Сол бір жылдың ызғары
Талайды тоңдырған, гүлдерді солдырған желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Осынау бір қанды оқиға жайлы еске алмау мүмкін де емес. «Желтоқсан оқиғасы» мен Тәуелсіздік – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Өзге ұлт өкілінің билік басына келгеніне наразылық білдіріп, бейбіт шеруден басталған оқиғаның соңы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова сынды сол кездегі өрімдей жас бозбала – бойжеткендеріміздің құрбан болуына алып келді.
Желтоқсан оқиғасы ерді де, қызды да аямады. Алаңға тек ер жігіттер ғана емес, қайсар мінезді, батыл нәзік жандылардың қатысқаны баршамызға мәлім. Иә, «Құйын-86» деген атпен де белгілі болған оқиғаның куәгерлері – бүгінде орта жастан асқан, өмірдің кемелдену кезеңіне аяқ басқан жандар. Сол ызғарлы күннің куәгері Шара Қилыбаева 1968 жылы Шиелі ауданы, Талаптан ауылында өмірге келген. Өрімдей жас қыз орта мектепті бітірісімен, арман қуып Алматыға аттанады. Ол кез 1986 жылдың желтоқсанын былай деп еске алды. «Санам мен жүрегімде өшпестей орын алған, ешқашан өлмейтін тарих бұл. Ол кезде мен «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универсиетінің студенті едім. Аяқ астынан қаулаған өрттей тез тұтанған жастар мен студенттер ереуілі таңғы 6-дан басталды. Алматыдағы орталық алаңға жиналғандағы басты мақсат – елімізді қазақ ұлтының азаматы басқарсын деген талап еді», – деп, терең тыныстады.

– 16 желтоқсан күні таңертең жатақхана ішінде жуынуға шықсақ, айналадан айқай-шу естіліп жатыр. Сол күнгі күн реңі де қолайсыздау. Суық күндегі шуыл арасынан «Қонаевты орнынан алып, шеттен Колбин деген біреуді әкеліп қойыпты. Елден бір адамның табылмағаны ма?» деген жанайқай жаңғырық естілді. Байқасам – алаңға ағылған замандастарым. Мән-жайды білген соң біз де беттедік. Жаспыз ғой. Алаңға келгенде жиналған жастардың қарасы едәуір молайған. Бір таңғаларлығы, алаңда жиылған тек қазақтар ғана. Өзге ұлт өкілдері көзге шалынбайды. Бейбіт шеруге шыққандардың қолдарына көтерген «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр республикаға – өзінің басшысы!» деген мазмұнда ұрандар тасталды. Мұздай қаруланған солдаттар біздерді кейін қарай қуып тастайды. Іле-шала албырттықпен тағы алға қарай лықсыған кезімізде алаңды қоршаған милициялар мен солдаттар ызаланып дауыс көтеріп, лас сөздермен балағаттап, кері қуады. Ит қосып, өрт сөндіретін машинадан су шашты. Қыстың қытымырында денеге тиген су аязбен араласып, денені қариды. Сол көтерілісте талай жас құрбан болды, талай кеудеге жазылмас жара салды, – деген желтоқсаншының жанарынан жас ырықсыз төгіліп түсті.
Жүрекке өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын естігенде біздің жанымызды сол жылдың ызғыры есіп өткендей болды. Небір қиындықпен келген азаттығымыздың ақ таңы атып, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп тіледік
Шапағат ТІЛЕУБАЙ