Тарихи таным – тілшілік пайым
Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті, Н.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданған болатын. Бір ғасырдан астам бөтеннің бодауында болып, ел-жұрттың санасынан өшіп, көкірек-пайымынан көмескі тартып, жадынан жоғала бастаған құндылықтарымызды қайта жандандыру мақсатында іргелі істерге ұйытқы болған бұл бағдарламаның болашақ ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз болды десек артық айтқандық емес. Қалыптасқан хронологиялық тарихи кезеңдер үшін осынау аз ғана уақыттың ішінде қазақ мәдениетіне, дәстүріне, тарихына қатысты тың зерттеулер жасалып, ұмытыла бастаған ұлтымыздың баға жетпес рухани мол қазынасын халық жадында қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды.
Бұл жұмыстар легі алты алаштың анасы атанған Сыр өңірінде де қолдау тапты. Бір кездері «Сыр медиа» ЖШС жанынан «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Тарихи жадыны жаңғырту, ұлттың ес-жадынан жоғала бастаған рухани құндылықтарымызды халықтың бітім-болмысымен біте қайнастыру бағытында қызу тірліктер қолға алынды. «Сыр медиа» ЖШС басшылығы тарапынан қаржылай қолдаулар білдіріле отырып, қаламгерлер қауымына алыс-жақын аймақтарға іс-сапарларға шығу, шетел мұрағаттарына ғылыми экспедициялар ұйымдастыру мәселелері шешімін тапты.
Бұл жұмыстар легі алты алаштың анасы атанған Сыр өңірінде де қолдау тапты. Бір кездері «Сыр медиа» ЖШС жанынан «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Тарихи жадыны жаңғырту, ұлттың ес-жадынан жоғала бастаған рухани құндылықтарымызды халықтың бітім-болмысымен біте қайнастыру бағытында қызу тірліктер қолға алынды. «Сыр медиа» ЖШС басшылығы тарапынан қаржылай қолдаулар білдіріле отырып, қаламгерлер қауымына алыс-жақын аймақтарға іс-сапарларға шығу, шетел мұрағаттарына ғылыми экспедициялар ұйымдастыру мәселелері шешімін тапты.
Экспедициялар қорытындысы бойынша А.Оңғарбаевтың редакциялық алқа төрағалығымен «Сыр бойының сакралды ескерткіштері» атты 27 баспа табақтық кітап жарық көрді. Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру бағытында медиаға қарасты баспасөз беттерінде түрлі тарихи-зерттемелік мақалалардың жарыққа шығып, келешек ұрпақ үшін рухани мұра ретінде қатталып қалуы осы біз айтып отырған бағдарламалық мақала мен оған қолдау білдірген басшылық тарапынан жасалған жұмыстардың бір парасы болатын. Медиаға қарасты баспасөз тілшілері халықтың тарихи-таным көкжиегін кеңейту мақсатында туған жердің топырағынан түлеген, өткен заманның айтулы тұлғаларын насихаттауды, тарихи жер-су атауларын, қорғанды қамал, рухани орталықтарға журналистік сапарларын жалғастырып келеді. Жуырда сондай бір кезегі келген келелі сапар көрші Түркістан облысында жалғасын тапты. «Сыр медиа» серіктестігінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты А.Оңғарбаев бастаған облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов, газет журналисі Б.Сәтжан және осы жолдардың авторы қамтылған журналистік топ әуелі түркі дүниесінің темір қазығы, қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тоқтады. Қызылорда облысынан арнайы шыққан «Сыр медиа» ЖШС қаламгерлерін киелі қалада «Түркістан медиа холдингі» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен әріптесіміз күтіп алды.
