Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылға өкпе жоқ

Өткен жылға өкпе жоқ

Әне-міне дегенше сиыр жылын артқа тастап, барыс жылына қадам бастық. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Жылды қорытындылайтын сәт те жеткендей. Жалпы молшылық пен берекелі жыл саналатын сиыр жылы жаман болмады. Ең бастысы халық карантиннен шығып, қалыпты өмірге қайта оралды.
Өткен жылдың басында қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік алды. Мұны пайдаланған адамдардың көбісі үйді ипотекасыз сатып алды, қалғаны бұрынғы кредитін ішінара жауып, басқалары алғашқы жарна ретінде құйған. Зейнетақы жинағына үй салғандар да бар.
Ал, ақпан айында республика бойынша коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Бас кезінде екпе салу науқанының қарқыны жақсы болған. Алайда, артынан баяулап кетті. Содан жергілікті билік пен кәсіпкерлер сан алуан акциялар ұйымдастыруға кірісті. Мәселен, астанада екпе алғандардың арасында пәтер ойнатылды. Ұялы телефондар мен тұрмыстық техника таратылды. Вакцина алатындардың саны көбейсе де, ұжымдық иммунитетке жете алмадық. Бүгінде вакцинаның екі бірдей дозасын алған қазақстандықтардың саны 8 миллионнан асты. Ұжымдық иммунитетке жетпесек те, республика бойынша ревакцинация басталды. Бала емізетін әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға вакцина салынып жатыр.
Биыл оқушылар мектепте сабақ оқи бастады. Басында аралас оқу форматы енгізіліп, тек белгілі бір сыныптар ғана партаға қайта отырды. Ал, жаңа оқу жылы­нан бастап барлық оқушы дәстүрлі форматқа ауысты. Тағы бір жыл жаңалығы – бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» таратылды. Үшінші тоқсаннан кейін олар «Ана тілін» оқиды.
Биыл президенттің тапсырмасы бойын­ша «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылады. Соның аясында экстракорпоральды ұрықтандыруға берілетін квотаның саны 7 мыңға дейін өсті. Қазіргі кезде республика бойынша 11 мыңнан астам әйел бедеулікпен есепте тұр. Бүгінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген 7 мың квотаның көп бөлігі игерілді. Бағдарлама аясында 40-тан астам бала дүниеге келді.
Мамыр айында Президент микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеуге қатысты маңызды бір заңға қол қойды. Оған сәйкес, кредит тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқартылды. Осылайша, қарызын төлеген, бірақ базада қалып қойған 490 мың адам «қара тізімнен» ерте шығарылады.
Сиыр жылында қымбатшылық қатты сезілді. Алдымен теміржол билеттерінің бағасы көтерілді. Одан кейін электр энергиясы қымбаттады. Артынан картоп пен сәбіздің жыры басталды. Бір келісі 500 теңгеге шарықтап кетті. Артынан біртіндеп түсе бастады. Сол кезде ауыл шаруашылығы министрі қымбатшылықтың себебін түсіндіруге тырысқан. Алайда, Маңғыстау облысында мал қырылғаннан кейін президент оған өз еркімен қызметінен кетуге кеңес берді.
Жыл бойы қазақстандықтар «Ashyq» қосымшасына әбден үйренді. Бас кезінде халық төрт түрлі түске наразы болса да, артынан оған да бейімделді.
Жалпы, өткен жылы Қазақстанның эпидемиологиялық матрицасы мың құбылды. Қалалар мен облыстар біресе «сары», біресе «жасыл» аймақта тұрды. Ал тамыз айында барлығы дерлік «қызыл» аймаққа кіріп кетті. Содан шектеу шаралары да күшейді. Бірақ, жылдың соңына қарай эпидемиологиялық жағдай түзеле бастады. Тіпті, той-домалақ өткізуге рұқсат берді. ­Деген­мен соңғы кезде коронавирустың «омикрон» штамына байланысты алаңдаушылық күшейді. Қазақстанда бірқатар елден адам кіргізуге тыйым салынды.
Елде ақылы жолдар көбейді. Оған Самара-Шымкент күрежолы бойындағы облыс аумағына кіретін жолды да қосуға болады. Жолақы автокөлік түрі мен бағдар ұзақтығына қарай төленеді.
Елде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланды. Заңға сәйкес, оған ардагерлер, кәмелетке толмағандар, жасы үлкендер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдар ілікті.

Облыстағы жыл оқиғалары
Өткен жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. 2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап облыста 44 ауылдық округтің, 1 аудандық маңызы бар қаланың және 2 кент әкімін халық дауыс беру арқылы сайлады.
Сайланғандардың жартысына жуығы бұрынғы әкімдер. Айта кетейік, биылғы жылы облыс бойынша өкілеттік мерзімі аяқталатын 21 әкімнің кезекті сайлауын өткізу жоспарланған болатын.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қызылордада табақ шыны өндіретін зауыт­ы техникалық іске қосылды. Жылына 197,1 мың тонна шыны өндіруге қауқарлы. Технологиялық талап бойынша алғашқы өнім жарты жылға жуық уақыт өткенде шығарыла бастайды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қызылорда қаласында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Бұл – қазақтың атақты қаламгерлері Қалтай Мұхамеджанов, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіровтің келісті ескерткіші орналасқан орын. Жалпы өткен жыл Сырдағы шығармашылық қауым үшін тарихи жыл болды. Мәселен, Сыр журналистикасының тарихына арналған 5 томдық еңбектің тұсауы кесілсе, артынша жас қалам иелерінің «Сыр сандық» атты жинағы жарық көрді.

Аудандағы айшықты ақпараттар
Шиелі ауданының Бекежанов, Қодаманов елді мекендерінің тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Ақмая ауы­лында газ құбырын жүргізу жұмыстары аяқталуға жақын.
Ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы қарсаңында ізбасарлары биыл да жоғары өнімге қол жеткізіп, жыл қорытындысымен Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Оқшы ата» мешіт ғимараты жанынан 250 адамға арналған асхана ашылды.
Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенінің лентасы қиылды. Нысанның бой көтеруіне Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Бағлан Әшірбеков ықпал жасаған. Жалпы соңғы 5 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға берген болатын.
Өткен жылдың қорытынды шараларының бірі ретінде ауданда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жырласа, жастар жырласын» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Шиелі халқы жыл бойы Шеген Қодамановтың 120 жылдығын, Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы мен Закира Ержанованың 95 жылдығын лайықты деңгейде атап өтті.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
31 желтоқсан 2021 ж. 459 0