Көңілі ақ өмірі шат болатын
Қазақстан Журналистер одағының басқарма мүшесі, белгілі журналист Мұрат Мәлібекұлы Күлімбетов өмірден озды. Көңілі ақ, өмірі шат еді, өлімі де ақ болды
Мұрат Күлімбетов 1947 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. №149 «Қызылту», №45 қазақ орта мектебінде оқып, 1965 жылы Шиелідегі кешкі жұмысшы-жастар мектебін бітірген. 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Қарым-қабілетінің молдығынан талантты жас соңғы курста оқып жүріп-ақ республикалық «Лениншіл жас» газетіне әдеби қызметкер болып қабылданып, еңбек жолын жастар басылымынан бастайды. Оқуды бітірісімен туған ауылына оралып, Шиелі аудандық «Өскен Өңір» газетіне жауапты хатшы болып қызметке орналасты. Ол кезде мен газеттің әдеби қызметкері едім.
Мұрат Күлімбетов 1947 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. №149 «Қызылту», №45 қазақ орта мектебінде оқып, 1965 жылы Шиелідегі кешкі жұмысшы-жастар мектебін бітірген. 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Қарым-қабілетінің молдығынан талантты жас соңғы курста оқып жүріп-ақ республикалық «Лениншіл жас» газетіне әдеби қызметкер болып қабылданып, еңбек жолын жастар басылымынан бастайды. Оқуды бітірісімен туған ауылына оралып, Шиелі аудандық «Өскен Өңір» газетіне жауапты хатшы болып қызметке орналасты. Ол кезде мен газеттің әдеби қызметкері едім.
Республикалық газеттен жинақтаған тәжірибесі мен университеттен алған білімін Мұрат аудандық газеттің күнделікті өмірінде пайдалана білді. Басылымның макеті – нақышы түрленіп, «Өскен өңір» өңі өзгеріп, құлпырып шыға келді. Баспа және полиграфия өнімдерін шығару басқармасының облыстық бас қосуларында газет есімі ерекше аталып, жүлделерді иемденіп жүрді.
Мұрат иіні жұмсақ, мәйін, әдепті, әзілге жақын жігіт еді. Кейде материалдар уақтылы берілмей, терілмей жатады. Соның салдарынан газеттің басылу кестесі бұзылып, поштаға дер кезінде тапсырылмай, аяғы дауға ұласады. Ондайда Мұрат сабырлы қалпын сақтап, ептеп әзілге бұрып «егер мақаланы дер кезінде бере алмайтын болсаңыздар, алдын ала ескертіңіздер, орнына басқасын береміз, сонда газет уақтылы шығады, ал сіздер қаламақыдан қағыласыздар» дейтін.
Мұрат газетке әсемдікпен бірге батылдықты ала келді. Сын материалдарды беруден жасқанбайтын. Бұл газеттің беделін көтерді. Шаруашылық, өндіріс басшылары газет тілшілерінен аяғын тартып жүретін болды. Оқырман ойынан шыққан газетке жаппай жазылды. Басылымның таралымы артты.
Мұрат Мәлібекұлы газеттің аласапыран жұмысымен арпалысып жүріп, жеке шығармашылығына да уақыт тапты. Әр жылдары оның қаламынан шыққан «Бастау» атты өлеңдер жинағы, «Сабыр туралы сыр» деректі повесі, «Ғибратты ғұмыр», «Ел ағасы Елекең», «Аңызға айналған адам», «Елеусіздің ерен қызы», «Жердегі із», «Аңызды аймақтың адамдары» атты естелік кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағасын алған дүниелер.
М.Күлімбетов 1979 жылы Алматыға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналына қызметке ауысты. Мен оның орнына жауапты хатшы болдым. 1999-2012 жылдар аралығында «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы қызметін атқарып, 2015 жылы ҚР ұлттық мұражайына сектор меңгерушісі қызметіне ауысып, сол жылдың шілде айында «Қазақстан әйелдері» журналына қайта оралып, 2018 жылға дейін бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.Ол жазу шеберлігімен, білім-білігімен, бастамашылдық, еңбекқорлық қабілетімен және адами қасиетімен жас қаламгерлерге, әріптестеріне үлгі болды.
Мұрат Күлімбетовтың сыршыл өлеңдері «Бір нәзік сәуле» атты жыр жинағына енсе, «Жаңару жолымен», «Уақыттан озғандар», «Өз жұлдызыңды жақ», «Темірқазық», «Туған өлке», «Академик Жолдасбеков» тағы басқа очеріктері республикалық басылым беттерінде жарық көрді. «Ғұмыр бойы ғашықтық» атты жыр жинағы мен шығармаларының екі томдығы таяуда оқырманға жол тартты...
Өлең-сөздің патшасы Абайдың ұлы Әбішке (Абдрахман) арнаған жоқтауы:
«Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек, жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!..» – деп бітуші еді. Ақынның осы жоқтау жырын бүгін Мұрат Мәлібекұлына қаратып айтуға тура келіп тұр.Қазақ отының басында, бала-шағасының қасында бақилық болуды Тәңірінен сұраған жан. Мұны ақ өлім дейді.
Мұраттың отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамын.
Алла алдыңнан жарылқасын, бақұл бол, Мұрат аға!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ұзақ жыл қызметтес, сыйлас болған әріптесі, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»