Өткенге шолу
Адамзат тарихында ата-бабасын һәм өмірден өткен текті тұлғаларын құрмет тұтуда жалпақ түркінің қабырғалы қалың жұртына жетерлік жаһанда халық болмаса керек сірә! Түгел түркінің тікелей тамыр тартар түпкі тегі де қазақ жерінен тарқалатынын ескерер болсақ, көне қазақ рулары да бұл қасиеттен ада қалмағандығын білеміз. Арғы-бергі тарихтан аз-кем хабары бар кісі біздің бұл сөзімізді жоққа шығармайды, қайта қостай-қолдайтынына шүбә жоқ. Мұқым бір руға, тайпаға, ұлысқа есімі ұран болған, ұрпағы ұлағат тұтқан арда азаматтар өткен. Қазақ жеті атаға дейін жете білген. Одан арғысын арда тұтқан, абыз атаған, ел мен жерге атын берген. Өлгенін санасынан өшірмеген.Өнегелі ісін өрге оздырған. Аласапыран, алмағайып, жаугершілік замандарда ата-бабасының атын атап, рухын көтерген. Әруақ шақырып, атқа қонған. Ел мен жердің тұтастығы дүниеден қайтқан түп атасының тірі кезіндегі мақсат-мұратымен сабақтасып жатқанын жете түсінген. Аманатқа адалдық осыдан келіп туындаған. Кісі ақысын жемеген, жетім мен жесірін демеген. Ұйыған айрандай береке бірлігін бұзбаған. Серттен және анттан аттағандарды «әруақ атсын!» деп теріс айналған. Түркінің тарихи жадысының мықты болуы, салт пен дәстүрге беріктігі тікелей ата-баба әруағымен байланысып, сабақтасып жатқан. Мәселен, қазақтың түпкі тегі деп саналатын сақтар тайпасы туралы қысқаша сөз қозғай отырып, осы мақаладағы біздің бұл байлам, тоқтамымызды түйіндей кетсек дейміз.
Ежелгі гректің антик дәуірінің тумасы, тарихтың атасы атанған Геродот сақ тайпасының өкілдерімен сөйлесе отырып, өзінің тарихи шығармасында мынадай қызықты мәлімет келтіре кетіпті. Сақтардың айтуы бойынша жазылған ол деректің қысқаша мазмұны төмендегіше өрбиді.
– Сақтардың Томирис-Тұмар ханшайымынан оңбай жеңілген Күріш-Кир патшаның кегін алу үшін ахеменидтер әулетінің тағы бір айтулы патшасы Дарий біздің жыл санауымызға дейінгі 513 жылы жүз мыңдаған әскер бастап, Сырдариядан өтіп, көшпенділер жеріне табаны тиіпті. Сақтардың әміршісі Иданбарысқа жаушы жіберіп, соғысуға шақырыпты. Сонда сақтардың әміршісі парсы патшасы Дарийге «егер бізбен расында соғысуды қаласаң ата-бабамыз жатқан жерді тауып алып, сүйегіне тисіп көр, сонда біздің қалай шайқасатынымызды білетін боласың» деген екен. Айтқанында бұл шайқаста да парсылар оңбай жеңіліп, майдан даласынан масқара болып қашып, еліне әзер жеткен деседі. Осынау айтулы оқиғаны сақтардың өз аузынан жазып алып отырған Геродот сол көшпенділерден «Дарий патша сендерге қай жылдары соғыс ашты?» деген сауал қойған кезіндегі сақтардың берген жауабы сіз бен бізді тіптен таңқалдырады. Сақтардың айтуынша Дарий патша сақ жеріне көшпенділердің Тарғытай атты бабасының патшалық құрған уақытынан тура мың жыл өткенде келген екен дейді. Ахеменидтік Дарий патша мен сақтардың патшалық құрған Тарғытай атты бабаларының арасы тура мың жыл. Бұл мәліметті тарихшылар да дәлелдеп тастады. Ал, енді діни тұрғыда тарқатар болсақ Дарий патша христиан дініннен тура 500 жыл, ислам дінінен 1200 жыл бұрын өмір сүрген адам. Енді осы салыстырмалар арқылы түркі халқының тарихи жадының қаншалықты берік болғандығын өзіңіз саралай беріңіз. Көшпенділердің көне жұрты тарихи даталарды ата-бабасының есімімен байланыстырып отыруды дәстүріне енгізе отырып, өткенін өшірмеген. Бұл үрдіс кешегі қазақ жұртында да сақталған болатын. Осындай екі жарым мың жылдан бері үзілмей келе жатқан рухани-сана сабақтастығын басқа халықтан кездестіре қоюыңыз екіталай.
