ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ
Үлкен жүректі Азамат Мұрат Мәлібекұлы Күлімбет 2021 жылы 19 қазанда 74 жасында Астанада дүниеден өтті. Қазақ журналистикасы қабырғалы қаламгерінен айырылды. Талайдан сыр беріп жүрген жүрек дімкәсіне мына індет қосылып арамыздан мезгілсіз алып кетті.
Мәкеңді 1970 жылдан, Шиеліде «Өскен өңір» газетінің редакциясында қатар қызмет атқарған кезімнен білетін едім. Өткен жылдар көз алдымда қайталап өтіп, талай қимас сәттер еске түсті.
Мәкеңді 1970 жылдан, Шиеліде «Өскен өңір» газетінің редакциясында қатар қызмет атқарған кезімнен білетін едім. Өткен жылдар көз алдымда қайталап өтіп, талай қимас сәттер еске түсті.
Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген жас қалам, жалын ақын Мұрат сол кездегі республикалық жастар басылымы «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас алаш» газеті) редакциясына журналистік қызметке қабылданады. Үлкен ортада шыңдалып, көрініп қалған шағында отбасылық жағдаймен туған елге оралды. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы болып тағайындалған Зәкім Жайлыбаев Мұратты жауапты хатшы қызметіне шақырған еді. Бұған дейін жауапты хатшы қызметін атқарған Қанапия Дәрібаев редактордың орынбасарлығына көтерілген болатын.
Ауданның ғана емес, күллі еліміздің мақтанышына айналған Шиелінің алтын жұлдыздары Жадыра Таспамбетова мен Ұлбала Алтайбаеваның ерен еңбектері еленуіне, КСРО заманының ең қадірлі жоғары мәртебелі атағын алып, Социалистік Еңбек Ері атануына «Өскен өңір» газетінің, атап айтқанда журналистер Мұрат Күлімбетов пен Зәкім Жайлыбаевтың себепші болғанын ретті жерде айтып та, жазып та жүрмін. Бүгін сол оқиғаны қайталай кетсем артық болмас.
1970 жылдың күзінде, күріш орағы кезінде «Қызыл ту» ұжымшарының «Ақтоған» бөлімшесінде (қазір Досбол датқа ауылы) комбайншының көмекшісі жас қыз Жадыра Таспамбетованың аяғын комбайн орап, ауыр жарақат алған оқыс жағдай орын алды. Кейін арада он бес жыл өткенде, 1985 жылы Жадыра Мәскеуде кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызын таққанда «Социалистік Қазақстан» газетіне шыққан Жадыра туралы «Тағдырмен тайталас» деген очеркімде, кейінгі жарияланымдарымда сол оқиға жайлы былай деп жазған едім.
«...сүреңсіз күндердің бірінде кезeкшi дәрігер Ж.Махамбетәлиев Жадыраға аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Мұрат Күлімбетов жолыққалы келіп тұр дегенде, бұл таңырқай аңырап қалған. «Апыр-ау, мен жайлы жазар не бар, еңбекке араласпай жатып мүгедектікке ұшырағаным да әңгіме болып па?» деп абдыраған. Палатадан балдақпен сүйретіліп құр сүлдері шыққанда шашы бұйра, көзілдірікті, қыр мұрынды, бидай өңді жас жігіт күтiп тұр екен.
Бөлмеде бұлар ұзақ сөйлесті. Журналист жас та болса, мұның көңiліндегісін дөп басты. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеп, отбасылық жағдаймен елге оралыпты деп еститін Мұратты. Үлкен мектептен өткені көрініп-ақ тұр. Журналист Мұраттың сөзінің сипаты бұған күнде келіп жүрген ағайын-туған, дос-жараннан басқаша. Жадыраның жігерін жанатын әңгімені көбірек айтты. Әpici – Корчагин, Әлия мен Мәншүк, Маресьев, беріci – өзіміздің Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы аяғынан кембағал механизатор, Социалистік Еңбек Epi Қасымтай Ізтілеуов, тiптi Мұрат өзінің мүгедек әкeci Мәлібек, Жадыраның өз ауылдастарынан мүгедек болса да еңбекпен қалмай, ешкімнен кем болмай еңсесі биік жүрген азаматтар мысалға алынды. Жадыра өз бойында қан жүгіре бастағанын сезінді. Бойын керген алапат бір күш: «Жоқ, мен ораламын!» деп айтқызып жібергенін аңдамай да қалып еді!
