз – қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні не қар, не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, жібектей жұмсақ болғандықтан да, «ақша қар» аталса керек. Олай болса өткен сенбі мен жексенбідегі қалың жауған ұлпаны жақсылықтың бастауы деп бағаладық біз де.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