Есіткісіз өмір ғажайып
#есірткігеқарсыбайқауы
Ақ пен қара түс секілді бұл өмірде де жақсы мен жамандық, қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Алайда жақсылықтың арасынан тек жамандықты, көлкөсір қуаныштың ортасында жүріп тек қайғыны, түрлі-түсті көре тұра тек қараны байқайтын адамдар аз емес. Сол сияқты қоғамда өмір тек бұлыңғыр сәттен, жылаудан, мұңаю мен қайғырудан тұрады деп ойлайтындар да бар. Ал осындай сансыз сәтсіздіктер мен жеңілістердің, ауру-сырқау мен қайғы-қасіреттің емін басқадан іздейтіндері өкінішті. Басқа деп отырғанымыз тіпті айтуға аузымыз бармайтын – есірткі. Әрине, шынайы өмірде есірткіге әуес болып, күндіз-түні аласұрып басқа әлемде жүрген адамды көргеніміз жоқ, лайым көрмейік. Бірақ қазіргі таңда ақпаратты ешкімнен жасыра алмаймыз. Тіпті сиқырлы көк жәшікті ашып қалсаңыз да есірткі туралы түсірілген кинолар жетерлік. Олардың барлығы дерлік өскелең ұрпақты есірткіден алшақтату үшін түсірілген. Сондай фильмдерге қарап отырып-ақ жүрегін езіліп, көңілін тас талқан болады. Себебі қарап отырсаңыз онда есірткі тартқан адамның бет-аузы ісіп, қолдары көгеріп, өзі дәл бір есінен адасқан адам сияқты отырады. Одан қалды айналасындағыларға ақиып, айқайлап, соңғы тиынына есірткі алуға бел буады. Тіпті улы зат үшін анасын да, әкесін де аямай таяққа жығып, «ақша бер, ақша» деп айқайлайтын кейіпкерлерді де кездестіруге болады. Ойлап қарасаңыз мұндай жағдайға экранның арғы жағында отырып куәгер болудың өзі аянышты һәм қорқынышты.
Міне, теледидарлардан берілетін осындай көріністің арқасында біз есірткінің қаншалықты зиян әрі онымен сүрген өмірдің соншалықты сүреңсіз екенін аңғарамыз. Алайда экрандағы бейнекөрініс аяқталғанда айналамызға қарасақ төбемізде жарқырап тұрған күнді, айналамызда бақыттан бал-бұл жайнап жүрген жақындарымызды, құшақ жая қарсы алатын әкеміз бен анамызды көріп бір марқайып қаламыз. Демек есірткісіз өмірдің ғажап әрі сұлу екенін осындай кішігірім көріністердің өзі-ақ дәлелдеп тұр. Ал әрмен қарай қазбалай берсек есірткіні пайдаланбайтын адамның қандай жетістікке жетіп, қандай белесті бағындыра алатынын еш бүкпесіз айтуға болады. Себебі есірткі адамның аяғына салынған тұсау. Ол адамның білім алуына ғана емес, өмірге махаббатпен қарауына, тың жаңалықтар ашып, жақындарына мейірім төгуіне кедергі келтіреді.
Есірткі қазіргі жастардың бойын улап жатқан ғасыр тажалы. Бұл нәрсе қаншама жазықсыз жандардың бойын улап, өмірін қиюына себеп болды. Адамзат қаншама уақыт бойы онымен күресуде, бірақ оңай алдырар жау емес екендігі анық. Керісінше, күн өткен сайын қаншама адам оның құрсауында қалуда. Баға жетпес өмірін бір сәттік рахат үшін, адамгершілігі мен ар-ұятын ысырып қойып айырбастап кететіндері өкінішті. Дүниеде көбірек тұрғың келсе өзіңді-өзің бапта, кеткің келсе былапытта. Сол секілді әркімнің өмірі өз қолында егер бақытты болғың келсе, жақындарыңды бақытты еткің келсе, мұндай жаман нәрседен аулақ болғаның жөн. Көбіне адамдар өмірдің сынақтарына төзбей, осындай жаман жолға түсіп кетіп жатады. Білемін, мүмкін, кейде бәрінен шаршап, қиналатын кездер болатын шығар, бірақ ол сенің өмірің осы қиындықтармен шектеліп қалады деген сөз емес. Өмір бірде жарық, бірде қараңғы, өмір болғаннан кейін бәрі де болады. Есірткіні бір рет қолданғаннан кейін одан бастарту қиын екені және бар өміріңді осы бір қателіктің кесірінен құртылатыны баршаға белгілі. Сондықтан кез келген шешімді қабылдамас бұрын жақсылап ой елегінен өткізіңіз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітер» демекші оның зияны тек сізге ғана тимейді, мұны да ойлаңыз. Сіз үшін жанын беруге дайын ата-анаңыздың халін ойлаңыз, сізді жақсы көретін жақындарыңыз бен достарыңызды, ең бірінші өзіңізді ойлаңыз. Әр адам өз өмірінің басшысы, бәрі өз қолыңызда. Денсаулығымызды күтейік, салауатты өмір салтын сақтайық, жарқын болашағымызды жарқын ойлармен қадам басайық.
Шиелі ауданы, Алғабас ауылы, №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Еламан Кенжеш