Есірткісіз өмір ғажайып
#есірткігеқарсыбайқауы
Адам баласына берілген ең басты сыйлық әрі байлықтардың бірі – денсаулық. Егер денеңе дерт жабысып, ауру алқымыңнан алса өмірдің қызығы бір сәтте күл талқан болады. Сол себепті денсаулықты дүниеге келген сәттен бастап күту керек. Алайда қазіргі аласұрып апиын іздеп, есірткіге тәуелді болып жүргендер жетерлік. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Тіпті бұғанасы қатпаған балаларды кездестіріп қалу да ғажап емес. Бүгінде ғаламтор дамып, ақпаратқа емін-еркін қол жеткізетін уақытқа жеттік. Жаһандану заманының жастары айшылық алыс жерден оп-оңай хат алмасып, бір-бірімен байланыс орната алады. Алайда осындай көз ілеспес жылдамдықпен дамудың кейбіреулер жақсы емес жаман жағын жиып, опық жеп қалуда. Соның бірі – есірткіге әуес болу.
Рас, бұрындары есірткі туралы бірен-сараң сөзді естуші едік. Ал қазір есірткі сөзі ешкімге таңсық емес. Тіпті есірткі туралы естігенде есіңді екеу, түсіңді төртеу қылатын ақпараттар да жеткілікті. Ара-тұра апиын іздеп, аласұрып, өзін ғана емес айналасындағыларды да танымайтын халге жетіп, нашаға жіпсіз байланып жатқандардың саны өршіп тұрғаны да өкінішті. Бір жаманы бұл есірткі ел де, адамды да, жер мен ұлтты да таңдамайды. Дертке айналған тажал рухани байлығы аз, нәпсісін жеңе алмайтындарды тосыннан тосырқатып тастай салады. Нашаға рухы әлсіз адамдар ғана беріледі. Ал рухани қазынасы мол, ішкі әлемі білім мен мәдениетке, спортқа толы жан ешқашан есірткінің торына түспейді. Сондықтан есірткімен күресті әр адам ең бірінші өзінен бастау қажет. Есірткімен айналыспайтын адамның өмірі гүлдей құлпырып, күндей жайнап жүретіні белгілі. Сондай ғажап өмірде жүрген адам да айналасына шуағын шашып жүреді.
Адам – қоғамның айнасы. Біз қандай болсақ бізді қоршаған ортада сондай болмақ. Сол себепті есірткіге әуес болғанша ең алдымен дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, білім мен білігімізді дамытып, әрдайым өсу, өрлеу жолында болу қажетпіз. Адамның қолы қалт ете қалса, ойы бөлініп, зиянды әдеттерге әуес болып кетуі мүмкін. Сондықтан әсіресе мектеп оқушысын әркез қадағалап, әртүрлі үйірмелерге жіберіп, оның шығармашылық қабілетін дамытқан абзал. Өзіңіз салыстырып көріңізші, есірткіге әуес болып өмір сүрген жақсы ма әлде жетістікке жетіп, білім көкжиегінен көрініп, еліңнің болашағын қалауға көмектескен артық па? Менің ойымша екінші нұсқа әлдеқайда жақсы. Себебі есірткіден тек қайғы-қасірет, жоқшылық пайда болады. Одан қалса зиянды әдетке әуес болып, өз-өзінің денсаулығын, өз-өзінің қадірін кетірген адаммен кім араласқысы келеді. Ондай адамнан ең бірінші туыстары, сосын достары, одан кейін айналасындағы барлық адамдар теріс айналады. Түптің түбінде есірткіге тәуелді болған адам жалғыз қалуға мәжбүр болады. Сол себепті есірткісіз өмірдің ғажап екенін сезіне білінуіміз қажет. Қоғамда қалай әрекет етсең, ісің солай жүзеге асады. Егер сен жақсы жағына ұмтылып, тек биіктен көрінуге талпынсаң ешкім сенің аяғына тұсау салып, «Есірткіге әуес бол» деп үндемейді. Керісінше бір сәттерде әлсіздік танытып, зиянды затқа әуестенетін болсаң ет жақындарын қол ұшын созатын болады. Айналанада көмек қолын созатын адам жеткілікті. Тек дер кезінде жақындарыңның жәрдемін қабыл алып, тұңғиыққа түспей, жақсы жағына қарай өзгеру – өз қолында. ХХІ ғасыр жаһандану заманында жаңашылдықтың жаршысы болу – бізге міндет. Сондықтан есірткісіз өмірдің ғажап екенін дәлелдей білуіміз қажет.
Шиелі ауданы, Алғабас ауылы, №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің 7 Б сынып оқушысы Омаршаева Аружан