Тегі асыл мал таразы тартады
Ендігі арада ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналуы керек. Мемлекет басшылығы жүктеп отырған міндет – осы. Қалай, қайтіп?.. Ең алдымен, төрт түлік малдың тұқымын асылдандыру парыз. Соңғы жылдары тұқымы азып кеткен жергілікті малдың жілігі татымайтыны ақиқат. Ал, ірі қара мен қой тұқымын асылдандырамын десеңіз, оның да оң шешімі табылып тұр.
Иә, үйдегі 4-5 сиырдан асыл тұқымды түлік алуға болады. Тіпті, ұрықтандыру тегін жүргізіледі. Голландиялық гольштейн, швицариялық швиц және симментал тұқымы етті және сүтті бағытта қолданылады. Аталған асыл тұқымдылар ұрығы «Қазына» компаниясы арқылы «Шиелі Қазына» кооперативіне келеді. Кооператив басшысы Е.Жеңсікбаев ауданда мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Ал, еңбекшілік Сәбира Қалымбет «Қазына» оқу орталығында арнайы курс оқып, мал ұрықтандыру маманы атанды.
– Мал басын асылдандыру – үлкен мәселе. Бұл – мал шаруашылығынан түсетін өнімнің көлемін ұлғайтып, бәсекеге қабілетті ету. Мен жұмысты ең әуелі Еңбекші ауылдық округінен бастадым. Бүгінгі таңда 4 сиырға ұрықтандыру жұмысы жүргізілді. Оның біреуінен жақында асыл тұқымды түлік алынды. Бірақ, әлі де болса аудан тұрғындары төрт түлігін асылдандыруға ден қоймай келеді. Ақысыз түрде жүргізілетін ұрықтандыру ісіне де қызығушылық танытып жатқандар көп емес. Мүмкін ақпараттандыру әлі де толық жүргізілмей жатқан шығар, – дейді С.Қалымбет.
Жаңылмасақ, қазақ жерінде 1930 жылдары отандық ірі қара ақбас сиыры өсіріле бастады. Ақбас сиыр – Қазақстан мал шаруашылығының брендтерінің бірі. Асыл тұқымды ірі қара ішінде ең кең тарағаны да, шаруашылықтарға көбірек пайда әкелгені де – осы сиыр. Ақбас сиыр басын көбейтіп, етін экспорттау мал шаруашылығын дамыту бағытына да сай келеді. Өкінішке қарай, еліміздің мақтанышына айналған ақбас сиырдың саны жыл санап азайып барады. 1992 жылы 1 миллион 16 мың бас сиыр болса, 2018 жылы 271 мың басқа дейін, яғни 3,7 есе азайып кеткені осыны көрсетеді. Кеңес өкіметі кезінде барынша тиянақты жүргізілетін селекциялық жұмыстардың тоқырауы, мал тұқымын асылдандыру ісінің назардан тыс қалуы асыл тұқымды мал басының азайып кетуіне себеп болғаны түсінікті.
Ірі қара тұқымын асылдандырып, тұралап қалған мал шаруашылығын қайта жандандыру, ет, сүт өнімдерін экспорттау мәселелерін жолға қою мақсатында жануарларды қолдан ұрықтандыру технигі маманы Сәбира Мырзахметқызы ақбас сиырының тұқымында әкелуге болатынын айтады. Тек бұл асыл тұқымдыдан түлік алу ақылы негізде жүргізіледі екен. Мал шаруашылығына қызыққан бүгінгі кейіпкеріміз алдағы уақытта қойды асылдандыру бағытында жоспарлары барын тілге тиек етті. Қолдан ұрықтандырылған малдың жай-күйін бақылауға алатын ол ветеринар санитары мамандығын да оқыған.
– Халықтың үдемелі өсімін қажетті азық-түлікпен, әсіресе, етпен қамтамасыз ету – әр мемлекеттің өзекті мәселесі. Мәселен, бір адам жылына 85-90 келі ет тұтынуы қажет болса, бүгінде адам басына шаққанда орташа 40 келі ет өндіріледі екен. Адамның күнделікті тұтынатын тағамдарының 60 пайызы – мал өнімдері. Қазір жер жүзінде 900 миллионға жуық қой бар деп есептейтін болсақ, соның 15,7 миллионы – Қазақстанда. Әлемде жалпы саны 600 қой тұқымы болса, соның 15 түрі бізде бар. Әрине, мұның өзі бір ел үшін аз емес. Одан әрі қой тұқымын түрлендірер болсақ, әлем елдері алдында да беделіміз арта түседі деп ойлаймын – дейді, С.Мырзахметқызы.
Жөн-ақ! Әйтсе де қазір кеңестік кезеңдегідей мал басын жоспарлап көбейтудің ауылы келмеске кеткендей. Бар үміт жеке шаруа қожалықтарда. Қазірде сонау 30-жылдардан бері өзіндік құнын төмендетпеген қазақтың еділбай қойы, қылшықты қойы, биязы жүнді қойларының тұқымы ұсақталып, өрісіміз тарылып, асыл тұқымды мал алудың тетігін таба алмай жүргеніміз жасырын емес. Ал Голландия, Германия, Норвегия, Австралия тәрізді елдер мал басын асылдандырып, халықаралық ветеринария ұйымының алдында бедел жинап үлгергелі қашан?! Осындайда «ежелден мал өсіру қанында бар мал баққан қазақтың жоғары межеден көріне алмауына не себеп?» деген сауал еріксіз туындайды.
Қалай десек те, қазақ баласы «малым – жанымның садағасы» деген қағидамен күн кешті. Жаугершілік заманында да өрісін тарылтпауға, өзегін талдырмауға тырысқан қазақ баласы мал қадірін ұғынған халық. Өркениеттілікке бір табан жақындап, дамушы елдердің қатарына қосылуды көксеген ұлтымыз ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласының жөні бөлек екендігін ескерусіз қалдырмасы анық. Десек те, біз әлі де болса көршілерімізден ет-сүт өнімдерін «сұраудан» жалықпай келеміз. Әрине, мал өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Қайткен күнде де моншақтап төккен маңдай терің ырыс болып оралатын адал кәсіп. Сол кәсіпті бүгінгі талапқа сай дөңгелету мал тұқымын асылдандыруға тікелей байланысты дейді күнделікті тәжірибесінен істің жайын түйсініп отырған малсақ қауым. Әрине, тегі асылдың таразы басын тартатыны анық қой!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