Қуыршақ театры: жаңа бағыт, әмбебап ұжым
Қазіргідей балалар телефоннан бас алмайтын заманда түрлі дамытушы орталықтар, көзбен көріп, қолмен ұстайтын, көңіл-күйін, сезімін шығаратын ойын алаңдары мен үйірмелер көптеп қажет-ақ. Әсіресе кешегідей пандемия кезінде жаппай оқшаулануға мәжбүр болған шақта мектеп пен балабақшаға бармаған баланың дені таңнан кешкілік ұйқыға кеткенше телефоннан көз алмай отырғаны рас.
Жалпы баланың бойына адамгершілік, адалдық, мейірімділік секілді жақсы қасиеттерді сіңіретін, таным көкжиегі мен ойлау қабілетін жетілдіретін рухани ошақтардың артуына күш салатын уақыт жетті. Мұндай игі бастаманы алғашқылардың бірі болып балалар кітапханасының ұжымы қолға алды десек артық болмас.
Жалпы баланың бойына адамгершілік, адалдық, мейірімділік секілді жақсы қасиеттерді сіңіретін, таным көкжиегі мен ойлау қабілетін жетілдіретін рухани ошақтардың артуына күш салатын уақыт жетті. Мұндай игі бастаманы алғашқылардың бірі болып балалар кітапханасының ұжымы қолға алды десек артық болмас.
Кітапхана жанынан осыдан екі жыл бұрын ашылған «Еркетай» қуыршақ театры – ертегі арқылы баланың ұлттық дүниетанымын, эстетикалық талғамы мен қиялын дамытуда айтарлықтай үлес қосуды мақсат етеді. Алғашында карантин уақытында оқырманмен байланыс орнатудың бірден-бір жолы ретінде құрылған театр бүгінде балалардың сүйікті мекеніне айналып үлгерді.
– Әлемді пандемия жаулап алған шақта адамдар оқшаулануға мәжбүр болды. Осы сәтте оқырмандардың назарына ертегі қойылымдарын ұсына бастадық. Қуыршақтарымыз жұмыс барысын арттырудың негізгі құралына айналды.
Кітапхана жанындағы «Жыр жауһарлары» атты клуб мүшелері Елдар Әмірхан және Байкен Алпысбай, Мерей Тілеубайлар жаңа мүмкіндіктерді ойластыра отырып онлайн – форматында жұмыс істеу үшін алдымен «Шебер қолдар» үйірмесін жасақтауды ұсынды. Үйірме мүшелері кітапхана қызметкерлерімен бірігіп, қаражат жұмсамай қолдарында бар жабдықтармен ертегі кейіпкерлерін тігуді қолға алды. Күн сайын жаңа ертегіге жаңа кейіпкер тіге отырып «Еркетай» боок-театырын ашуды жөн көрдік, – дейді кітапхана меңгерушісі Гүлзира Қоңыратбаева.
Бала үшін сүйікті кейіпкерін смартфоннан көріп, кітаптан оқу бөлек те, оны сахнадағы образ арқылы тануы мен түйсінуі мүлдем бөлек дүние. Сондықтан да қуыршақ театры жас көрерменнің дүниетанымын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Балалар әртістермен бірге күліп, бірге ойнай отырып өздерін мазалап жүрген көптеген мәселелердің шешімін тапқандай әсерге бөленеді.
Қазақ жеріндегі қуыршақ театры ұлттық ойындардан бастау алған. Ертеден келе жатқан «Ортеке» ойыны осының айқын дәлелі. Ағаштан жонылып жасалған киік немесе ат мүсінін сылдырмақтап жіп тағып, домбыра тартқанда жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билететін болған. Тартылған күй ырғағына қарай «Ортеке» ойын көрсеткен.
