Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – бабалар аманаты

Тәуелсіздік – бабалар аманаты


30 жыл . Аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде елімізді әлем таныды. Тұңғыш Елбасының сындарлы саясатының батыл шешімдерінің нәтижесінде еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ата-бабамыз армандаған тәуелсіздіктің таңы атты. Осы тұрғыда мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев тәуелсіздігін алған ел тілімен бағалы. Тілді жетік білу, оны құрметтеу Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті деп халқымызға жолдаған үндеуі, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген келелі сөзі тарихта алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз. Баға жетпес қымбат Тәуелсіздігіміз осы күнге қалай келді?
Тамыры тереңге тартатын, салты мен дәстүрінің беріктігімен бекем, жігіті жігерлі,қызы қылықты, қариясы кемеңгер, өмірі өлең, өнері өнегелі қазақ халқы сан ғасыр ерікті ел болу жолында күресті. Алаш идеясы, Кенесары ханның көксегені, Абылайханның аңсағаны, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Керей мен Жәнібек хандардың ұлы мұраттары мен Ұлы даладағы жүздеген толқулар, көтерілістердің түп төркіні Тәуелсіз ел болу. Қай-қайсысының да арманы бір арнада тоғысады. Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – азаттықты аңсаған халықтың бойында піскен ашудың сан ғасыр санада жетілген намыстың көрінісі, тәуелсіздік соның жемісі.
Көңілде көмескі тартқан көне заманнан көк түрікке дейін, көк түріктен бүгінгі Тәуелсіз көк байрақтың арасында қазақ халқының шарықтап шыңға шыққанын, құлдилап құзға кеткенін де көреміз. Тағдыры тайғақ кешіп,алқалы көл, ақтабан шұбырынды болған қазақ алмағайып замандарды, аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан кешіп, тауқымет шексе де, кең байтақ, ұлан-ғайыр Ұлы даланы ұрпағына аманат етті.
Қазақ халқы бір дәуірде билігінен ажырағанымен, биігінен құлаған жоқ,тағдыры таланғанымен, тамырынан үзілген жоқ. Қызыл империяның илеуіне түсіп, түлкі бұлаңның бұлдырын бұзып шыққан қазақтың басына бақыт құсы қонды, түндігін түріп түңілігін ашты, керегесін жайып, босағасын бекітті. Осы уақыт аралығында шыққан биік,алған асу, жеткен жетістікке көзі қарақты әрбір азамат қанағаттанса керек. Өрісі кең, өресі мықты тәуелсіздікке кімдер жете алады? Ауыз бірлігі берік, ынтымағы жарасқан, көзінде от, кеудесінде жалын лаулаған жастары бар ел ғана жете алады. Жанкештілікпен жеңіп алған «Тәуелсіздік – ұлттық дәстүрдің, тілдің салт-сананың мызғымас тірегі, күші. Тәңірдің тартуы, қазақтың маңдайындағы бағы, таймайтұғын тағы, алтын діңгегі. Тәуелсіз Қазақстан ата-бабамыздың асқақ арманы, жарқ етіп шыққан күні. Мұның бәрі ұрпақтан-ұрпаққа берілуі арқылы халықтың есінде қалуы тиіс.
Тәуелсіздікті жариялағанда дүниеге келген ұл ер жетті, қыз бой жетті. Ендігі кезекте тәуелсіздікпен құрдас ұл мен қыз егемен еліміз үшін еңбек етулері керек. Осы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған теңдесі жоқ күнге жеткізген ата-баба алдында еліміздің ұлы тарихына, аға-ұрпақтардың қаһармандығына құрметпен басымызды июге тиіспіз. Ендеше көп қиындықпен жеткен Тәуелсіздігіміз, көк аспанмен астасқан көк туымыз биіктен желбіресін. Кең байтақ ұлы Қазақ елінің мерей тойы құтты болсын.

Айжамал Әбдіхамитқызы,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы». Шиелі аудандық Ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. «Өскен өңір» газетінің штатан тіс тілшісі.
Шиелі ауданы Алғабас ауылы Әйелдер кеңесінің төрайымы
24 тамыз 2021 ж. 11 931 0