Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем елдеріне қашықтан жұмыс істеу қалай әсер етті?

Әлем елдеріне қашықтан жұмыс істеу қалай әсер етті?



Коронавирус көпті тиімді өмір сүруге бейімдеді. Балалар партаның орнына компьютер алдында сабақ оқуды үйренсе, ересектер қашықтан жұмыс істеуге дағдыланды. Алғашында жұрттың көбі бұған сенімсіздікпен қарағаны рас. Алайда қазір кейбір елде үйден жұмыс істеу өз тиімділігін көрсеткен. Бірақ бәрі бірдей жақсы деп айтудан аулақпыз, әрине. Жоқтан бар жасауға тырысқанмен мұндай тәжірибелердің олқы тұстары да бар. Қашықтан жұмыс істеудің несі дұрыс емес? Бұл кедей мемлекеттерде байқалып отырған жағдай шығар? Жоқ, бұл жағдай тіпті дамыған елдердің өзінде де кездеседі. Мәселен, Италияда қашықтан жұмыс істеу бюрократияның артуына әкеп соқтырған.
Ұлыбританияда қашықтан жұмыс істеу тиімділігін көрсетті Ұлыбританияда қашықтан жұмыс істеудің ешқандай кері әсері байқалмаған, қайта қызметкерлердің жұмыс өнімділігін арттырған. CIPD қауымдастығы жүргізген сауаланамаға қатысқан компания басшыларының 71%-і осындай пікір білдіріпті. Сондықтан фирма жетекшілерінің 63%-і пандемия аяқталғаннан кейін өз қызметкерлеріне аптасына бірнеше күн үйден жұмыс істеуге рұқсат береміз деп отыр. Алайда бір қызығы, оған құлшынып тұрған мамандар жоқ. Сауалнамаға сәйкес, он қызметкердің тоғызы қайтадан кеңсеге оралуды қалайтын көрінеді. Эд Маккормак, Цифрлық технологиялар жөніндегі сарапшы: - Қашықтан жұмыс істеудің тиімділігі пандемияға дейін талай мәрте көтеріліп келген. Коронавирус оны шамамен 10 жылға жылдамдатып жіберді. Қазір ең бастысы, мамандар үшін ноубтук, байланыс пен технологиялар болса, кез келген жерден жұмыс істей алады деп ойлаймын. Джейсон Гриффин, FIVE9 компаниясының кеңесшісі: - Менің ойымша, болашақта біздің түсінігіміздегі дәстүрлі жұмыс мүлде басқаша болады. Адамдар дүйсенбіден жұмаға дейін 9-дан кешкі 5-ке дейін кеңседе отырмайды. Дені үйден жұмыс істейді деп ойлаймын. Бұл көбінің көңілінен шығады. Тиісінше, еңбек өнімділігі де артуы тиіс.
Францияда шағын компаниялар үшін қашықтан жұмыс істеу ыңғайлы Францияда эпидемиологиялық ахуалға байланысты компания басшыларына қызметкерлерін мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіру тапсырылған. Олай болмаған жағдайда айыппұл төлеуі мүмкін. Оның көлемі 15 мың еуроға дейін жетеді. Алайда 9 маусымнан бастап фирма иелері ары қарай қалай әрекет ететіндерін өздері шешеді. Шағын компаниялар қашықтан жұмыс істеуге бейімделіп алғанға ұқсайды. Мәселен, Париждегі «Изиблю» сақтандыру компаниясы қызметкерлерінің барлығын қашықтан жұмыс істеуге көшірмек. Еңбек өнімділігінен бөлек, бұл экономикалық жағынан да тиімді. Өйткені компания басшылығы кеңсені жалға алып, шығынданбайды. Ал, қызметкерлер Париждің өзінде емес, төңірегіндегі тұрса көп ақша үнемдейді. Басшылық мамандардың басын 3 айда бір рет қана қосып отыруға ниетті. Жан Коме, инженер: - Үйден жұмыс істеу меніңше жақсы дүние. Дегенмен, әріптестірімізбен кездесіп, жүзбе-жүз сөйлескен де жақсы ғой. Әсіресе, Парижде осылай болу керек деп санаймын. Өйткені біз шағын пәтерлерде тұрамыз. Күні бойы төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Сондықтан мәселен, бір апта кеңсеге келсек, келесі апта үйден жұмыс істеуге болады.
Италияда қашықтан жұмыс істеу бюрократияны арттырд Ал, Италияда қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі сәтсіздікке ұшырады. Оған «цифрлық теңсіздік» себеп. Өйткені Аппенин түбегінде интернетпен қамту көрсеткіші әлі де төмен көрінеді. Жылдамдық да мардымсыз. Оның үстіне ноутбук, компьютер, сканер, принтер секілді керек-жарақ қызметкерлердің бірінде болса, бірінде жоқ. Жекеменшік фирмалар мамандарын техникамен қамтамасыз етіп, бұл мәселені өйтіп-бүйтіп шешсе, мемлекеттік мекемелер тығырыққа тірелді. Салдарынан бюрократия артып, тұрғындар үшін қосымша қиындықтар туындады. Сол себепті үкімет жергілікті әкімшіліктерге бұл мәселені өз беттерінше шешуге рұқсат берді.
Мексикада қашықтан жұмыс істеу теңсіздік мәселесін өршітуі мүмкін Мексика, Америка ғалымдары да қашықтан жұмыс істеуге қатысты зерттеу жүргізген. Сөйтіп, бұл пандемиядан кейінгі кезеңде экономикадағы еңбек өнімділігін 5%-ке арттыруы мүмкін деген қорытындыға келген. Өйткені жолға, сондай-ақ кеңсені жалға алуға ақша кетпейді. Мамандар қаланың ортасындағы қымбат ауданда емес, шаһар шетінде де тұрып үнемдей алады. Оның үстіне күнделікті көлікпен кеңсеге қатынамаған соң ауаға бөлінетін зиянды заттар мөлшері де азаяды. Бірақ ғалымдар бір жағынан бұл теңсіздік мәселесін өршітіп жіберуі мүмкін екенін айтады. Өйткені үйден жұмыс істейтіндер – бұл жоғары білімі бар әрі көп табыс табатын азаматтар. Ал, тамақ әзірлеу секілді жалақысы төмен салада еңбек ететін мамандар қашықтан жұмыс істей алмайды. Тиісінше, бұл адамдардың вирус жұқтыру қаупі де жоғары болатыны түсінікті.

https://24.kz​​​
05 мамыр 2021 ж. 462 0