Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асылдандырылған тұқымның өнімі де асыл

Асылдандырылған тұқымның өнімі де асыл

Қазақ «Мал баққанға бітеді», «Қой – қазақтың қазынасы» деп бекер тәмсілдемесе керек-ті. Байқап қарасақ, төрт түлік малдың көл көсір пайдасы бар. Ол жесе тамақ, кисе киім, ішсе сусын, мінсе көлік. Міне, осындай ұшан-теңіз пайдасын білгендіктен қазақ елі ықылым заманнан мал шаруашылығын қолға алған. Керек десеңіз мал шаруашылығын тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен байланыстырған.
Еуразиялық даму банкінің зерттеуі бойын­ша ауыл шаруашылық саласында бірінші орында құс шаруашылығы, екінші орында шошқа шаруашылығы, ал үшінші орында қой, төртінші орында жылқы болса, соңғы тұғырда сиыр шаруашылығы екен. Еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жыл бойы негiзгi бет бұрысты айналымға пайданы әкелуші ретінде ең соңғы көрсеткіште тұрған сиыр шаруашылығына бөлiнiп, қой және жылқы шаруашылықтарына қолдаулар аз болып, iлгерi дамуы бәсеңдеп қалған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде қой саны 36 млн болса, қазір 18 млн-ға дейін төмендеді. Ал көршілес Өзбекстан елінде қой саны 32 млн-ға жетіп жығылады. Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес одағы кезінде еліміздегі қой басын 50 млн-ға дейін жеткізу мүмкіндігі болған. Бұл туралы Л.Брежнев өз сөзінде «Біз жуырда Қонаев азамат екеуміз сөйлестік. Қазақстанға жасалып жатқан жақсы жағдайлар туралы айттық. Мен Қонаев жолдасқа, барлығы әлі толық орнына келе қойған жоқ. Енді біз қой шаруашылығын дамытайық дедім. Неге бұл салаға тоқталып отырғандығымды түсіндірейін. Мен осы жерде жұмыс жасаған адаммын. Қазақтар үшін қой шаруашылығы қалыптасқан дәстүрлі тіршілік екендігін де жақсы білемін. Бұл жердің табиғи жағдайы да осы салаға сәйкес келеді. Нәтижесінде біз екеуара келісе отырып, Қазақстан жақын болашақта қой басын 50 миллионға жеткізе алады деген шешімге келдік», – деп республика басшыларына негізгі тапсырманы беріп кеткен.
Яғни қазақ халқына жүктелген міндеттеме 1983 жылға дейін қойдың санын 50 млн-ға жеткізу болатын. Осыған орай республикада арнайы маманданған шаруашылық, совхоздар, фермалар құрылып, Жетісу, Шығыс аймақтардағы қой шаруашылығы жедел дамып, фермалар автоматтандырыла жөнеледі. Содан бір жылдан кейін, яғни 1975 жылы еліміздегі қойдың саны 35 миллионнан асады.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда мал шаруашылығының ісі бәсеңдеп тұр. Мәселен, 1991 жылы қазақтың қорасындағы бір жасар бұқаның салмағы 330 кг болса, осыдан екі жыл бұрынғы зерттеу бойынша бір жасар бұқаның орташа салмағы 120 келіні көрсетіп отыр. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, ілгері дамыған мемлекеттерде қошқардың салмағы 160-180 кг береді, ал бір жасар бұқаның орташа салмағы 400 кг, сиырлары күніне 33 литр сүт береді. Тағы бір айта кетерлігі, асыл тұқымды сүтті ешкілердің әлемдік бағасы 400-600 мың теңгеге дейін барса, өзіміздің Шиелі мал базарында сиырдың құны 250-300 мың теңгені құрап тұр. Әрине, мұқым тіршілігі малмен біте қайнасып жатқан қазақтың бұқасы өзгенің қошқарынан, сиыры ешкіден бағасы төмен болғаны өкінішті. Тіпті ғалымдар да қой өсіру кенжелеп, асылтұқымды қойдың саны азайғанын айтып, дабыл қағуда. Алмамандар болса асылдандыру жұмысының уақытылы жүргізілмегендігі мал басының азаюына алып келеді дейді. Демек мал басын арттыру, асыл тұқымды ірі қара өсіруге ден қою – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл туралы Елбасы да «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауында тілге тиек етті. Тұңғыш Президент «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деді.
Асыл тұқымды мал өсіруге Қазақстан ғана емес, дүниежүзі ден қойып отыр. Бұл әлемдік тәжірибеде өте қымбат тұратын жоғары технологиялық жоба. Тарқатып айтар болсақ, жоғары тұқымды малдың эмбрионы кемі 1000 доллар тұрады. Бұл баға нарықта жыл жылжыған сайын қымбаттауда. Сондай-ақ асыл тұқымды малдың өзін ұшақпен алуға болады. Алайда, оның жол пұлы да кез келгеннің қалтасын көтере бермейді. Алпауыт елден «ұшып келетін» сиырдың жол пұлы 600 мың теңгеге шығады. Бірақ теңіз кешіп, тау асып келген қымбат сиырлардың өзге елді жерсініп кетуіне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан асылтұқымды қазақстандық сиырларды көбейту кезек күттірмейтін тірлік. Тек құлық және өзіміздікін өсіруге ынта болса болғаны.
Қазіргі таңда асылдандыру жұмысын «Қазына-Шиелі» шаруашылығы қолға алуда. Аталған шаруашылық екі ұрықшы, бір оператор ЭВМ мал басын базаға тіркеу және үкіметтен субсидия шығарып беру жолдарын қарастыратын мамандарды арнайы оқытып, оларға мемлекеттік тіркеуге енгізіп дайындады. Енді «Агрохолдинг Қазына» шаруашылығының қолдауымен мамандар асылдандыру жұмысын жасауда. Қуаныштысы, бұл жұмыстың барлығы тегін. Тіпті жұмысшылар сиыр бұзаулағанға дейін қарап, өз кеңестерімен бөлісіп тұрады. Бұдан бөлек, ірі қара малын асылдандыру мақсатында Еуропадан әкелінген сүтті және етті бағытындағы бұқалардың ұрығымен қолдан ұрықтау, Еуропа қойларынан будандастырылған етті және биязы жүнді, өсімталдығы жоғары, құйрық майы аз мәрмәр етті-гемпшер тұқымдас қой малын асылдандыру, жеке адамдардың және шаруашылықтардың малдарын «ААЖ» (ИАС) базасында тіркеу, субсидия алуға өтінімдерді рәсімдеу және алуға, асыл тұқымды карта бойынша түзетулер енгізу, есепке алу формалары бойынша толықтырулар, болашақта сұрыптаушы қызметі, яғни шаруашылықтағы мал басын асыл тұқымды екендігін анықтап, растайтын куәлік беру сынды қызметтерді атқарады. Тағы бір айта кететін жайт, аталған шаруашылық ірі қара малын асылдандыруды маусым айынан, ал қой малын асылдандыруды күз айынан бастайды. Егер қораңыздағы малды асылдандырғыңыз келсе, осы жолдардың авторына хабарласыңыз.

Ербол ЖЕҢСІКБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты

19 мамыр 2020 ж. 619 0