Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық тұрғындар мәжіліс депутаттарымен кездесіп көкейдегі ұсыныстарын жеткізді

Қызылордалық тұрғындар мәжіліс депутаттарымен кездесіп көкейдегі ұсыныстарын жеткізді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутатық фракциясының мүшелері Ғ.Әміреев, Б.Смағұл мен Г. Шиповских Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді.
Депутаттардың қабылдауына 80-ше жуық қызылордалық түрлі өтініш-тілектерімен келді. Оның ішінде құқықтық, кәсіпкерлік, өңірдегі қуаңшылық, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік көмек алу, жерге қатысты мәселелер бар. Фракция мүшелері олардың әрқайсысын жіті назарына алды.
Мәселен, Қызылорда қаласының тұрғыны, көп балалы ана Назерке Кадирова денсаулық, әлеуметтік, балалардың білім мәселесімен қоса аймақта шешілмей жүрген проблемалық мәселелерді де алға тартса, Сырдария ауданын келген Қайрат Жалғасов есімді азамат депутаттардан жайлымдық жер, Сырдария өзенінің тартылуы жалпы шаруалар үшін ең қажетті аяқ су мәселесін шешіп беруге ықпал етуді сұрады. Азаматтар өтінішін тыңдаған депутаттар әр сұрақ бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізетіндерін жеткізді.
Соңғы уақытта Қызылорда қаласында 2005-2006 жылдары жер кезегіне тұрған азаматтарға жер телімдері беріле бастады. Дегенмен, өздеріне берілген жер телімінің қолайсыз жерде орналасқанын, балабақша, мектептен алыс екенін айтып, шағымданып жүргендер де бар екен. Депутаттың қабылдауына сондай жандардың бірі келді. Оған бұл қиындықтардың уақытша екені, жер телімдері берілген аудандарға инфрақұрылым желілерін апару ісі қолға алынатыны түсіндірілді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл журналистерге өңірімізге сапары кезінде азаматтармен бірнеше кездесулер өткізіп, қызылордалықтарды қандай мәселелер толғандырып жүргенін көпшіліктің өз аузынан естіп-білгенін айтты:
Ауыл тұрғындары мен қала тұрғындарының арыз-мұңдары арасында айырмашылықтар да бар. Ауылдықтарды, негізінен, іс бастау үшін несие алу, мал жайлымы, аяқ су мәселесі мен субсидияға қол жеткізу секілді мәселелер толғандырады. Қалалықтар баспана мәселесі, тұрмыстық сипаттағы мәселелерді шешу төңірегінде көбірек шағымданады. Ауылда да, қалада да жұмыс іздеп жүргендер бар. Біз жергілікті жерде шешімін табатын мәселелерді атқарушы органдарға ұсыныс ретінде жолдап, парламентте көтеретін мәселелердің барлығын жинақтап алдық,- деді ол.
24 ақпан 2022 ж. 452 0