Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала дарабоздары дараланған сәт

Дала дарабоздары дараланған сәт

Биыл аудан диқандары мен малшылары елдегі су тапшылығы мен пандемия кедергілеріне қарамай нәтижелі еңбек етті. ­«Балапанды күзде сана» деген тәмсілді ту еткен дала дарабоздарының сиыр жылында жеткен жетістіктері мен көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Диқандар асыға күтетін «Алтын күз» мерекесін тойлар сәт те таяп қалды. Бұл тұста малшылардың күзге қанша төлмен кіріп, диқандардың қамбаға қанша астық түсіргені баршаны қызықтырады. Осы орайда біз де дала еңбеккерлерінің аз-кем табысын есептеп көрдік. Сондай-ақ, мал ұстаған ағайынның жанайқайы жайылымдық жер мәселесін көтеруді жөн санадық.
Иә, өңір экономикасының негізгі тірегі – ауыл шарушылығы саласы екендігі ақиқат. Биыл аудан көлемінде 30189 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Соның ішінде сыр салысы күріш дақылын егуге 12039 гектар жер үлестірілген. Сарапшылар биыл аудан сыр маржанынан 50-55 центнерден өнім алады деп топшылаған. Сарапшылар сөзі нақ келіп, күріштің 11 950 гектарына орақ түсіп, оның 11720 гектары (97,4%) орылған. Әр гектардан орташа 50-55 центнерден өнім алынуда. Диқандардың ала жаздайғы еңбегінің нәтижесі де жаман емес, шаруашылықтар егін-терімді күзгі жауын-шашын, салқынға ұрындырмай толық жинап үлгерді. Ашып айтуымыз керек биылғы барлық өнім көлемі былтырғымен салыстырғанда едәуір төмен болды. Оған бірден бір себеп, аймақта су тапшылығының орын алуы болса керек. Аудандық ауыл шауашылығы бөлімінің бізге ұсынған сандарын сөйлетер болсақ, жалпы бидайдан 1590 тонна өнім алынған. 8 915 гектар жерге егілген жоңышқадан 52 499 тонна ескі жоңышқа, 3 467 тонна жаңа жоңышқа жиналған. Арпа дақылы 20 тонна. Көкөніс, бақша дақылдарында да жиын-терім жұмыстары қарқынды жүрген. Бүгінге дейін қоржынға түскен көкөністің орташа көрсеткіші 190-200 центнерден болса, бақша өнімдері 200 центнерді құраған.
Су тапшылығы демекші, биыл жайлауда да су тапшылығы сезілген. Ежелден малшылардың жазғы қонысы саналатын Қаратау етегінде 250,0 мың гектар жайылымдық жер бар. Малшылардың жаз жайлауына айналған құтты мекен бұлақтар, шахталы, трубалық, құдықтар арқылы суландырылады. Өңір малшыларының 60 процент қазір осы Қаратауды мекендеп отыр. Еңбекші, Керделі, Бәйтерек, Ақтоған, Ақмая, Телікөл, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінің шаруашылық құрылымдары төрт түлік мал шығарып отырған жайлау ірі қара, уақ мал, жылқы, түйе малдарын күтіп ұстауға өте тиімді. Жылына 12 мың ірі қара, 14 мың уақ мал, 5-6 мың жылқы, 500 бас түйе жайылымға шығатын жайлауға малшылар наурыз айында көшіп, қазан айының ІІ онкүндігінде төмен түседі.
Жайлаудағы су тапшылығы мәселесін аудан малшылары көптен бері айтып жүр. Рас, қазір жайлаудағы көптеген бұлақтардың көзі бітеліп, түрлі себептермен кешегі кеңес кезінде қазылған құдықтар топырақпен көміліп, жарамсыз болып қалған. Соның салдарынан төрт түлік малдың жағдайы болмай, ала жаздай жылқылар сүліктеп, ірі қараға қарасан келіп, уақ мал жүдеу күйде күздеуге көшіп жатыр. Міне, осы мәселеге алдағы уақытта аудан әкімі назар аударып, ден қойса деген өтінішіміз де жоқ емес. Сондай-ақ, бұл түйіткіл аудандық мәслихат депутаттары мен ардагерлеріміздің де қаперінде болуы керек деп есептейміз.
Шырайлы Шиелі аграрлы аймақтың бірі болғандықтан жайылымдық жерге баса назар аударған абзал. Соңғы уақытта мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аймақтың қатарындамыз. Елімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз ету міндетін орындауда мал шаруашылығын дамыту айрықша орын алатын болса, оның негізі – табиғи жайылымдарды тиімді және ұтымды пайдалану. Жер пайдаланушылар мен меншік иелері үшін жайылымның тозуын болдырмай, жақсарту шараларын жүзеге асыруы керек.

Елдос ЖҮСІП
12 қазан 2021 ж. 328 0