Тәуелсіздік – баға жетпес байлығым

Осы тұста Ә.Тәжібаев ауылындағы «Ақбесік» бөбекжай бақшасында «Балдәурен» тобымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесіне орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты ертеңгілік өтті. Бұл шараның мақсаты жас ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге, патриоттық сезім ұялатып, әр азаматтың еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға тәрбиелеу. Шараға Шиелі аудандық мәслихат депутаттары Патима Маханбет, Ақсамал Сардарбекқызы, Телікөл ауылдық округінің әкімі Ә.Сәрсенбаев пен «Ақбесік» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Ж.Әлиакбарова қатысты.
Мерекелік концерт Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнімен басталып, бүлдіршіндер азаттық үшін жанын берген Қайрат, Ләззат, Ербол сынды аға-апаларымызға арналған әндері мен өлеңдерін айтты. Сондай-ақ, А.Тұрсынбек «Тәуелсіз ел ұраны», Б.Асылханов «Тәуелсіздік –тірегім» атты ән шашуын арнаса, Д.Төребек Қ.Рысқұлбековтың өлеңін оқыды.
Шара соңында келген қонақтар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтай отырып, өскелең ұрпаққа ақ тілегін айтып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Б.Қалеке, А.Мұханбетәлі, М.Әбдіқалықова, Б.Омаровтардың еліміздің жарқын болашағы үшін сіңірген еңбегін бағалап, арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Нұрай Қалышбекова