Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздікпен бірге өскен құрылым

Тәуелсіздікпен бірге өскен құрылым

Сан ғасырлардан бері жалғасқан билер жүйесін қалыптастырған «Қасым ханның қасқа жолы» кейіннен Әз Тәукенің «Жеті жарғысымен» жаңарып, өз заманына лайықталып қайта жазылды. Сол секілді бүгінгі құқық қорғау саласы да уақыт өткен сайын ашықтығымен, ыңғайлылығымен, тиімділігі және жетілгендігімен сол тарихи жүйені қайталауда.
Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Қазақстан прокуратурасының алғашқы қалыптасуы мен дамуы 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан Орталық Атқару комитетінің 3-ші сессиясының 2-ші шақырылымның шешімінен бастау алды, содан кейін Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды.
Арада он жылдан соң прокуратураның өкілеттігі кеңейіп, Әділет халық комиссары жанында прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізді. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры болып Сулеймен Есқараев тағайындалды.
1991 жылдың 6-шы желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.
Ал, келесі жылы 17 қаңтарда Қазақстан Рсепубликасы Жоғары Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституцияда және Елбасының 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді. Коституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап берді.
Осылайша, прокуратура республиканың мемлекеттік билік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орнын еншіледі.
Қызылорда облыстық прокуратура­сының тарихына назар аударатын болсақ, 1938 жылы облыс болып құрылғанға дейін уездік-қалалық, учаскелік прокуратуралар ғана жұмыс істеп келген.
Жергілікті жерде санаулы ғана тергеушілер болды. Уездік-қалалық прокуратурада прокурордан басқа екі техникалық қызметші жұмыс жасап, елдегі заңдылықты қалың көпшілікке түсіндіру, анықтама, тергеу, іздестіру, саяси басқарма секілді жергілікті органдарға қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырған.
Шиелінің тұңғыш прокуроры қызметін Ә.Мәмбетов 1953-1955 жылдары атқарған. Осындай абыройлы да жауапты қызметті әр жылдары А.Сапарбеков, И.Сеитов, П.Әбдірахманов, А.Тұрғанбаев, Б.Ерғалиев, Б.Сыздықов, Ж.Жұмашев, Б.Аралбаев, Ә.Абдуллаев, И.Махшатов, А.Аймағанбетов, Н.Серікбаев, И.Төлегенов, О.Монтаев, Х.Жұмағұлова, Ә.Зейнулла атқарып елдің қауіпсіздігі мен игілігі үшін жасаған еңбектері айрықша аталады.
Бүгінгі күні аудан прокуроры қызметін Нұрболат Серікұлы атқаруда.
Жергілікті прокуратура бұған дейін де жергілікті тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандырып, орын алған заңсыздықтардың жолын кесуде талмай еңбек етіп келеді.
Ата заңды пәрменді орындауда кешегі қазақ билерінің турашылдығын, әділдігін бетке ұстап, тұрақтылық пен келісімнің келбетін келтірген шенділердің атқарып отырған шаруасына халық дән риза. Бұдан бөлек елде төтенше жағдай жарияланғанда індеттің таралуын тоқтатуға да ерекше үлес қосқаны тағы бар.
Осы жылы аудан прокуратура­сының қадағалау актісінің негізінде мемлекетке 230 млн теңге өндірілген, 35 мыңнан астам азаматтың құқықтары, оның ішінде 3400-ге жуық тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалған.
Тәуелсіздік жылдарында Шиелі аудандық прокуратурасы көптеген игі істердің басында болып, өзге жандардың құқығына қол сұққан, біреулердің ар-намысын қорлаған тұлғалардың бостандығын шектеу шараларында айтарлықтай нәтиже көрсете білді. Қиын да күрделі жұмыстарын жүргізу барысында заңды бұзбай, ел заңнамасында көзделген мақсат пен міндеттерді орындап жүр.

Г.ЯХИЯ
03 желтоқсан 2021 ж. 281 0