Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қашықтан жұмыс істеу миға қалай әсер етеді?

Қашықтан жұмыс істеу миға қалай әсер етеді?

Ғалымдар қашықтан жұмыс істеу режимінде мидың когнитивті функциялары қалай өзгеретінін талдады.
Ковид пандемиясының басталуына байланысты көптеген жұмыс берушілер өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу жүйесіне ауыстырды. Дегенмен, пандемияға қатысты қатаң шектеулер жойылғаннан кейін де, мұндай режимнің тиімді тұстарынан бас тартқысы келмеген кей жұмысшылар үйден жұмыс жасауды жалғастыруды таңдады.
Өкінішке орай, жаңа зерттеу қашықтан жұмыс істеу ми қызметінің айтарлықтай бұзылуына әкелетінін көрсетті.
Роттердам менеджмент мектебінің зерттеушілері әлемдік деңгейдегі шахматшылар тобы жасаған 215 000 жүрісті зерттеді. Кейбіреулер қашықтан ойнады, қалғаны турнирлерде бетпе-бет ойнаған. Ғалымдар үйден ойнаған шахматшылардың ойын сапасы оффлайн ойнағандарға қарағанда әлдеқайда нашар екенін анықтады.
«Біздің зерттеулеріміздің нәтижелері қашықтықта жасалған жұмыстың өнімділігі айқын төмендейтінін көрсетеді», - дейді зерттеу авторларының бірі, доктор Дайнис Сегнерс. Ол шахматтың «кеңседе жұмыс істеуге ұқсайтынын» баса айтады. «Шахматта қолданылатын танымдық дағдылар өмірдегі күрделі тапсырмаларды шешуге  де қолданылады. Мысалы, келісім-шарт жасау, тендерлік құжаттарды немесе басқару шешімдерін дайындау, яғни анық және нақты ойлауды қажет ететін осындай міндеттерді қажет деңгейде атқару да шахмат ойыны іспетті», - деп түсіндіреді ғалым.
«Карантинге дейін де бәріміз қашықтан жұмыс істеуге ауыссақ болатын еді. Бірақ жұмыс берушілердің бұған келіспеуінің өзіндік себептері болды», - деді тағы бір зерттеуші, Манчестер университетінің психология профессоры Кэри Купер. Оның айтуынша, қашықтан жұмыс істеу арқылы біз өз жұмыс сапамызға қатысты пікірді сирек естиміз. Бұл біздің маман ретінде өсіп, жақсы жаққа өзгеруімізді баяулатады. Сонымен қатар, кеңседе қазіргі таңда кез келген маманға талап ретінде қойылатын дағдыларды дамыта аламыз. Мысалы, ондай қасиеттерге ынтымақтастық пен қиын әлеуметтік жағдайларда тез әрекет ету жатады.
Роттердам зерттеуі кеңсе жұмысының артықшылықтарын көрсететін жалғыз зерттеу емес. Осы жылдың қыркүйек айында Ұлыбританияда жүргізілген сауалнама күнделікті кеңсеге барып-қайту психикаға оң әсер ететінін көрсетті. Зерттеуге қатысушылардың 45 пайызы өз ойларын әріптестерімен тікелей бөлісе алатындықтан кеңседе өздерін өнімдірек сезінетінін айтқан. Зерттеуге қатысқанның жартысы үйден жұмыс істегенде үй шаруасына тым жиі алаңдайтынын мойындаған.
Осы сауалнаманың нәтижелерін талдай келе Лондон университеті колледжінің неврологтары кеңсеге бару қызметкерлерге жұмыс пен үй өмірін ажырата білуге мүмкіндік беру арқылы танымдық қабілет пен өнімділігін жақсартатынын айтты. Ми функцияларын зерттеуші профессор Джозеф Девлин The Telegraph басылымына берген сұхбатында: «Кеңседе жұмыс істеу үйден жұмыс істеуге қарағанда тиімді, әсіресе басқа адамдармен бетпе-бет қарым-қатынас жасау арқылы тәжірибе арттыру мүмкіндігін береді», - дейді.
«Кез келген ұлттың интеллектін төмендету оның өкілдерін әлеуметтік оқшаулаудан басталады. Жалғыздық күніне 15 қорап темекі шеккенмен немесе бір бөтелке джин ішкенмен бірдей», - дейді Джеймс Гудвин.
Беркли университетінің тағы бір зерттеуі өзін «жалғыз» деп сипаттайтындардың ойлау қабілеті әлеуметтік белсенді адамдарға қарағанда 20 пайызға төмен екенін көрсеткен. «Әлеуметтік оқшаулану зиянды және ақыл-ес кемістігіне алып келеді, сондай-ақ когнитивтік функцияны төмендетеді», - деп жалғастырды Гудвин.
Ғалым Кэри Купер дұрысы үйде және кеңсе жұмыс істеу режимін қатар ұстану деп санайды. «Зерттеу қызметкерге белгілі бір автономия беру шаршаудың азаюына әкелетінін және жалпы өнімділікті арттыратынын көрсетті. Мұндай гибридті жұмыс істеу режимі ең тиімді жол екені даусыз», - деді ғалым.

https://massaget.kz​​​


27 желтоқсан 2021 ж. 409 0