Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Табақ бет, таңқы танау» қалай жазылды?

«Табақ бет, таңқы танау» қалай жазылды?

Бүгінгі әдебиетте жазып жүрген авторлардың бәрі әуесқой жазушылар. Оның себебі де анық: қоғамда жазушылықпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жоқ. Халық үшін де, билік үшін де әдебиет белгісіз бір орында қалған өнерге айналды. Сондықтан кейде прозашыларға биік талап қоюға дайын тұратынымыз әбестік сияқты көрінеді. Алайда «әдебиет – ардың ісі» емес пе еді?.. Әлқисса.
Кейде сізге айналаңыздағы барлық адам бір образ болып көріне ме? Жалпы, халықтың бір мінезге, бір сөзге, бір ойға, бір қалыпқа айналуы мүмкін бе? Бұл көрі­ніс­ті көз алдыңызға елестетсеңіз, әри­не, қор­қынышты фильмдер еске түседі. Де­ген­мен қоғам адамдарды тәр­бие­лейтіні де рас.
Жоғарыда айтқан әуесқой жазушылар­дың бірі – Есбол Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» әңгімесіндегі кейіпкері дәл осындай күй кешеді. Күндердің бір күнінде ұйқысынан оянып, сыртқа шықса, аялдамадағы адамдардан бастап бәрі табақ бет, таңқы танау кемпір-шалдарға айналыпты. Автобуста отырған халық, кондуктор, жұмысындағы күзетшілер, кабинетіндегі әріптестері – бәрі-бәрі түрлі киім киген бір адамдай: табақ бет, таңқы танау. Көргендерінен шошынған ол өң-түсін ажырата алмай, үйіне қарай зытады. Ентігіп үйіне келсе, телевизор алдында әлдене тоқып таңқы танау, табақ бет сары кемпір отыр екен: әйелі.
Жазушының прототипі көбінесе қо­ғам­нан алынған жинақы образдан жасалады. Дегенмен соның өзінде сол образға әсер еткен оқиға, не адам болатыны анық. Мәселен, осы «Табақ бет, таңқы танау» новелласындағы табақ бет, таңқы танау сары шал образы қалай пайда болды? Автордан сұрап көрдік.
«Осыдан 4-5 жыл бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде журналист болып жұмыс істедім. Сол жерге әр облыстың әкімдері, министрлер, департамент басшылары келіп баспасөз жиынын өткізеді. Күніне бірнеше пресс-конференция өтеді, сонда келген министрі болсын, облыс әкімі, не басқа басшылар болсын, бәрі бірдей сөйлейді, бірдей дайындықпен келеді, күмілжіп, кей сұрақтарға жауап бере алмай қалғандарына дейін бірдей. Тіпті бөлек-бөлек физикалық денеге кірген бір жан иесі секілді. Бұл тура Атамбевтың сөзіне бола Қырғызстанмен арадағы шекара бекітіліп, дау боп жатқан кез болатын. Пресс-конференцияға келген министрлер де, санитар да осыны ашық айта алмай, қырғыз тауарларының талапқа сай емес екенін кезек-кезек айтып жатқан. Мемлекеттік телеарналар мен басылымдардағы журналистер де, оның ішінде өзім де бар, мыңқ етіп басқа сұрақ та қоя алмаймыз, басқа ақпарат та жаза алмаймыз. Сол тұста қатты депрес­сияға кеттім, айналамның бәрі бір адам секілді, бөлек мінезді, бөлек пікірлі ешкім жоқ секілді көрініп жүрді. Осы құбы­лыстардан кейін «Таңқы танау, табақ бет сары шал» образы өмірге келді. Новелла жарық көрген соң прототипті дәл танып жатқандар да болды, өзінше қиялдап, өзінше талдап жатқандар да болды. Негізі, өз басым оқырманның тұжырымы дұрыс деп есептеймін», деді Е.Нұрахмет.
Автор бұдан бөлек «Журналист, молда, киллер және жезөкше» новелласындағы кейіпкерлерге де тоқталды.
«Бұндағы молда да, киллер де, жезөкше де өзінің істеп отырған ісін Құдайдың қол­дауы деп түсінеді. Біздің қоғамда не жағым­паздықпен, не пысықтықпен, мүмкін өзінің қабілеті мен еңбегі арқылы байыған, жолы болған адамдардың көбі өздерін Құдай қолдаған соң осындай табысқа жеттім деп есептейді. Тіпті біреуге қиянат жасап жат­са да Құдай берген күштің, мықты­лық­тың арқасы деп қарайды. «Құдайдың шын әділеті не?» деген ойға бастарын қатыр­майды. Бұндағы образдар осы қоғам­дағы былыққа белшесінен батып жүріп, әділет пен ақиқатты тұншықтыра жүріп, өз­де­рін Құдай сүйген адам санайтын шала ақыл­дылар деп есептеймін. Оқырман қа­лай түсінді, ол әркімнің өз ісі, әрине», деді ол.
Иә, көркем шығарма – қоғамның көрінісі. Сол заманның шындығы да, өтірігі де, жасандылығы да, тіпті жаппай үнсіздігі де қоғам тудырған шығармаларда бейнеленсе керек. Жазушының негізгі миссиясы да осы емес пе?..


https://egemen.kz​​​
02 ақпан 2022 ж. 430 0