Бір қызығы «Еркетай» қуыршақ театрының кейіпкерлері түгелдей кітапхана ұжымының туындысы. Еш қаржы жұмсамай, жоқтан бар жасаған рухани орталық мамандарының шеберлігіне еріксіз тәнті болмасқа амал жоқ. Тіпті оқушыларды қуыршақ тігуге баулитын «Шебер қолдар» үйірмесі де жұмыс істеп тұр. Үйірме жетекшісі Ақайша Садықова театр қорындағы 30-ға жуық қуыршақты шәкірттерімен бірге өзі тігіп шыққан.
– Алғаш карантин жарияланып, елдің бәрі үйден шықпауға мәжбүр болған шақта адамдарға өзін-өзі дамыту мен жетілдіруге кітапхана мен мұндағы кітаптар алғашқы көмекші болды деп айтуға толық себеп бар. Өйткені карантин кезінде барша адамзат қауымы жаппай кітап оқуға кірісіп кеткен еді. Сол сәтте біз де қашықтан жұмыс істеудің бірнеше ерекше тәсілін ойлап табуға күш-жігерімізді салдық. Елдегі карантиндік жағдай кітапхана үшін сынақтан өтудің әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің мүмкіндігі болды. Ал біз қашықтан оқытуды талапқа сай ұйымдастырып отырған ошақтардың бірі бола білдік, – дейді кітапхана жетекшісі.
Иә, бүлдіршіндерді театрға қызықтыру мәселесі де қыруар қажыр-қайратты талап етеді. «Еркетай» қуыршақ театры көрермендерді театрға көптеп тарту мақсатында балаларға арнайы шеберлік сағаттарын өтіп жүр. Тіпті Арсен Хасан, Жанберік Сұлтанбеков, Балнұр Қапанова, Еңлік Еламан сынды «Еркетай» боок-театрының мүшелері мықты әртістерден кем ойнамайды.
Театр ең алғаш «Әжем айтқан ертегі» жобасы аясында фейзбук парақшасына қойылымдарын жариялап, оқырмандарын қуантқан. Артынша «Сыр сандық» жобасы бойынша кітапхана қызметкерлері қуыршақтармен сахналанған ертегі ұсынды. «Сол шақтарда оқырмандарымыз да саналы түрде «Білім өзім үшін керек» деп кітапханалар ұсынған бар мүмкіндікті пайдаланып отырды» дейді кітапханашылар.
Қазіргі таңда театр қоржыны молайған. «Сақтықта қорлық жоқ», «Біреуге ор қазба», «Несі қате?», «Алдар көсе және қу жауырын», «Қарға мен түлкі», «Ит пен мысық адамға қалай дос болды?», «Батпан құйрық», «Түлкі, қоян және әтеш» қойылымдары көрермендердің жүрегіне жол таба білді. Әсіресе «Еркетайдың» «Сырлы сандықтағы ертегілер» айдары бойынша «Алдар көсенің хикаялары» кітабынан ұсынатын ертегілерін балалар сүйіп тамашалайды. Қазақстан мен Корей мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылуының 30 жылдығына орай 2022 жыл – Мәдени алмасу жылы аясында жуырда ғана «Несі қате?» атты корей халық ертегісі оқырман назарына ұсынылды.
Қуыршақ театрының ұжымы мектептер мен балабақшаларды аралап, балаларды түрлі ертегілермен қуантқылары келеді. Бірақ оған дәл қазір мүмкіндік жоқ. Себебі өздері әупірімдеп жасап алған сахна ары-бері алып жүруге қолайсыз. Кітапханашылар сахнасын сайлап алса, ауданға қарасты білім ордаларын аралап шығуды жоспарлап отыр.
Кішкентайлардың мәдени өмірге араласып, рухани дамуына ықпал ететін осындай игі бастамалар көптеп керек-ақ. Алғашында онлайнның орнын толтыру үшін ғана құрылған театр бүгінде кішкентай оқырмандардың сүйікті мекеніне айналған. Алдағы уақытта осы бір тың жобаға қолдау көрсетіліп, шиелілік балақай түгелдей қызығын көретін кәсіби театр болатынына үмітіміз басым.
Гүлхан ЯХИЯ