Осыдан кейін Мұрат Күлімбетов Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 1971 жылғы 25 ақпандағы нөміріне Жадыраның сол сөзін тақырып етіп алып, «Жоқ, мен ораламын!» деген очерк жариялады. Жадыра өміріне күрт өзгеріс алып келген жаңа кезең, Алтын Жұлдызға бастар жол осы күннен басталған еді. Болған жайды былайғы жұрт жазатайымға, жазымышқа балап, жас қызды іштей мүсіркеп қоя салған. Ал, ауыл басшылары техника қауіпсіздігіне неге салақсыңдар деген сөз естиміз бе деп алаң болып жүрген-ді. Оқиғаны тіптен тосын тұрғыда баяндаған журналист көзқарасына елең етпеген көзі қарақты жан болмаған шығар-ау. Сол жылдары аудандық газетте Мәкеңмен қатар қызмет істегендіктен, ол психологиялық ахуал әлі жадымда. Сол тұста ауданда тағы бір механизатор қыз трактордан мертігіп, басшылар енді қайтып қыз-келіншекті техника маңынан жүргізбейтіндей күй кешкен. Ал, журналист болса, жоқ, ол оралады дейді. Ал, ендеше... Мұрат бір айтқанымен қоймады, мәселенің аясын кеңейтіп, тағы да сол тақырыппен республикалық «Лениншіл жас» газетінде де үлкен очерк шығарды. Ол кезде «Лениншіл жас» сөзі дуалы өте беделді басылым болатын.
«Жоқ, мен ораламын!» журналистің әсірелеген қиялы емес-ті. ...Жадыра боркемік болса журналист оны қайдан жігерлі ете қойсын.
Жадыраның жайынан құлағы түрік жүретін журналист Мұрат Күлімбетов қалыс қалмады. Мәселеге тіпті аудан басшылары араласты. Осылайша қыз табандылығы жеңді. «Қызыл ту» колхозына келген алғашқы жаңа «Беларусь» тракторы Жадыраға берілді. Ол арманына осылай оралды.
Жетпісінші жылдары Жадырамен қатар тракторға отырған «Алғабас» ауылының қызы Жұмагүл Дүйсебекова да айықпастай мертікті. Ол да жалындап тұрған жігерлі қыздың бірі еді. ...Ол кейінгі жылдары қол өнершілікпен, ұлттық нақышта киімдер тігумен, тоқымамен айналысыпты. «Алғабас» ауылының «Балауса» балалар ансамблінің бүкіл киімі Жұмагүлдің қолынан шыққан екен. Мұрат Күлімбетов Жұмагүл туралы да жазды. «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 13 шілдедегі санында «Жүрегі жалын еді Жұмагүлдің» деген эссесі жарияланды.
...Жадыра насихатының басында журналист Мұрат Күлімбетов тұр. Егер Мұрат «Лениншіл жас» мектебінен өтпеген болса, егер ол журналистік түйсікпен күйзеліс күндерінде ауруханаға іздеп бармаса, тағдыр соққысынан есеңгіреп, ендігі өмір жолым қалай болады деп дағдарған 18 жастағы қыздың еңсесін көтеріп, үмітін жалғамаса, жігерін жанымаса, оның өршіл болмысын танып, өмірлік бағытын аңдатпаса, Жадыраның бүкіл ел алдында айтқан сертіндей «Жоқ, мен ораламынды» жарияламаса, Жадыраның тағдыры қалай қалыптасар еді... Тағдыр талайымен әлдеқалай соққы көрген қыз-келіншектер Жадыра өнегесін ұстанар ма еді. Бұл болжамның бәрі де мүмкін еді. Бұл Жадыраны таныған, танытқан журналистің еңбегі, ерлігі, қазақ журналистикасының адам тағдырына ықпалының тамаша мысалы. Салыстырып айтар болсақ, Кеңес Одағының Батыры атанған мүгедек ұшқыш Алексей Маресьевтің даңқын асырған жазушы Борис Полевой болса, Жадыраға даңқты жолын сілтеген шиелілік қаламгер, бүгінде «Қазақстан әйелдері» журналы бас редакторының орынбасары Мұрат Күлімбетов! Қазақ журналистикасының Полевойы, Жадыраның Полевойы». Мәкеңнің журналистік ерлігін осылай бағалаған екенмін. Мұрат Ағаның еңбегін лайықты бағалап Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағына ұсынған да едім...
1972 жылы Алматыға Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің күндізгі бөліміне ауысу туралы ойымды құптап, үлкен ортаға жөн сілтеген де Мәкең еді.
Мәкең 1970 жылдардың аяғында Алматыға қайта оралды. «Қазақстан коммунисі»(қазіргі «Ақиқат»), «Қазақстан әйелдері» журналдарында жауапты қызметтер атқарды. Талай еңбек адамының шырайын шығарған көркем очерктері республикалық басылымдарда жарияланып жатты. Мұрат Күлімбетовтің бірнеше өлеңдер мен прозалық шығармалары кітаптары жарыққа шықты. Сол шығармаларын сұрыптап, таңдамалы екі томдық жинақ дайындап жатырмын деген еді қаламдас апайымыз Мәрия Жұматованы еске алу кездесуінде әңгімелескенімізде.
Азамат қаламгер, ақын Мұрат Мәлібекұлының аяулы жарқын бейнесі әрдайым жадымызда жаңғырып тұрады. Қош бол, қаламдас, асыл Аға!
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақ журналистикасының қайраткері,
Шиелі ауданының «Құрметті
азаматы». НҰР-СҰЛТАН
журналист-заңгер, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақ журналистикасының қайраткері,
Шиелі ауданының «Құрметті
азаматы». НҰР-СҰЛТАН