Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасы – ел тірегі

Елбасы – ел тірегі

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып ­отырмыз. Осы жылдар ішінде қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Елбасының сындарлы саясатының арқасында, елде әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптасты. Ең бастысы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды. Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін еліміздің әр азаматы аянбай еңбек етті.
Биыл тарихта алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бәрі елдегі партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті. Енді Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басты. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық.
Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды Н.Назарбаевқа сеніп тапсырды. Ол 1991 жылдың 1 желтоқсаны еді. Соңғы тоғыз жылдан бері дәл осы күн Тұңғыш Президент күні ретінде аталып келеді. Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының прагматикалық ұстанымы отыз жыл уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды, әрі жүйелі реформалардың арқасында дүниежүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Осылайша уақыт маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді.
Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын атап өтті. Ол Елбасының Тәуелсіздікті қадірлеп, береке-бірлігімізді бекемдеп, іргемізді бүтіндеп, ата жұртымызды ардақтап, отбасымызды аялап, әдет-ғұрпымызды түгендеп, келешекке нық қадам басуға бағыттайтын жеті тармақтан тұратын үндеуі еді. Үндеуде «Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық», «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры», « Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы», «Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі», «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі», «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті», «Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі» деп аталатын тармақтар бар.
Ендігі міндет – осы жеті саланы еліміз дамуының алтын арқауы ете білу. Ол үшін осы бағдарламалық ойларды іске асырудың кезең-кезеңге арналған іс-қимыл жоспарын әзірлеп, жүзеге асырған жөн.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
30 қараша 2021 ж. 593 0