Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

19 миллион! 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткен халық санағының нәтижесі бойынша елде осынша азамат тұрып жатыр.
Санаққа қатысқандардың 40 проценті сауалдарға онлайн жауап берген екен, қалған 60 проценті үй-үйді аралау кезінде сұралған. Биыл халық санағы алғаш рет электронды форматта өтті.
Қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 проценті – ерлер, 51,29 проценті әйелдер. Жалпы халықтың 33,97 поценті – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 проценті – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 процентке жеткен. 2009 жылғы санақ нәтижесіне қарағанда елдегі қазақтардың үлесі жеті процентке артқан. Халықтың 59,05 проценті, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған. Қазақстан халқының орта жасы – 31,94 жас деп көрсетілген. Мамандардың айтуынша, бұл өзге елдермен салыстырғанда анағұрлым жас көрсеткіш. Мәселен, Монакода орта жас 55 болса, Жапонияда – 44. Демографтар әлемді шарпыған пандемия да халық санына әсер еткенін атап өтті. Елде өлім-жітім деңгейі 20 процентке артқан. Қан тамыры жүйесіне, онкологиялық ауруларға қатысты және де тыныс алу жолдарының ауруына шалдығып, көз жұматындар көбейген.
9 миллиардтан астам қаржы бөліп, 25 мың қызметкер жұмылдырылған науқан нәтижесі осындай. Десе де санақшылардың айтуынша, бұл түпкілікті нәтиже емес. Соңғы шешім 2023 жылы шығарылады. Себебі, толық сараптама жасауға біршама уақытты керек етеді. Ол кезде тек сандық мәлімет болмайды. Ол сандар нені білдіреді? Соңғы халық санағынан бері қай жаққа өзгеріп барады? Және осы ағымдағы статис­тикамен қандай айырмашылық бар? Қалай орын алды? Соның барлығы түсіндіріліп жазылады.

«Өскен өңір» ақпарат
10 желтоқсан 2021 ж. 358 0