Сырғаның сіз білмейтін сыры
Қыз баласы үшін сырғаның орны бөлек. Ол қыздың көркіне көрік қосып, ұяңдығы мен ұялшақтығын одан әрмен айшықтап тұрады. Сондай-ақ сырға таққан қыз баласы өзін нәзік әрі әдемі сезініп, ерекше күйге бөленеді. Дәстүрі мен діні біте қайнасқан қазақ халқы үшін сырға тағу да маңызды рөл ойнайды. Тіпті сол таққан сырғасына қарап әйелдің неше жаста екенін аңғаратындар да болған. Ал сырғасы жоқ әйелді көргенде көңіліміз алабұртып қалатыны бар. Өйткені сырға мен әйел егіз ұғым секілді. Екеуін бірін-бірінсіз елестету мүмкін емес.
«Сырғаңның сыңғыры, ұйқымнан оятты» деп әндеткен халқымызда сырғаның сан түрі болған. Ол жасалған материалына, пішіні мен көлеміне қарай бөлінген. Соның ішінде, көбіміз тек сырғаны алтын және күміс деп ажыратамыз. Ал оның басқа да түрі бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Мәселен, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, шілтерлі сырға деген түрін көпшілік бұрын-соңды естіп көрмеген. Сырғаның сіз білмейтін сыры тек бұл емес, ол тіпті тағылу әдісіне қарай да бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, орыс зерттеушісі И.Андреев «Қазақ әйелдері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді. Ол қыздың әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғартады. Саусақтарына жүзікті молынан салады, ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады» деп жазады. Осы зерттеуге қарап қазақ қыз-келіншектерінің мұрынға да сырға таққанын аңғара аламыз. Деректерге сүйенсек, ол – зере сырға деп аталады екен. Енді, осы орайда, әйгілі Құнанбай қажының анасы Зере әже еске оралады. Өйткені, ол кісінің есімі тікелей осы зере сырғамен байланысты екен. Негізі Құнанбай қажының анасының шын аты Тоқбала болған екен. Алайда, ол көз тимесін деп мұрнына зере тағып жүргендіктен, Зере атанып кеткен деген деректер бар. Сонымен қатар, бас киімге және самайға тағылатын да сырға бар. Ол «шекелік» деп аталады. Кей жерлерде оны «самайсырға» деп те атайды.

Ендеше, қыз баласы үшін үлкен рөл ойнайтын сырғаның сырлы тарихына да тоқтала кетейік. Сырға бертінде пайда болмаған. Егер мектеп кезіндегі тарих кітабын еске түсірсек, сол кездегі әйелдер де сырғаны құлағынан тастамайтын болған. Демек, сырғаның тарихы тереңде жатыр. Бұл әшекей шамамен 3000 жыл бұрын алғаш рет Шығыс Еуропада жасалған. Алғашында сырғаны әйелдер ғана емес, ер адамдар да таққан. Әсіресе, батырлар мен жауынгерлердің арасында бір сырға тағу сәнге айналған. Ал ең әдемі сырғаның отаны Орта Азия мен Күнгей Кавказ саналған. Ал уақыт өте келе ХҮІІ ғасырдың басында орыстарда сырғаның жаңа үлгісі пайда болған. Ол кезде әртүрлі ұзындықтағы сақиналы сырғалар сәнге айналған. Одан кейін құлақтағы әшекейді түрлі етіп бояп, оған бейнелі суреттер салып, қолөнердің бұл түрі бүгінгі уақытқа дейін үздіксіз дамып отырған.
