Еліне тәу еткен ұстаз-кәсіпкер
Қазақта ұстаз туралы қанатты сөздер өте көп. Себебі, алыптың да, дананың, ғұламаның да ұстазы болған. Адамзаттың құрмет тұтатын мамандығының ең қастерлісі – ұстаздық. Мұғалімдік мамандықты кез келген адам игеруі мүмкін, бірақ ұстаздықтың ұлылығы мен даналығына бойламауы мүмкін. Бүкіл ел қадірлеп төрден орын беретін нағыз ұстазға құрмет пен қошамет ешқашан толастамайды. Ұлы Абайдың философияға құрылған өлеңдерінің өзегінде осы аяулы мамандық иесіне құрмет жатыр.
Ақырын жүріп, анық бас,
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас ,
Үйретуден балаға.
Шынында шәкірттерге тәлім-тәрбие, білім беруден жалықпайтын ұстаздардың еңбегі инемен құдық қазғандай ауыр ой еңбегі. Теңіздей терең білім мен құнарлы тәлімді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, тарыдай болып кірген бүлдіршінді таудай қылып үлкен өмір бәйгесіне қосу оңай емес. Оған ұстаздың бойында қайрат, шыдам, сабыр, ерінбейтін еңбек керек.
Міне, осындай бағалы қасиеттердің бәрі тал бойынан табылған жанның бірі – Шиелілік танымал ұстаз Саябек Жылқыайдарұлы Нұрманов. Көп жыл ұстаздық, басшылық қызметтерде жүрген бүгінгі біздің кейіпкеріміз 1960 жылы Бала би ауылында ұстаздар әулетінде дүниеге келген. Әкесі Жылқыайдар Нұрманов Шиелі ауданындағы №50, №151 мектептерге директор болып қызмет атқарған. Ғұмырын ұстаздыққа арнаған жанның саналы өмірінде ғалымдармен бірлесіп, тарих пәнінің мазмұнын жаңғырту, оқыту әдістемелерін жетілдіру ісімен айналысқанын қалың көпшілік әлі күнге айтып, ұлағатты ұстазды ерекше дәріптейді. Ал, анасы Қалбибі Ыбыраева да ұстаздықтың ұлы жолында қызмет жасап, бастауыш сынып мұғалімі болған. Қазақта «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген қанатты сөз бар. Ұстаздар әулетінің сара жолын таңдаған Саябек Нұрманов 1978 жылы Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1982 жылы оқу орнын тәмамдаған соң өзі түлеп ұшқан №50 мектепке ұстаздық қызметке келеді.
Міне, осылайша жас маманның еңбек жолы ата-анасының ұстаздық династиясынан тамырлап, басталып кетеді. Білімді, еңбекқор, өз кәсібін жанындай жақсы көретін жігерлі жас аз уақыттың ішінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, ұжым алдында беделі артып, шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналады. Біліктілігін үнемі шыңдап, мектепішілік әдістемелік шараларға белсене араласып, тәжірибе жинақтайды. Жеті жылдық тәжірибесі ұстазды жаңа қырынан тануға кедергі келтірмейді. Жылдан жылға толысқан білімі мен парасат-пайымын байқаған аудандық білім бөлімі 1989 жылы С.Нұрмановты әдістемелік кабинетке әдіскер етіп қабылдайды. Сол кездері білім бөліміне 80-ге тарта білім мекемелері қарайтынын ескерсек, сол мекемелермен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жасағаны азаматтың ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекқорлығының жемісі еді. Осы жылдары мектеп оқушыларының спортқа оның ішінде күреске, футбол, волейбол, шахматпен айналысу деңгейі артты. Тіпті, республикалық жарыстардан жүлделі оралды. Ол өзіне облыстық білім басқармасында қызмет жасаған Мәді Маханов, Тілеумұрат Науанов, Кендебай Сейітов сынды азаматтарды ұстаз тұтып, олардан келелі кеңестер алды. Осылайша білім бөлімінің бас маманы болып қызметі жоғарылады. Өзіне артылған жоғары сенімді абыроймен атқарған С.Нұрмановтың араласуымен бірнеше мектеп жаңа ғимаратқа көшті, кешкі мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Қолға алған ісін жауапкершілікпен атқаратын Саябектің ұстаздық жолындағы жан-жақты жұмыс тәжірибесін, тиянақтылығын бірге жұмыс атқарған әріптестері де ерекше бағалайды.
Өмірдің ағысы адамды кейде басқа арнаға бұрып, оны жаңа қырынан танытады. 2009 жылдан бері С.Нұрманов кәсіпкерлікке бет бұрды. Үйдің берекесін кіргізіп отырған отанасы Назыгүл Райымқұлова екеуі 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, олардан 2 немере сүйіп отыр. Қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде қатысып, ауылдағы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға үнемі жәрдем беріп отырады. Мектептерге жылу маусымында көмір таратады. Ауылдастарына құрметпен қарайтын азаматтың елге деген осындай қайырымдылығы елеусіз қалған жоқ. 2019 жылдың қорытындысымен жылдың «Жомарт жүрек» номинациясын иеленді. Ал 2020 жылы Шиелі аудандық әкімшілік аппараты ғұмырының сәулелі шағын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты жанды Құрмет граммотасымен марапаттады.
Иә, адамзаттың жасаған қайырымдылығы оның жан әлемінің кіршіксіз таза, халқына деген сүйіспеншілігі жоғары екенін дәлелдейді. Кейіпкеріміздің өмір парағы осындай керемет ізгіліктермен өрнектелгенін айтып, ауылдастары мақтан тұтады. Ал туған жерін сүйетін арда азамат үшін бақыт кіндік кескен жерінің разылығында.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