Еңбекте үздік шыққан Әбіласан еді...
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ата-бабалардың керемет сөзі бар. Осы сөз атадан балаға, қанша ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, айтылып келе жатыр. Өмір үнемі қозғалыста. Адам баласы үшін дүниеге келу де, бұл пәни жарық дүниеден бақилық болу да табиғат заңдылығы. Бірақ, бұл өмірді әркім әртүрлі өткізеді емес пе? Өмірде өнегелі із, таусылмайтын мұра қалдырған данагөй бабаларымыз бен ата-ағаларымыз Шиелі топырағында да көптеп кездеседі. Ел ішінде еңбегімен есімі үнемі жаңғырып тұратын сол жанның бірі – Әбіласан Халықов.
Сонау 1971 жылы Кеңес үкіметінің саясатымен Қарғалы елді мекенінде «Қарғалы» қаракөл қой совхозының қазығы қағылған болатын. Ол туралы көнекөз қариялар жиі айтады. Міне сол совхоздың соңғы директоры Әбіласан Халықов болатын. Кеңес үкіметі тұсында қаракөл қой совхозының жұмысы облыста дүркіреп аты шығып тұрды. Ол туралы Қарғалы ауылының ардагері Пернебай Ізмәмбетұлы «Ол кісінің директор болып келген уақыты Кеңес үкіметі тарап Егеменді Қазақстан мемлекетімен тұспа-тұс келді. Өзі атақты Ыбырай Жақаев ауылынан шыққан іскер кісі еді. Қазақта«жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын» демейме? Оның бір айғағы 1994 жылы ауылды жекешелендіру басталған кезде ауыл халқы Әбіласан Халықов біздің басшымыз болып қалсын деп ауданға үш рет ауыл ақсақалдарын өтінішпен жіберді» деген естелігімен бөлісті.

Сан түрлі қызмет сатысынан өткен Ә.Халықов 1941 жылы дүниеге келген. Балалық шағы соғыс оты тұтанып жатқан қиын-қыстау мезетпен тұспа-тұс келеді. Содан болар ес білгеннен бейнетке жақын Ә.Халықов қай істі қолға алса да соңында нәтиже шығаруға тырысатын. Ол ең алғаш еңбек жолын Жаңақорған қыстағындағы №3 мектеп интернатта биология-химия пәні бойынша мұғалім болып бастайды. Кейін Шиелі ауданы №149 «Қызылту» мектебінің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне көтеріледі. Өз ойын ашық айтып, жауапкершілікті алдыңғы орынға қоятын Ә.Халықов 1966 жылы қазіргі Ы.Жақаев колхозында комсомол комитетінің хатшысы болып, 1967 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Сол жылдарғы еңбегінің куәгері болған С.Оразымбетов «Әбіласан комсомол комитетінің хатшысы болған тұста, ауыл жастарына үлкен серпіліс сыйлады. Футболдан, шахматтан, қол добынан түрлі үйірмелер ашып, ауданаралық жарыстарда топ жарып жүрді. Тың, жаңашыл бастамаларымен басшылықтың назарына іліккен оны түрлі қызметтерге шақыра бастады» дейді. Расында, іскерлігінің жемісі болар, еңбек жолы сатылап көтеріліп, 1972 жылдан бастап, 12 жыл бойы Ы.Жақаев колхозында өндіріс бригадасының бригадирі қызметін атқарады. Даңқты күрішші Ы.Жақаевтың есімі ел ішінде кеңінен тарап тұрған тұста, яғни 1977 жылы Мәскеу қаласына даңғайыр диқанды «Жолдастық асқа» шақырады. Сол мезетте білімді де білікті Ә.Халықов Ы.Жақаевқа тілмаш болып, Мәскеуге бірге барады. Тіпті, 1984-1990 жылдары Ы.Жақаев атындағы колхоз басқармасы төрағасының орынбасары қызметіне жайғасады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек іздері сайрап жатқан Ә.Халықов «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған. 4 жыл «Қарғалы» совхозында директор болған соң, 1994-1999 жылдары «Жансейіт» өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы қызметін де абыройлы атқарады. Бейнеттің зейнетін қайнаған тірліктен тапқан Әбіласан Халықов 2001 жылы дүниеден озған еді. Биыл еңбек адамының дүние дидарына келгеніне 80 жыл толыпты.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