Қосүйеңкі – лагерге лайықты орын
Соңғы уақытта ауданда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, көркейту-көгалдандыру бағытында көптеген күрмеулі мәселелер оң шешімін тауып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына куә болып келеміз. Дегенмен, бұл – Шиеліде шешілмеген мәселе жоқ деген сөз емес. Өңірде күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселелер жеткілікті. Соның бірі – балалардың жазғы тынығу лагері. Осыған дейін лагерді лайықты жерден салу жөнінде БАҚ беттері мен келелі кеңес, жиындарда қанша рет мәселе көтерілсе де, жауапты басшылық тарапынан ешқандай жауап болмады. Тіпті, «лагердің ірге тасы қаланғалы жатыр» деп, бірнеше жыл бұрын оқырманнан сүйінші сұрап таратқан хабарымыздың соңы күмән туғыза бастағандай. Бірақ, біз үмітімізді үзбейміз. Әлі де болса, балалардың қуанышты сәтін көреміз деген сенімдеміз.
Бұл тақырып өткен аптада аудан әкімдігінде қайта көтеріліп, аудан әкімі Н.Мақұлбеков аталған салаға жауапты бөлім басшылары мен маслихат депутаттарының басын қосып, балалардың жазғы тынығу лагеріне қай аймақ оңтайлы болатыны жөнінде сұрау салған болатын. «Құлдан да болса бір тілек» деген қазақтың баласы емеспіз бе, орайы келгенде аудан тұрғындарының ойын аудан әкімінің назарына ұсынуды жөн санадық.

Бізді жергілікті биліктің лагер құрылысына қайта көңіл бөліп жатқандығы қуантып отыр. Жалпы, жоспарланған жазғы демалыс орнында балалардың жатын бөлмесінен бөлек, медициналық қабылдау орны, асхана, ашық спорт алаңы, суға жүзу бассейні секілді дүниелер болуы керек. Сондай-ақ, қыс мезгілінде лагерді тиімді пайдаланып, ардагерлер демалатын орталыққа айналғаны жөн. Міне, осы мәселелер жобалық смета құжаттарын дайындау барысында басшылықтың назарынан тыс қалмаса дейміз.
Ал, ғимараттың қай аймақтан бой көтергені ыңғайлы деген сауалға келсек, 90 жылдық тарихы бар Шиелі жерінде балалар демалатын лагер болмады емес, болды. Иә, қарт Қаратаудың қойнауындағы «Ақбұлақ» лагерін аудан тұрғындары әлі күнге ұмыта қойған жоқ. 1987 жылы ең алғаш балаларды қабылдаған демалыс орны сол Кеңес үкіметі кезінде, Майшының табанында отырып-ақ, жарық, су, радио хабарламамен жабдықталып, оқушылардың жазғы демалысын жайлы өткізуге барлық жағдай жасаған болатын. Сол кездегі 13 ауылдық округ салған 13 үйден бөлек, лагердің асхана, монша, ойын алаңдары жыл сайын 1500-ге жуық баланың бақытты шақтарының куәсі болған еді. Бірақ, кешегі тоқсаныншы жылдары елімізде орын алған тоқырау «Ақбұлақты» айналып өтпеді. Ондағы қолданысқа жарамды талай дүние талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Жә-жарар, өткенге салауат дейік. Ендігі жерде жоғалтқанымызды жоқтап, кінәліні іздеп отырғанымыз жөн болмас.
Сол ескі лагердің шаңырағы құлағанымен жері, табиғаты, суы сол қалпында сақталып тұр. Оны көзімізбен көріп, малшылардың аузынан естіп те жүрміз. Тіпті, аудан халқы көктем айларындағы демалысын бұрынғыдай «Дарбазада» емес, осы Ақбұлақтың басына барып өткізуді әдетке айналдырған. Осы тұста айтпағымыз игі бастаманың іргетасы әуелгі өзінің орны Ақбұлақтан не болмаса аудан орталығына жақын инфрақұрылымы да шешілген Қосүйеңкі елді мекенінен қаланғаны дұрыс. Біз солай ету арқылы жоғалғанымызды қайта жаңғыртатын боламыз. Одан бөлек, смартфонды сипалап, асфальтте өсіп жатқан балаларымызды табиғатпен тереңірек таныстырып, таудың саф ауасын жұтқызып, таза бұлақтың суымен сусындатқан болар едік. Малшылармен арнайы келісімшартқа отырып, лагерді қымыз, қымыранмен қамтамасыз етіп, оқушыларға бірмезгіл аттың үстінде отыруды үйретсек, болашақ ұрпақтың бойында ұлттық сана қалыптасар еді.
Жамалхан Баетов, ардагер.
– Аудан әкімдігінің бұл бастамасы өте құптарлық дүние. Ал, оның іргетасы қай тұстан қалану керек деген сауалға келетін болсам, тынығуға ең тамаша жер менің ойымша Қаратаудың етегіндегі Қосүйеңкі ауылы. Сағасындағы бұлақтан арнайы тоған жасаса, ыстық күнде балалардың суға шомылуына да мүмкіндіктер бар. Онымен қоса, Қосүйеңкі жайлауға жақын орналасқандықтан оқушылардың Дарбаза мен Сауысқандық шатқалына, Майшы мен Ақсүмбедегі Ақбикеш кесенесіне саяхат жасауына да ыңғайлы. Солайша, жас жеткіншектеріміз сан ғасырлық тарихы бар жерлерді көздерімен көріп, қолдарымен ұстап, Ұлы бабалардың ұлағатын сезінуге себепші болары сөзсіз.

Қазір таудың жолы асфальтталып, кез келген жеңіл көлік еркін қатынай алады. Аудан орталығынан Қосүйеңкіге жету үшін ары кетсе бір сағат уақыт жетіп жатыр.
Тынығу лагерін қыс мезгілінде де тиімді пайдалануға болады. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы балалардың жазғы демалысын өткізуге арналған «Талдысу» лагері тек жаз айларында ғана емес, қақаған қаңтарда да өз жұмысын тоқтатпайды. Арнайы Алматы, Қызылорда қалаларынан ұстаздар мен ғалымдар келіп ұлттық біріңғай тесттілеуге дайындайтын бұл орталықтың соңғы кездегі көрсеткіші де жаман емес. Тура осы тәжірибені бізгеде енгізіп, ұлдарды бөлек, қыз балаларды бөлек осында білікті ұстаздардың алдына отырғызатын болсақ, алдағы уақытта аудан білімінің алдыңғы қатардан көрінуіне зор мүмкіндік болады. Ал, олардың тәрбиесі мен лагердегі түрлі келеңсіздіктің орын алмауына жауапты етіп, аудан ардагерлерінен бірнешеуін оқушылармен бірге жіберіп тұру қажет. Сонда біз жастарымыздың білімін жетілдіріп қана қоймай, үлкендердің өнегелік тәрбиесін алуға, ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың бір уақыт демалуына жағдай жасаған боламыз.
Елдос Жүсіп