Дінмен сабақтасқан діл тарихы
Қазақ арғы тарихында исламға дейін де ата-бабасын арда тұтқан. Түркі-руна-сына жазуы, сонау Сары теңізден Қара теңізге, Байкалдан Балқанға дейінгі көшпенділер территориясындағы балбал тастар, алтынмен апталып, күміспен көмкерілген обалар, түрлі тарихи жәдігерлер осыған дәлел болса керек. Ислам діні көшпенді қазақтың бұл үрдісімен етене байланысып, біте қайнасты десек қателеспейміз. Сонау ІХ-Х ғасырдан бастап әлемдік саяси аренада ат ойнатып, жаһанды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған түркі жұрты ислам әлемінің қорғаушысы, халифалық атақты иелене отырып-ақ, дүниеден қайтқан, құрмет тұтқан тұлғаларына алып күмбезді мазарлар,кесенелер тұрғызу арқылы көне дәстүрді жаңаша жаңғыртып шыға келді. Самарқандағы әйгілі тарихи құрылыстар, Түркия мен Үндістан жеріндегі түркі патшалары салған қайталанбас архитектуралық өнер туындылары көшпенділер жұрағатының өткенге ерекше құрметпен қарайтынын білдірсе керек. Соның бірі және бірегейі түгел түркінің түп қазығы болып саналатын киелі Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесі.
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой...
Иә, Түркістан түркі жұртының рухани орталығы. Мың жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи хикметтері түркі-шағатай тілінде жазылып, ислам дінінің құндылықтары түркі баласына төл тілінде осы қалада түсіндірілген. Түркістан сонысымен киелі, екінші Мекке атанса керек. Яғни, көне қазаққа ислам дінінің барлық құндылықтарын қазақ тілінде түсінуге мүмкіндік берген қаланы қазақ киелі санаған. Сол мүмкіндікті тудырған ғұлама-ғалымды жұрт басына көтеріп Әзіреті-Сұлтан атаған. Ол өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған жалпақ тілде жаза отырып жұрт жадында әулие-абыз ретінде сақталған. Қ.Ясауидің «Диуани хикмет» яғни «Ақыл кітабы» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туындысы. Кітап араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәпсірлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. Осылайша, арада мыңдаған ғасырлар өтсе де «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» кесенесі бар деп түркі жұрты қадір тұтты. Осы арқылы исламның түп тамырынан айныған жоқ.
Рухани қалада киелі кесене басына бара отырып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Байболовпен жүздестік. Ескі кесенелердің ешкімге ашпаған сырларын зерттеп, Самарқан, Стамбұл, Еуропа елдерін аралаған Берік бір кездері бірге оқыған группаласым. «Жүзі таныстан түңілме» деген қазақы пайымға салып, 1385 жылы тұрғызыла бастаған «Әзірет Сұлтан» кесенесінің кереметтерін сұрай бастадық. Атақты Әмір Темірдің пәрменімен салынған Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері мен осындағы басқа да жүздеген мазарларда тегі түркі, қаны қазақ бабаларымыз жерленгені мағлұм. Бұл туралы:
– Қазір біздегі тарихи мәліметтер бойынша Түркістанда 21 хан жерленген. Еңсегей бойлы Ер Есімнен бастап, Әбілмәмбет, Тәуке, Жәңгір, Әбілпейіс, Барақ, Бөкей, Абылай сынды хандар бар. Ал, мұнда жерленген батырлардың саны отыздан асты. Мысалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батырлар. Билерден қаз дауысты Қазыбек би бабамыз да сонда жатыр. Қазбек би мен Абылай ханның құлпытасы толық сақталған, – деді Б.Байболов. Шиелі жұртына етене таныс, Сыр елінің азаттығы үшін күрескен текті тұлғаның бірі қара қыпшақтың шашты тармағының бошай аталығынан шыққан Әжібай Қарпықұлыда осы жерде мәңгілікке байыз тапқан.
