Ауданның абыройын асқақтатқан Нәйла
Еңбек жолын ұлағатты ұстаз болудан бастап, қайраткерлік деңгейге көтерілген тұлға жайлы айтар сөз көп-ақ. Қазақта намысын қолдан бермейтін қайсар мінезді, қайраткер, алғыр арулар жетерлік. Солардың ішіндегі бірегейі де, табанды, өжет, ұлтына адалы да Нәйла Палымбет екені анық. Оның еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолындағы еңбегі орасан. Ол «Ыбырай Алтынсарин» атындағы және «Шапағат», мемлекеттік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған жерлесіміз жақында облыс басшысы Г.Әбдіқалықованың алғыс хатымен марапатталды.
Оның атқарған барлық жұмыстары мен көтерген бастамасының бәрі, елі үшін жасаған нәтижелі еңбегі бүгінгі күні өзін биік белестерге көтеріп отыр. Жалпы замандастарын толғандыратын тақырыптарда мейлінше еркін сөз алатын Нәйла Әбілқасымқызының басқалардан бәсі жоғары екені рас. Зейнеткерлікке шықса да аудандық мәслихат депутаты атанып, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы болып қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ауданның келелі мәселелеріне белсене атсалысатын Нәйла апайдың әрбір ісіне сәттілік тілейміз. Толағай табыстар мен жемісті еңбектері ауданның абыройын одан әрі асқақтататынына сенеміз.
Ақбота Баянбай