Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани жаңғыру – елдің болашағын айқындайды

Рухани жаңғыру – елдің болашағын айқындайды


Түп-тамырымызды жете тануға бағытталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында облыстан «Рухани жаңғыру» орталығының директоры бастаған бір топ сала мамандары кеше өңірімізге табан тіреді. Келген азаматтардың айтарын білмекке біз де сонда барған едік.

Шарада облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Мыңжас, «Рухани жаңғыру» Атамекен» бөлімінің басшысы PhD докторанты Б.Нұриман, «Рухани жаңғыру» орталығы «Ақпарат толқыны» бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Г.Әшірбекова, сондай-ақ осы салаға қатысты сала мамандары қатысты.
Облыстан келген қонақтар алдымен аудан орталығындағы «Рухани жаңғыру» аллеясына барды. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аллеяны толықтай таныстырып, ол «Тәуелсіздік», «Қазақ хандығы», «Орхон-Енисей жазбалар» блогы болып үшке бөлінетінін түсіндіріп, ірі тарихи оқиғаларды келтіргенін айта кетті. Одан кейінгі бағыт №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте жалғасын тапты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 кіші бағдарламадан тұрғандықтан, аталған бағыттарды ілгерілету бойынша бүгінгі күні өңірде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Аудан мектептерінде жасалған қолөнер жұмыстары көрмеге қойылып, облыстан келген мамандарға қолдан жасалған бұйымдарды таныстырып, рухани құндылықтарды дәріптеді.
Жұмыс сапары одан әрі «Рухани жаңғыру – тарихи таңдау» атты ғылыми-танымдық конференция бағытымен жалғасты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамыту – нақты міндеттерін айқындауымен маңызды. Осы бағдарламаның мәні мен мазмұны және алдағы міндеттері туралы облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, Н.Мыңжас баяндама оқыды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтырылып келеді. Атқарылып жатқан істер оң нәтижесін беріп, ел мүддесінен шығып жатыр. Н.Кәрібозұлы баяндама барысында аудан басшысына өз ұсынысын жеткізді. Қазіргі таңда ұлттық салт-дәстүрді насихаттап жүрген «Тал бесіктен жер бесікке» дейін жоба аясында заман талабына сай келетін дәстүрлерді жаңғыртуды қолға алмақпыз. Әсіресе, той өткізу дәстүріне прагматикалық көзқараспен қарағанымыз жөн. Толықтай зерттеу жүргізіп, тойларға белгілі шектеу қоюды қарастыруды қолға алу жөнінде ұсыныс жасады. Б.Нұриман «Рухани жаңғыру – кемелдік бастауы» тақырыбында хабарлама жасап, өзі зерттеп жүрген саласын толықтай баяндап түсіндірді. Ал, Г.Әшірбекова «Қоғамдық сананы жаңғыртудың басым бағыттары мен жүзеге асырудың әдістері» туралы айтып берді. Одан кейін, ауданда салт-дәстүрді кеңінен насихаттау, дәріптеу мақсатындағы жұмыстар атқарып жүрген «Ы.Жахаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің» директоры Қ.Ыханова ізденіп жүргенін айта келе, жастарға насихаттап келе жатқанын баяндап берді.
«Рухани жаңғыру» мақаласы мемлекеттік барлық салаларының сапалық тұрғыдан жаңаруына негізгі іргетас болатын идеялық тұғырнама екендігіне бүгінгі конференцияда көз жеткіздік. Қазіргі күнде осы құндылықтардың барлығы қайта жаңғыртылып, сақталуда.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
16 наурыз 2019 ж. 1 090 0