Кезінде серілерді ұйқысынан селт еткізіп оятқан сырғаның өзіне тән ерекшелігі мен тарихы баршылық. Енді оны қай жастан бастап таққан дұрыс деген сауалға тоқталсақ. Себебі, қазір көптің арасында осы сұрақ жан-жақты талқыланып жатыр. Бірі сәби алты немесе жеті айлық болғанда десе, енді бірі 9 жас яғни балиғат жасқа жеткенде дейді. Қысқасын айтқанда, бұл тақырып төңірегінде де әртүрлі ой жетерлік. Осындай сан алуан пікірдің арасында сәби дүниеге келген сәттен бастап құлағын тесетіндердің қатары көп. Бірі мұны қызық көрсе, екінші бірі әдемілікке балайды. Ертеде сырғаны дүниеге кеше келген қыз баласының құлағына таға берген. Олар мұны бойтұмар деп санап, сәбиді әртүрлі жамандықтан қорғайды деп сенген. Ал қазір ше? Қазіргі ата-аналар да осындай ырымға сеніп, сәбидің құлағын ерте тесе ма екен? Олай болса неліктен Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қыздың құлағын ерте тескенге қарсы? Иә, қазақы дәстүрлерді дәріптеуші З.Ахметова сәбиге ерте жастан сырға таққанды дұрыс деп санамайды.
Бұл туралы жазушы «Құлаққа сырға салуды қазір сән деп қана түсінеді. Жиі көреміз, екі-үш жасар қыздар сырға тағып жүреді. Қалталы азаматтар кішкентай қыздарына тіпті гауһар тасты сырғалар салады. Бұрын қыздың құлағын тесу ер баланы сүндеттеумен бірдей болған. Ер баланы сүндеттер кезде «сен енді жігіт боласың, ашамайлы тайға мінесің» деп оны психологиялық жағынан дайындайды. Байқаған боларсыздар, баланы қалай сүндетке отырғызса, оның мінезі солай өзгереді. Өзін «мен енді жігітпін» деп сезінеді. Қыз баланың құлағын тесерде де осыны қаперге алу керек. Кеңес өкіметі келгеннен кейін сырғаға тыйым салынды. Оны «ескілік», «феодализм сарқыншағы» деді. «Комсомол мүшесіне сырға тағуға болмайды», «Пионерге өту үшін сырғалы болуға болмайды» деді. Осылайша, қазақ қыздарының бүкіл психологиясын өзгерте бастады. Қыздарды еркекшора етуге тырысты. Қарап тұрғанымыздай, бір ғана сырғаның өзінен қаншама әсер болады. Қазір кішкентай қыздар сырға таққанда ештеңе сезіп үлгермейді. Тек «сән» деп түсінік қалған. Жасы жетіге келгенше қыздар қуыршақ, үйшік-үйшік ойнап жүреді. Осы уақытта оған «сен енді сырғалы қыз боласың, қыз санатына қосыласың» деп құлағын тесуге алдын ала дайындау керек. Қыз ол күнді асыға күтеді. Уақыты келгенде қыздың әпкелері, тәтелері, апалары жиналып «сырға той» жасайды. Қыздың басына үкілі тақия кигізеді. Осыдан бастап қыздар өзін басқаша сезінген. «Қызға қырық үйден тыю» деген ұғым бар. Ол осы «сырға тағу» рәсімінен кейін басталады» деп ойын нақтылап айтады. Бірақ қазір бұл дәстүрге мән беріп, сырға той жасайтындар кемде-кем. Бір жағынан, қазір құлақты бұрынғыдай инемен теспейтін болғандықтан аналар сәбиіне ерте жастан сырға тағуға асығады. Себебі, арнайы «пистолетпен» құлақ тескенде ауырмайды деген түсінік қалыптасқан. Алайда, құлақтағы тесіктің қалыптасып, оның толық жазылуы үшін кемінде 6 апта қажет. Оның үстіне құлақ тесетін аппарат пен инесі, орны санитарлық талапқа сай болмаса өкінішті жағдайға ұшырауы әбден мүмкін. Сол себепті, сәби денсаулығы үшін асығыстық танытпай, жеті жасқа толып, есін жинаған уақытын күткен артық етпейді-ау.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА