Бақташының бабы болса...
Бәрімізге таныс «Менің атым Қожа» фильміндегі Сұлтанның: «Ендігі ойым жылқы бақсам ба деймін... Жалаңаш жүріп батыр болғанша, мал бағып пақыр болғаным артық» дейтіні бар. Бұл мысқылға айналған сөздің астарында ақиқат бар еді. Бүгінгі буын малдыны жандыға балайды. Әсіресе, жер кеуіп, мал өріске шығар көктем мен жаз мезгілдерінде одан қалды қоңыр күзге дейін ауыл адамдары бақташы іздеп құр сенделеді. Әрине, ауылда тұрған соң, мал бағып, ата кәсіпті жалғағанға не жетсін?! Мінсең көлік, жесең ас төрт түлігің сай, жерің қолайлы, жайылымың шұрайлы болса малшыға да, мал иесіне де қолайлы болмақ.
Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала, бұл – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Рас, қазір адамзат баласының дүниетанымы өзгерді, оған нарық заманы өз өрнектерін салуда. Бірақ, «өркениетті елдер қатарына қосылдық екен» деп өткеннен бас тартуға болмайды. Бүгінгі таңда, орта буын жастар «малдың соңында жүргіміз келмейді» деп мұрындарын шүйіреді. Ал, аштық пен зұлмат жылдарында қынадай қырылған қазақ сол малға зәру болғанын ұмытып кетсе керек. Бүгінде қорасындағы ірі қарасын өріске қосатын ағайын бақташы таппай аяғынан тозып жүргенін жиі байқаймыз. Тапқанның өзінде 50-ден асқан егде кісілер ғана кездесіп жатады. Жұмыссыз жастар таңнан кешке дейін малды өрістетуге ниет танытқанымен, айлыққа келгенде айнып қалады. Себебі, мал басына төленетін 1200-1500 теңгені өздері үй жағалап, жинап алады. Кешке дейін астындағы тұлпарын болдырып, өзі демалыссыз жұмыс істейтін бақташының тілегі тым құрығында ақысын көше комитеті жинап беруін ауыл әкімі ұйымдастырып отырса дейді. Сонда ауылдағы жұмыссыздар мал бағуға қызығушылық танытар еді.
Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала, бұл – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Рас, қазір адамзат баласының дүниетанымы өзгерді, оған нарық заманы өз өрнектерін салуда. Бірақ, «өркениетті елдер қатарына қосылдық екен» деп өткеннен бас тартуға болмайды. Бүгінгі таңда, орта буын жастар «малдың соңында жүргіміз келмейді» деп мұрындарын шүйіреді. Ал, аштық пен зұлмат жылдарында қынадай қырылған қазақ сол малға зәру болғанын ұмытып кетсе керек. Бүгінде қорасындағы ірі қарасын өріске қосатын ағайын бақташы таппай аяғынан тозып жүргенін жиі байқаймыз. Тапқанның өзінде 50-ден асқан егде кісілер ғана кездесіп жатады. Жұмыссыз жастар таңнан кешке дейін малды өрістетуге ниет танытқанымен, айлыққа келгенде айнып қалады. Себебі, мал басына төленетін 1200-1500 теңгені өздері үй жағалап, жинап алады. Кешке дейін астындағы тұлпарын болдырып, өзі демалыссыз жұмыс істейтін бақташының тілегі тым құрығында ақысын көше комитеті жинап беруін ауыл әкімі ұйымдастырып отырса дейді. Сонда ауылдағы жұмыссыздар мал бағуға қызығушылық танытар еді.
Мәселенің мәні кешегі мен бүгінгіні салыстыру арқылы зерттегенде айқындала түседі. Баяғы кісілердің сөзіне құлақ түрсеңіз, бұрындары еңбекшілер мерейі үстем болғанын айтады. Сол жылдары жылқышы, егінші, шопандар жайы, оның тұрмыстық жағдайы алғашқы орында тұратын болған. Кеңес кезеңінде бақташы егер жақсы еңбек етіп, өрістегі малы қоңды, төлді, басқа да өнімдері мол болса, басшылық тарапынан жоғары баға, жоғары марапат немесе ақшалай, заттай сый-сияпатқа қарық болатын. Онысымен қоймай, үкіметтен жыл, бес жылдық қорытындысының нәтижелері бойынша орден, медаль алатын еді.
Қазіргі уақытта малшыға осындай құрмет көрсетіле ме? Неғайбыл. Үйінен жырықтап, жазда жайлауға, қыста қыстауға көшетін малшылардың бейнеті бір бөлек. Бірақ, біз әр ауылдағы үйінен кіріп-шығатын бақташы табу, пада ұйымдастыру мәселесін айтып отырмыз. Көбіне мал ұрлығы да осы паданың жоқтығынан орын алады. Қараусыз малға қатер көп. Жолға шығып, қанша бейбақтың ажалына да себепші болатын осы қараусыз малдар. Мәселен, 6 айдағы есеп бойынша ауданда қараусыз жүрген малды қағудың 14 дерегі тіркеліпті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 376 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бақташылардың жайын білмемекке Ақмая ауылдық округінің бақташысы Асқар Әлібековпен тілдескен едік. Оның да өз айтары бар. Еңбегінің лайықты түрде бағаланғанын қалайды. «Ақмаялық тұрғындардың малын баққалы бес жылдай уақыт болып қалды. Бүгінде 200-ден аса сиырды бағып жүрмін. Бірақ, азанғы уақытта ауыл тұрғындары өріске сиырларын үйінен шығарып жібере салады. Олар өріске қосылмай көрінгеннің қорасын жағалап жүреді. Оны әр жерден айдап, топқа әзер қосамын. Оған қоса, жаздың аңызақ желі мен күнқақтайтын қатты ыстығы және қыстың қытымыр аязы біраз шаршатады. Десе де, әрбір еңбектің өтеуі, қайтар қарымы болады. Айдалада күн ұзақ аттың үстінде жүру оңай емес. Таң ата өріске қарай малды айдап, содан кеш бата шаршап келеміз. Бағым ақысын уақытында бермейтіндер де бар. Өзім мал айдап, өрістен кеш келіп, үйме-үй жүріп ақшаны жинап жүре алмаймын», – дейді бақташы.
Бүгінде біршама ауылда бақташы табу өзекті мәселеге айналып тұр. Енді бақташылықты жолға қойып, малым қайда жайылып, не жейді деген мәселемен басын ауыртпайтын ауылға да тоқталайық.
Мәселен, Нартай ауылында мал бағу мәселесі жақсы жолға қойылған. Бұл ауылдың бақташылары тұрақты, қос тарап ортақ келісім тауып отыр.
– Көзімді ашқалы малдың соңында жүрмін. Тұрғындардың сиырын 40 жылдан бері бағып келемін. Жасым 63-те. Ұлдарым көмектеседі. Әр басқа 1200 теңге төлейді. Жыл сайын жаз мезгілінде 100 бас, ал қыста 60 бастан кем болмайды. Айына 100-130 мың аралығында табыс кіреді. Бірақ бейнеті де бар. Дегенмен, мұндай ақшаны ешкім еңбексіз бермейді. Мен жастарды түсінбеймін. Қазір осындай жұмысқа қызыға бермейді. Ал, ерінбеген адамға бұдан асқан табыс жоқ. Менің бағытымдағы тұрғындар малын таңертең сағат 7-де алдыма әкеліп қосады, кешкісін күтіп алады. Сиыр далада туып қалса, иелеріне хабарлаймын. Ақша төлемеу деген мәселе жоқ. Кейбір тұрғындар келесі айда қосып береді. Сондықтан мен де әр малға жауапкершілікпен қараймын. Алла қуат берсе, әлі де баға беремін, – дейді бақташы Әбілқасым.
Міне, бақташылардың дені елуді еңсеріп, алпыстан асқанда ғана мал бағуға құлық танытады. Бірақ, жұмыссыздардың біразын сөзге тартқанымызда, мал соңында ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүруді қаламады. Бақташылардың жай-күйіне құлақ түрген соң, ауыл әкімі мен ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру қабілетін де аңғарғандай болдық. Пада ұйымдастыра алмай отырған ауылдардағы негізгі мәселе бақташының ауысымды екі жылқысы болуын, ақысын белгілі бір күнге бекітіп, жинап беру керектігін ескермеуінен болар деп топшыладық. Себебі, әр ауылдағы бақташылардан сұрау салғанымызда жалғыз жылқысын болдырып, соңында пышаққа ілінетінін алға тартты. Ал, табысы бір уақытта жиналмаған соң, берекесі қашады. Айлық табыс болып кірмеген қаржы отбасын асырамақ түгілі, астындағы жылқының жем-шөбінен артылмайтын көрінеді.
Расында, бұл күндері бақташы жоқ, малшы табу қиын, жастар жеңіл жұмысқа үйір деп мәселенің қаймағын ғана қалқып қоямыз. Алайда, бақташының жайын жасап, малшыларды марапаттауды қайта жолға қойсақ, төрт түлікті бағудан ешкім қашпас па еді, деген ой қылаң береді.
Қалай десек те, мал бағу мен оны өсіруге деген құлшыныс төмен. Себебі, далада жүріп, мал бағудан гөрі, бәрі де тыныш ортада отырғанды қалайды. Ал, мал бағатындардың дені алпыстан асты. Сөз басында айтқанымыздай бұрын шопандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, еңбектегі жетістіктеріне қарай марапатталып отыратын. Қазір де соны қолға алу керек сияқты. Өйткені, халықтың әлеуметтік жағдайы түзелмей, ата кәсіпке оралу қиын. Малшылық – атакәсіп, қазақтың кең даласы тұрғанда, мал баққанның несі айып? Қалай десек те, малшылықты ресми түрде мамандық деп мойындап, заңның қамқорлығына алмай, сайын даланың төсін қайтадан малға толтырамыз деу – бос қиял емес пе?
Шапағат Тілеубаев