«Әзірет Сұлтан» кесенесінің ішіне кіргенде барлық залды байланыстырып тұрған орталық зал бар. 35 бөлмені байланыстырып тұрған залдың қақ ортасында Тайқазан орналасқан. «Жалпы салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр болатын бұл тайқазанды бағзыда су құюға арнаған. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни, саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа – бидайын тастаған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беретін болған» дейді зерттеуші Берік. Міне, содан бері сақталып қалған бұл үрдіс үзіліп қалған жоқ. Бізбен қатар кірген адамдардың тайқазанға қолындағы тиынын салып жатқанын аңғардық.
Расында, тарихи деректерге сүйенсек, он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралған екен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни, 1399 жылы Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралған деседі. Соңғы кездері зерттеушілердің анықтауынша кесене құрылысы толық бітпеген. Оның кесенеге кіре беріс қас бетіндегі қабырғалар арасынан шығып тұрған тіреуіш ағаштардан байқауымызға болады.Тарихи деректерге сәйкес ХVІ ғасырда Сыр бойы қалаларына иелік еткен Бұқара ханы Абдолла ІІ осы кесенені толықтай бітіруді мақсат тұтып, біраз құрылыс жұмысын жүргізген.Кесененің алдыңғы порталындағы ойықтар мен қабырға арасындағы ағаштар сол кезеңнен қалған деседі. Әмір Темір кезіндегі негізгі жоба бойынша кесененің екі шетінде биік екі мұнара мен ортасында арка болуы керек.Қас беті көктүсті лазуркамен көмкерілуі шарт болған.Бірақ өкінішке орай айтулы кесененің бастапқы жобасын бітіру Әмір Темірге де одан 300 жылдай кейін өмір сүрген Бұқара ханы Абдоллаға бұйырмаған екен.
Несін жасырайық, көне шаһарға табан тигенде таңданбасқа болмады. Небәрі 2-3 жыл ішінде түрленген Түркістанның бүгінгі келбеті адам танымастай өзгеріп сала берген. Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Түркістан басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып, күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпенділердің арманы болған бақ мекенге бас сұғу бақыт емес пе?
Бүгінгі Түркістан мен тарихи Түркістанды салыстыру танымдық тұрғыдан маңызды. Дей тұрғанмен жаңа ұрпақтың міндеті – өткеннің ғибратты тұстарын жаңа заман контексінде лайықты көрсете алу. Сонымен бірге тарихи шаһарларды жаңғыртудың өркениетті концепциясы болады. Біздіңше, Елбасы идеясымен жаңарған бүгінгі Түркістан осы бағытты қатаң, жүйелі ұстанып отыр. Мұны көріп-білу үшін, әрине, бүгінгі облыс орталығын – тарихи қаланы тамашалаған дұрыс. Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен Сарай» көптің қызығушылығын тудырып тұр. Мұнда ағылып келіп жатқан туристер де көп. Ұлы Жібек жолының бойындағы өзгеше өрісті һәм келісті жаңа шаһардың шырайын көзбен көргеннің жөні бір бөлек боларын ұғындық.
Бүгінгі Түркістан қайта түлеген, жаңарып, жасарып, өркен жайып келе жатқан алып қала.
Қалам ұстаған қауымның іс-сапары одан әрі жалғасын тапты. Ұлы дала бойында сырын ішіне бүккен тарихи орындар Үкаш ата, Баба түкті Шашты Әзиз, Ысқақ бап, Ғайып-Ерен, Қырық Шілтен сынды киелі мекендерге жасаған іс-сапарымыздың жалғасын, ол жерлердің тарихи мән-маңызы жайлы мақаламызды келесі саннан оқитын боласыздар...
(Жалғасы бар.)
Нұрболат Сәдуақасұлы