Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САЛТ-ДӘСТҮР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

САЛТ-ДӘСТҮР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік тарихи тағылымы бар. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихты елестету мүмкін емес.
Жалпы халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. «Бала бауыр ет», «балалы үй базар» деп халқымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұрпағына «бесік жыры» арқылы сіңдіріп отырған. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңде болсын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен мәдени мұрамыз арқылы халық әркез өзін-өзі тәрбиелеп отырады.
Балалардың бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіре отырып, ата дәстүрін танып білуге, ардақтауға, құрметтеп мақтан тұтуға тәрбиелеу – басты мақсатымыз. Осы орайда №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандылыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүр жайлы әдебиеттерді насихаттау барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Адам баласы қашанда тәрбиеге мұқтаж. Тәрбие еліміздің, ұлтымыздың бүгіні мен болашағы баянды болу үшін қажет. Сондықтан да алдымен, бүгінгі қоғам келбетімен үндесетін ұлт болашағының бағытын анықтап алу керек. Әр ұлттың баяғы заманнан келе жатқан тәрбиелеу жүйесінің өзіндік жолы бар. Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады. Сондықтан оны рухани тұрғыда ұлт тағдырымен байланыстыра отырып, бүгінгі қоғам келбетімен санаса отырып, алға бас­тыру қажет.
Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Жуырда «Дәстүр және ғұрып» жобасы аясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлыры С.Өтеева мен Г.Достияровалардың ұйымдастыруымен 6 сынып оқушылары арасында «Салт-дәстүрім – таусылмайтын байлығым» атты мазмұнды шара өтті. Кеш барысында оқушылар ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында сахналық қойылым жасады. Мәселен, 6 сынып оқушысы Еркінов Мұстафа Қыдыр ата рөліне еніп, шараның басынан-аяғына дейін ұлттық салт-дәстүріміздің мәйегі сақталған қазақ ауылдарын шетелдік жас тілшіге аралатып, әрбір әдет-ғұрыптың тәрбиелілік мәнін, өміршеңдігін таныстырды. Іс –шара барысында әр сынып өзіне берілген тапсырманы үлкен жауапкершілікпен орындады. 6 «ә» сыныбы бесікке салу дәстүріне тоқталып, бесік жасауының мән-маңызын, қасиетіне жете тоқталды. 6 «Б» сынып оқушылары баланы қырқынан шығару рәсімін ұйымдастырды. Жас нәрестені қырқынан шығару мектеп-лицейдің ардагер ұстазы, аяулы әже Бақыт Ерденоваға бұйырды. Дәстүрдің қыр-сырын қалт жібермейтін ардагер ұстаз көпшілік білмейтін, ұмытылып бара жатқан тұстарын ерекше атап өтті және көрсетті. Бідің қалыптасқан дәстүр бойынша қырқынан шығару рәсімі тек қыз-келіншектер қауымына тиесілі деп ойлап келгенбіз. Алайда, олай емес екен, шақалақ баланың тырнағын арнайы қайратты, қайсар болып өссін деген ниетпен ер адамға алғызатынын көпшілік осы шара барысында білді. Және де балалардың қайталанбайтын, бірі біріне ұқсамайтын қырық түрлі тілек айтуы сахнаның сәнін аша түсті. Қазақ халқының өмір салтына көрік беретін дәстүрдің бірі – тұсау кесу. 6 «в» сынып оқушылары да бұл салттың адам өмірінде ерекше маңызға ие екендігін көреременге жеткізе білді. Қазақ ежелден қыз баласын құрметтеп, оң жақтан орын берген халықпыз. Қыз – болашақ ана, шаңырақтың берекесі екендігін насихаттау 6 «Г» сынып оқушыларына бұйырса, 6 «Е» сыныбының оқушылары қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан тілашар салтын өте жоғары деңгейде сахналады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ұлы қаламгер М.Әуезов айтқандай, қай ғасырда, қай қоғамда болсын ата-ана міндеті – саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше ұлт үшін салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Салтымыз бен қоғамның тарихи дамуының сабақтастығын бұзбай, құндылықтарымызды сақтау үшін балаларға дәстүріміздің озық үлгілерін насихаттап отырсақ ұлттық тәрбиеміздің іргетасын бекіткеніміз болар еді.

Гүлназ ДОСТИЯРОВА
04 ақпан 2022 ж. 34 650 0