Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе дерттен сақтайды

Екпе дерттен сақтайды

Жуырда аудандық баспасөз орталығында коронавирусқа қарсы вакцинация жөнінде Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада ­Айтекеева мен профилактика бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-терапевт ­Гульмира Оразбекованың қатысуымен брифинг өтті.
Бүгінгі таңда індетке қарсы вакцинация күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Былтырдан бері әлемді жайлаған пандемияның алдын алу және індетті ауыздықтаудың бірден бір профилактикалық жолы – тұрғындарды жаппай вакцинациямен қамту екені дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деңгейінде дәлелденіп отыр. Сол себепті, аудан ­бойынша барлығы 23 егу пункті вакцинаның Sputnik-V, QazVac, Sinofarm сияқты 3 түрімен тұрақты жұмыс жүргізіп отыр.
Коронавирус инфекциясы 100 жылда пайда болып отырған пандемия болғандықтан, тұрғындардың ағзасында оған қарсы иммунитет жоқ, сондықтан да індет жаппай тарап отыр. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтану үшін адамдарға вакцинация жасау арқылы ағзасында жасанды иммунитет тудыру аса маңызды профилактикалық шара болып табылады. Сол себепті, кент тұрғындарын арнайы сенімді ақпарат көздеріне сенім арта отырып, дер кезінде вакцинация алуға шақырамын, – дейді Г.Садықбекқызы.
Ауданда бүгінге дейін коронавирус дертін жұқтырған 84 науқас тіркелген. Ауруханадағы науқас саны – 54, оның ішінде реанимацияда – 3, амбулаторлы бақылауда – 30 науқас бар. Бұл көрсеткіш жыл басындағы көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Себебі, жыл басында арнайы төсек орынды қажет ететін науқастар саны 100-ден асқан еді.
Жалпы, аудан халқының 38381 тұрғынына екпе егу жоспарланған болса, соның ішінде I компонентпен 75,4 проценті, II компонентпен 62,2 проценті егілген. Ал, ауданға жеткізілген вакцинаның I компонентінен 96,6%, яғни 28953 данасы, II компонентінен 82,2%, яғни 23866 данасы тұрғындарға егілді.

Нұрай ҚАЛЫШБЕК
12 қазан 2021 ж. 221 0