Ардагерлер көңіл бөлді
Ардагерлер кеңесі. Осылай аталатын ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде, сан алуан сапада тірлік кешулі екені түсінікті. Шиелі аудандық ардагерлер кеңесіне жуырда ғана Өркен Исмаил жетекшілік жасауға кіріскен еді. Келелі мәселелерді көтеріп, аудандағы ахуалға алаң көңілін білдіріп отыратын ардагерлер дүйсенбі күні бас қосты. Онда кент ішін көркейту-көгалдандыру жолдары қарастырылды.
Аудан ішінде қайырымды іске атсалысып, түйіткілді мәселелерді шешуде өзіндік ой-пікірін білдіретін қариялар баршылық. Тіпті, ақ жаулығымен ақыл пайымын жеткізіп, бір ауылдың ұйытқы анасына айналып отырған ардагер аналарды көргенде көңіл жылиды. Солардың бірі де бірегейі, табанды, өжет, ұлтына адалы да Нәйла Палымбет екені анық. Оның еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолындағы еңбегі орасан. Ол «Ыбырай Алтынсарин» атындағы және «Шапағат», мемлекеттік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сондай-ақ, жерлесіміз жақында облыс басшысы Г.Әбдіқалықованың алғыс хатын иеленген болатын. Сол марапатты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил ардагерлер жиналған жиында салтанатты түрде табыс етті. Одан әрі Жуантөбе ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Айжамал Әбдіхамитқызын туған күнімен құттықтап, аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шәмшат Оразымбетова арнайы сый-сияпатын көрсетті.

Жиналыстың басын жағымды жаңалықпен ашқан ардагерлер одан соң күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде ой өрбітті. Яғни, кент ішін көркейту көгалдадыру жұмыстары жайында сөз қозғады.
Бұл жиынға тақырға бау, алмадан тау тұрғызған Әлияр Сейітов та қатысты. Жылдағы дәстүрінен жаңылмай оқушыларға гүл, келген қонақтарға шиелілік бренд алмасын ұсынатын Әлияр аға көгермейтін көшеттердің жайын айтты. Яғни, сырттан келетін шыршалардың да Шиеліге жерсінуі қиын. Ал, күз мезгілі көшет отырғызу үшін таптырмас уақыт екенін сөз етті.
– Біз әдетте жеміс ағаштарын көктемде отырғызып жатамыз. Бірақ, бұл мезгілде егілген көшет көп күтімді қажет етеді. Яғни, ағаштың тамыр жайып, жерсінуі үшін уақытылы суғару қажет. Әйтпесе, төккен тер еш кетеді. Ал, бізде қалай? Аптасына бір-ақ рет су құйылады. Бұл дұрыс емес. Әрине, бұл көктемде ағаш егуге болмайды деген сөз емес. Ең бастысы, күтім жасалса болғаны. Жеміс ағаштарын, жүзімді күзде отырғызса, көктемге дейін тамыр жайып, жерсінеді. Күтімді де қажет етпейді. Күзде егілген көшеттердің 99 проценті көгеріп, жеміс береді екен. Ағаш жерсіну үшін оны егуге алдын ала дайындап алу қажет. Биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас ағаштарды таңдаған жөн. Тағы бір айта кетерлігі көбіне көшетті отын сияқты машинаға артып алып бара жатқанын байқаймыз. Ондай көшеттердің тамыры өліп қалады. Тамыры өлген көшет өне ме?! Негізінен көшеттің тамыры қара немесе қоңыр болса алмау керек. Тамыры ақ көшетті алған дұрыс. Тамыры қарайған көшет өнбейді. Ал, біздің жерімізге ең қолайлы ағаштарға мен үйеңкі, ясень, көк терек ағаштарын жатқызар едім. Себебі, бұл ағаштардың көлеңкесі салқын, әрі су тапшылығына төзімді болып келеді, – дейді бұл істің маманы. Мәселенің мән-жайын тарқатып, күрмеуін шешу жолын қарастырған жиын соңында Әлияр Сейітов ардагерлерге бақшасындағы алмадан таратты.
Қоғамдық істерде әрдайым белсенділік танытатын Н.Палымбет жыл сайын балабақшаларға гүл ұрықтарын тегін тарқататынын айтты. Ал, ардагер эколог Ж.Баетов «Гежуба Шиелі» цемент зауытының айналасын көгалдандыру мәселесін көтерді.
– Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбет, біз, ардагерлер «Гежуба Шиелі» цемент зауытында бас қосып, өндіріс маңайына ағаш егуді ұсынған болатынбыз. Бұл мәселе қолдау тауып, зауыт басшысымен келісімге келген де болатынбыз. Алайда, айтылған сөз орындаусыз қалмауын қадағалауымыз керек. Яғни, жасыл желек табиғатты ластаудан қорғайды. Сондықтан, өндіріс орнымен бұл істі қайта пысықтап, іске кірісу қажет» – деген ойын жеткізді.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