Енші беру – ата-ананың маңызды міндеті
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Иә, ата-баба аманаттаған, тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрлер қашанда тәрбие құралы екені анық. Олардың барлығы өскелең ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, ізеттілікке, ержүректілікке, шыдамдылыққа, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа, қонақжайлылыққа бейімдейді. Қазақта әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан игі салт-дәстүрлер бар. Солардың бірі – енші беру.
Ата-ана үшін балаларының өмірде аяққа тік тұруы өте маңызды. Әсіресе, отбасын құрған сәтте рухани да, материалдық та қолдауы қажет. Енші беру дәстүрінде осы жайт көрініс табады. Өйткені, кез келген ата-ана баласын бір жақты қылмай көңілі тыншымайды. Кенже баласын шаңыраққа қалдырып, қалған балаларының отауын тігіп, «енді өз күндерін өздері көрсін» деген ниетпен жаңа өмірге қанат қақтырады. Бестам ауылының тұрғыны, 70-тің желкеніне жетіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған Ұлған Қошқарова аталған дәстүр туралы өз ойын тиянақты жеткізді.

– Енші беру – сан ғасырдан бері келе жатқан төл мәдениетіміз, салт-дәстүріміз. Ол ата-ананың балаға жасаған көмегі деп білемін. Үй ішінен үй тігіп, өрісің кеңейіп, бүтін бір әулетке айналудың бастамасы емес пе? Аллаға шүкір, 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірдім. Дәстүрден озбай, барлық балаларымды аяқтандырдым. Бүгінде екі ұлым өз еншілерін алып, бөлек шықты. Қолымда кенже балам бар, – дейді ақ жаулықты әже.
Иә, енші беру – шынында бір керемет дәстүр. Яғни ата-ана төрт-түлік малдың ішінде түйе немесе жылқыны жаяу жүрмесін, мінерге көлігі болсын деген ниетпен ұсынса, өсіп-өнсін, көбейсін, көктесін деген ырыммен аналық қойдың құлағына ен салып береді. Одан бөлек ыдыс-аяқ, көрпе-төсек сияқты үйге керекті заттарды да үлестіреді. Ал жоғарыда айтқанымыздай, кенже ұл шаңырақтың иесі болып қалады. Барлық мал, дүние-мүлік соның еншісінде. Сондықтан оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, бітім-болмысының дұрыс қалыптасуына ықпал жасайды. Бетінен қақпай өсіріп, барлық айтқанын орындайды. Сонда ғана ол өжет, ержүрек, рухты, мықты азамат болып ержетеді. Сәйкесінше қара шаңырақ иесінің бойында сол қасиеттер болуы керек.
Халқымызда «Алты жыл аш болсаңда, атаңның салтын ұмытпа» деген тәмсіл бар. Бүгінгідей тәуелсіздігімізді алып, алпауыт елдермен тереземіз тең уақытта жас ұрпақ халқымыздың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жетік меңгеруі керек. Сонда ғана жүрегімізге қуат, көңілімізге мақтаныш сезімін сыйлайтын дәстүрлер ұмыт қалмай, елмен бірге бітеқайнасып өмір сүрері хақ.
Фариза КЕНЖЕШОВА