Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда онлайн санақта көш бастап тұр

Қызылорда онлайн санақта көш бастап тұр

Қазақстанда халық санағынан онлайн өткендердің саны 5 миллионнан асты. Осылайша бүгінде санаққа қатысқан халық үлесі 26,3%-ті құрап тұр. Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда. Мұнда 603 743 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған.Ал, жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы көш бастап тұр.
Санақ – тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзінде міндетті түрде өткізілуге тиісті шара. Себебі санақ 10 жылдағы даму деңгейін, сандық тұрғыдан көп мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік береді. Сол арқылы қоғамда халықтың өсуі, тұрмыс жағдайы, экономикасының дамуы – бәрі санақ арқылы анықталады. Елімізде алғашқы санақ 1999 жылдың 25 ақпаны мен 4 наурызының аралығында өткізілсе, екінші санақ 2009 жылы өтті. Одан кейін араға он жыл салып, үшінші санақ 2019 жылға жоспарланған еді. Алайда, бүкіләлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясына қатысты елде орнаған төтенше жағдай және карантиндік шектеулерге байланысты Үкімет санақты кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Осылайша, Ұлттық халық санағын өткізу уақыты Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығына белгіленді.
Ал, енді ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 5 003 105 респондент онлайн санақтан өткен. Олардың 4 323 686-сы sanaq.gov.kz сайтында, 484 878 адам Egov порталында тіркелу арқылы ­жауап берсе, 194 541 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысқан. Жоғарыда атап өткеніміздей онлайн санақтан өткендер тізімінің басында Түркістан облысы тұрса, әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыс­тары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 136 773 және 133 377 адам санақтан өтіпті. Сондай-ақ, жергілікті халық санына шаққандағы көрсеткіш бойынша Қызылорда облысынан соң Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 35,9% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен екен.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
28 қыркүйек 2021 ж. 237 0