Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтан Алаш!

Мақтан Алаш!

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақтың сақтан қалған сарқыт, үйсіннен қалған үтір, ғұннан қалған жұрнақ екені рас. Тумысынан дархандықты жаны сүйіп, қазақтығын «азаттығым» деп санайтын ұлт.
Иә, жалпы қазақ «қазақ» болып жеке дараланғаннан кейін тамырын тереңге жайып, тарихының өзіндік тармағын тарата бас­тады. Осы қара шаңырақтың негізін салып, қазақты өзгелердің қол астынан азат еткен – Керей мен Жәнібек сұлтандар. Бұл сұлтандардың Әбілқайыр сынды қаһарлы ханның қол астынан бөлініп кетіп, қазақ хандығын құруының өзі қазақтың намысына берік, ұятты өлімнен биік қоятын, рухы мықты ұлт екеніне дәлел емес пе?! Қазақтың батырлығы да, суырып салма ақындығы да, махаббат пен досқа деген адалдығы да әрқайсысы бір бөлек мақтаныш қой, шіркін! Ал егер өзгелер қазақтан кінәрат тапқысы келіп, қазақтың батырлығын сынға алғысы келсе, тамырын тереңге жайған тарихқа үңілсін. Қазіргі таңда, қытайдың мақтанышына айналып отырған «Ұлы Қытай қорғанының» салыну, «жоңғар» атты тайпаның тарихи сахнадан біржола жойылу себебін зерттесін. Суырып салма ақындығына, қаламгерлігіне күмәндері болса, домбыраны қолға алған, сөзге шешен жандар тоғысатын айтысты көріп, әлем кітапханаларынан беделді орын алатын қазақ әдебиетін оқысын. Сондай-ақ, нағыз махаббат хикаясына қанық болғысы келетіндер Жібек пен Төлегеннің, Қозы мен Баянның, Еңлік пен Кебектің ғашықтық хикаяларын оқысын. Көрдіңіз бе, қазақты қалай сынасаң да бойынан адамзатқа жат өрескел қылықты таппайсыз. Абылай хан айтпақшы, біз: «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз».
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16 желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Ән-ұранымен айбатты. Еңсемізді тіктеп, егемен ел, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Сондай-ақ, біз қазақтығымызды еш уақытта жоғалтқан емеспіз. Әлі де сол баяғы сом білек пен өр жүректің арқасында намыс туын желбіретіп, белдескеннің белін үзіп, сыйласқанның сиын беріп, егескеннің еңіренткен қалпымыздан тайғанымыз жоқ. Сондықтан да, бар қазақты бауырым деп, бір қазақты туысым деп, руымыз бөлек болса да, ұлтымыз бір деп жүретін қазақ болып туғаныңызға қуаныңыз!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
13 шілде 2021 ж. 454 0